Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқу корпустары мен стадионы қайтарылды

АЛМАТЫ. 20 ақпан. Алматы прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу корпустары мен стадионын өзіне қайтарды. Бұл туралы Zakon.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, Медеу ауданының прокуратурасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтаған.

«Оқу және тұрғын үй алаңының жетіспеушілігіне қарамастан, университеттің бұрынғы басшылығы сауда-саттық өткізбей және ешбір бағалаусыз жалпы ауданы 1500 шаршы метрден асатын екі оқу корпусын жеке тұлғаларға заңсыз сатып жіберген», – делінген хабарламада.

Алайда, ғимараттардың бірі кейіннен бірнеше жыл бойы университеттің өзіне жалға беріліп келген, ал екіншісі ойын-сауық мекемесіне айналдырылған. Сол сияқты «спортты бірлесіп дамытамыз» деген қитұрқы желеумен Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан, ауданы 5 гектардан асатын стадион 10 жылға үшінші тұлғаларға берілген.

Прокуратура өкілдерінің хабарлауынша, 5 жыл бойы футбол алаңы коммерциялық мақсатта пайдаланылып келген, ал университетті оқитын 16 мың студенттің дене шынықтырумен түбегейлі айналысуға және спорт іс-шараларын өткізуге мүмкіндіктері болмаған.

«Медеу ауданы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша заңды күшіне енген сот шешімдерімен, мүлік нысандары ұлттық университетке қайтарылды», – делінген Алматы қалалық прокуратурасының хабарламасында.

Абай атындағы ҚазҰПУ – Қазақстандағы іргесі 1928 жылы қаланған ең алғашқы жоғары оқу орны.

Бұған дейін Ақтөбе облысының прокуратурасы миллиондаған бюджет қаржысын жымқырған спорт мектебінің екі директорына қатысты қылмыстық істі сотқа жібергендігі хабарланған болатын.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button