Зеленський АҚШ-пен қазба байлық келісімінде өз көздегеніне жетті

УАШИНГТОН. 1 мамыр. Украина президенті Володимир Зеленський ақыры АҚШ-пен арадағы қазба байлық жөніндегі келісімнің өздеріне тиімді болуына қол жеткізді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Америка байтағында екі елдің делегациясы жүргізген келіссөзде осыған арналған қордың 50/50 пайыз қағидаты бойынша құрылу консенсусына қол жеткізілді.
«АҚШ пен Украина арасында жасалған пайдалы қазбалар жөніндегі бұл келісім Ресейге украин және американ халықтары арасында ешқандай келіспеушіліктің жоқ екенін көрсетті», – деді АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент.
Оның ойынша, АҚШ пен Украинаның пайдалы қазба байлықтар туралы келісімі екі елдің толыққанды экономикалық әріптес екендеріне көз жеткіздіріп, Дональд Трампты Ресеймен келіссөз жүргізуде мейлінше батыл болуға итермелейді.
АҚШ қаржы министрі аталмыш құжаттың «Ресей басшылығына украин және американ халықтары арасында және олардың мақсаттарында ешқандай «түсініспеушілік жоқ» екенін білдіретінін айтты.
«Егер украиндардың тіршілігі мықты болмаса, Америка халқы ақша таппайды. Олай болса, біз қазір экономикалық мәселеде толық үйлесеміз.
Тағы қайталап айтамын, бұл – Ресей басшылығына берілген күшті дабыл, осының өзі президент Трампқа Ресеймен келіссөзді мейлінше берік негізде батыл жүргізуге мүмкіндік береді», – деді америкалық министр.
Мамырдың 1-не қараған түрі АҚШ пен Украина ұзаққа созылған келіссөзден кейін Ресейдің үш жылдан астам уақыт бұрын жасаған шабуылы салдарынан қиындықты бастан кешіп жатқан Украинаны қалпына келтіру үшін инвестициялық қор құруды алға мақсат етіп тартатын экономикалық келісімге қол қойды. Құжатқа АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент пен Украина қаржы министрі Юлия Свириденко қол қойды.
Келісімнің мәтіні әлі жарияланған жоқ. Алайда, Украина экономика министрлігінің басшысы өзінің Facebook парақшасында оның негізгі шарттарын атап өтті, онда қордың «50/50» принципі бойынша құрылғаны, бұл Киев пен Уашингтонның оны бірлескен басқарудағы тең үлестерін білдіретіні айтылған. «Енде ешбір тараптың дауысы басым болмайды және бұл Украина мен АҚШ арасындағы тең құқылы серіктестікті көрсетеді», – деп жазды Юлия Свириденко.
Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп оның елі Украинамен келісімнен оның алдындағы Джо Байден «тапсырған» 350 миллиард доллардан «көп» алатынын айтты. Осының аясында АҚШ мемлекеттік департаменті Трамп Ақ үйге оралғаннан бері алғаш рет Киевке қару сатуды мақұлдады.