Қызылордада «Достық үйі» жаңа ғимаратының іргетасы қаланды

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 мамыр. Бүгін Қызылордада Қазақстан халқының бірлігі күні «Достық үйінің» іргетасын қалау рәсімі болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ғимарат құрылысының салынуына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы қаржылай қолдау көрсетеді.
Салтанатты шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, зиялы қауым өкілдері мен сала басшылары қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен, Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтап, өңірдегі жобалар мен жаңа орталықта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
«Береке-бірлігіміздің ұйытқысына айналып, еліміздегі этносаралық достық пен бірліктің үлгісін әлемге танытқан Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толды. Аталған құрылым бүгінде халқымызды бірлікке, достыққа үндейтін жалпыұлттық келісімнің негізіне айналды.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХIV сессиясында: «Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа «Достық үйі» ашылды. Мұндай үйлер енді тағы бірнеше қала мен аудан орталықтарында ашылады деп жоспарлануда. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек» деген болатын.
Жаңа «Достық үйі» аймағымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға атсалысқан этномәдени бірлестіктер мен ассамблея белсенділері үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген замануи ғимарат болады», – деді аймақ басшысы.
Жаңа нысанның іргетасын қалау рәсімінде Мейіржан Юсупов «Достық үйі» ел игілігіне, жақсылыққа қызмет етсін деген тілегін білдірді.
Жиында сондай-ақ Парламент депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз алып, рәсімге қатысушыларды мерекемен және қолға алынып жатқан игі іспен құттықтады.
«Достық үйінің» сметалық жоба құны 3 млрд 800 млн теңгеге бағаланып отырған жаңа ғимараты «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен салынады.