Әр-Риад Украинаны қалпына келтіруге инвестиция салады

ӘР-РИАД. 11 наурыз. Сауд Арабиясының соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіруге инвестиция салатындай мүмкіндігі бар. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұндай келісімге Украина президенті Володимир Зеленський мен Саудия тағының мұрагері ханзада Мухаммад бен Салманның Жиддада өткен кездесуінде қол жеткізілді.
«Украина президенті Володимир Зеленський мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мухаммад бен Салман Жиддада келіссөздер жүргізіп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға келісті», – делінген 11 наурыз, сейсенбі күні Украина президенті мен Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінің сайттарында жарияланған хабарламада.
«Украина сауда-экономикалық және энергетикалық салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ Сауд Арабиясының инвестициясына және оның елімізді қалпына келтіруге қатысуына мүдделі. Мұрагер ханзада Украинаға және оның болашағына инвестиция салу ниетін растады», – деп жазады Украина тарапы.
Сауд Арабиясы тарапы лидерлердің энергетика, азық-түлік өңдеу және инфрақұрылым сияқты салаларда «перспективалы инвестициялық және экономикалық серіктестіктер орнату арқылы инвестициялық қарым-қатынастарды нығайтуға бел байлағандарын» растады. Зеленський мен бен Салман сондай-ақ «мұнай, газ, олардың туындылары және мұнай-химия салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға ниеттерін білдірді», – деп қосты Әр-Риад.
Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлігі тараптар «Украинада жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге күш салуды қарастырды» дегенді қосты. «Сауд тарапы бұл күш-жігердің халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына, оның ішінде егемендік қағидаттары мен халықаралық мойындалған шекараларды құрметтеуге сәйкес соғысты тоқтатудың сәтті болатынына үміт білдірді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Украина президентінің веб-сайтында лидерлер Сауд Арабиясының тұтқындарды босату және депортацияланған украиндарды қайтару ісіндегі арағайындығын талқылағаны айтылған. Зеленсикий сондай-ақ Әр-Риадқа Украинаның қорғаныс өнеркәсібін дамытуда да ынтымақтасуды ұсынды.
11 наурызда Жиддада Мәскеу мен Киев арасындағы ішінара атысты тоқтатуға арналған Украина мен АҚШ делегациялары арасындағы келіссөздер басталды. Америка делегациясыг мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц бастап келді. Киев тарапынан кездесуге Украина президенті кеңсесінің басшысы Ондрий Ермак, сыртқы істер министрі Ондрий Сыбиха және қорғаныс министрі Рүстем Умеров қатысуда.