Трамп Путиннің атысты тоқтатуға ықыласты емес екенін мәлімдеді

УАШИНГТОН. 4 маусым. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей диктаторы Владимир Путиннің бейбітшілікке дайын емес екенін атап өтті. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін, 4 маусымда АҚШ президенті мен Кремльдің қожайыны бір-бірімен бір сағаттан астам уақыт телефон арқылы сөйлесті. Ондағы негізгі тақырып Ресейдің стратегиялық авиациясының үштен бір бөлігін залалсыздандырған аңызға айналған Украина қауіпсіздік қызметінің «Веб» операциясы болды.
Трамп әңгіменің егжей-тегжейін Truth әлеуметтік желісіндегі өзінің ресми аккаунтында сипаттап жазды.
Ұшақтардың жойылғанына қатысты көпшілік алдында бір ауыз сөз айтпаған Путин Украинаға көрсеткен қоқан-лоққысын Трамп арқылы жеткізді. Ресей диктаторы Киевті жауап соққысын беретінімен қорқытып жатыр. «Путин мұны өте шешімді түрде айтты, енді оған жақында аэродромдарға жасалған шабуылға жауап қайтаруға тура келеді».,– деп майысты Трамп, кімді қолдап отырғаны белгісіз күйде.
Олардың сеністікті әңгімелері 75 минутқа созылды. АҚШ лидері оның «жақсы» өткенін атап өтті, бірақ «тез арада бейбітшілікке жеткізе қоятын» сырласу болмағанын да айта кетуді ұмытпады.
«Ешкі жетектеген екеу» Иран мәселесін белсенді түрде талқылап тастапты-мыс. Ақ үйдің ақиығы Теһранды ядро жөнінде келісім жасасудың қажеттілігіне Кремль көндіреді деп үміттенеді.
АҚШ-тың Киевтегі елшілігі осында жүрген америкалық азаматтарды аса сақ болуға шақырды.