Орбан ЕО-ның Украинаға қатысты декларациясын бұғаттады

БРЮССЕЛЬ. 21 наурыз. Венгрия Еуропа одағының Украинаға қатысты бірлескен декларация қабылдауының жолын жапты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Еуроодақтың барлық 27 елінің мемлекет және үкімет басшыларының Украинаға қатысты бірлескен декларация қабылдауына тағы да тосқауыл қойды.
Осыған орай Орбанның өзі 20 наурыз, бейсенбіде Twitter-де тиісті жазба қалдырды. «Вето! Жетер! Біз венгр халқынан Украинаның ЕО-ға мүшелігі жайында сұраймыз. Оған дейін біз бұл мәселеге қатысты әлдеқандай бір ортақ ұстаным ұстай алмаймыз», – деген буырқаныс білдірді ол.
«Декларацияны Еуроодақ елдерінің 26 мемлекет және үкімет басшысы жариялады», деп хабарлады Франс Пресс. Құжатта Киевті қолдау айтылады. Декларацияға қол қойған елдер «Украинаның шұғыл әскери және қорғаныс қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін күш-жігерді тез арада жандандыруға» шақырды.
Биыл Украинаға артиллерия оқ-дәрілері үшін 5 миллиард еуро бөлуді көздеп отырған ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың бастамасы да еске алынды. Құжатта Еуропа одағы «Украинаның ЕО-ға мүше болу жолындағы реформаларды жүзеге асыруға бағытталған күш-жігерін жан-жақты қолдайтын болады» делінген.
Еске сала кетейік, Орбан бұған дейін де ЕО-ның Украинаға қатысты шешімдеріне тосқауыл қойған немесе кейінге қалдыртқан.
Politico 4 наурызда жазғандай, Венгрия билігі Еуроодақтың Украинаға 20 миллиард еуро көлеміндегі жаңа әскери көмек пакетін бекітуге де тап осылай тосқауыл қойған еді. Мұндай жағдай 28 ақпанда Ақ үйде Володимир Зеленський мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы даудың алдында да болған.
Politico 21 ақпанда Еуроодақ дипломаттарына сілтеме жасай отырып, Украинаға 20 миллиард еуро көлемінде әскери көмек пакетін әзірлеу туралы мәселе көтеріліп жатқанын алғаш рет жазған болатын. Сонда да олар Венгрияның қарсылығына байланысты бұл сома бүкіл қоғамдастықтан емес, ЕО-ның жекелеген елдерінен аударымдар түрінде берілуі мүмкін екенін айтты.