Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Трюдо: Канада қашанда Украинаны қорғау жағында жүреді

ОТТАВА. 20 ақпан. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо Украинаның әрқашан өздерінің қамқорлығында болатынын мәлімдеді. Бұл туралы The Hill ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Канада үкіметінің басшысы бұл мәлімдемені АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы күндері шығарып жүрген түрлі шамшыл шатпақтарынан кейін соған кезекті жауап ретінде жасады.

«Канада және біздің одақтастарымыз Владимир Путиннің халықаралық тәртіпті заңсыз, әдепсіз және әділетсіз бұзуына біржақты қарсы болып тұрмыз. Мен бірнеше сағаттан кейін еуропалық әріптестеріммен бірге Украинаны қалайда қорғап қалу және бәріміздің қауіпсіздігімізді сақтайтын ережелерді талқылайтын боламыз, мен сол кездесуді асыға күтіп отырмын», – деді ол.

Ол ғасырға жуық уақыт бойы әлемді қауіпсіз ұстап тұрған «ережелерге негізделген тәртіпті» қорғайтынын айтты.

«Украиналықтар өздерінің егемендігін, аумақтық тұтастығын қорғау үшін ғана соғысып, қаза тауып жатқан жоқ. Олар сондай-ақ бүкіл әлемде бәрімізді қауіпсіз ұстаған және 80 жылға жуық уақыт бойы сақталып келе жатқан ережелерге негізделген тәртіпті қорғау жолында күресуде», – деді Канада премьер-министрі.

Оның айтуынша, «әлем үшін бейбітшілік, тұрақтылық, гүлдену кезеңі» тек «бізде шекараға қатысты, көршілеріңе басып кірмеу туралы ережелер қолданылып келгендіктен» ғана мүмкін болды, бірақ сол ережені Ресей үш жылдан бері саналы түрде бұзып, тағы бірнеше жылға кейін шегеріп тастауға әрекет етіп жатыр.

Трюдо сөзінің сыңайында «Канада әрқашан Украинаның қорғау жағында болады» дегенді жеткізді.

Трамптың Украинаға қатысты мекер мәлімдемелеріне басқа көшбасшылар қалай қарады, енді соған келейік.

Германия канцлері Олаф Шольц Украина президенті Володимир Зеленьскийдің демократиялық заңды жолмен президент болып отырғанын жоққа шығару «өте қате және қауіпті нәрсе» деп атап өтті. Соғыс кезінде кезекті сайлау өткізудің мүмкін еместігін айта келе, Шольц мұның Украина Конституциясының талаптарына сәйкес келетінін баса айтты.

Чехия басшысы Петр Павел Трампты Украинаға қатысты мысқыл сөздері үшін сынға алды. Ол Украина үш жылдан бері ядролық держава болып табылатын Ресейдің агрессиясына қарсы тұрғанын атап өтіп, территориясының бестен бір бөлігі басып алынған кезде сайлау өткізу мүмкіндігіне күмән келтірді.

Франция президенті Эммануэль Макрон Украина мен Еуропадағы қауіпсіздікті қолдау туралы мәлімдеме жасады. Ол Франция мен оның серіктестері Украинаны қолдайтынын және Еуропадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін толық жауапкершілік алатынын мәлімдеді.

Швецияның сыртқы істер министрі Мария Мальмер Стенергард АҚШ лидерінің мәлімдемелерін қатаң сынға алып, оның сайлауға қатысты «мұндай бопса тұзағына түсіп қалмау» керектігіне назар аударды. Ол: «Украинаға қазір бюллетень қағаздары емес, қару-жарақ керек» деді.

Ақыр соңында БҰҰ Украина президенті Володимир Зеленьскийдің әлем мойындаған мемлекет басшысы екенін, оның өз орнында заңды отырғанын және қазіргі соғыс жағдайында сайлау өткіудің мүмкін емес екенін баяндады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button