Шольц: Трамптың Зеленьский жөніндегі пікірлері «қате және қауіпті»

БЕРЛИН. 20 ақпан. Германия канцлері Олаф Шольц АҚШ президентінің Украина лидеріне қатысты мәлімдемелері өте қате және қауіпті тенденция екенін айтты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Германия канцлері АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина президенті Володимир Зеленьскийді «диктатор» деген анықтамасын үзілді-кесілді жоққа шығарды.
«Президент Зеленьскийдің демократиялық заңдылығы жоқ деп айтудың өзі дұрыс емес және бұл өте қауіпті нәрсе», – деді Шольц сәрсенбі, 19 ақпанда апталық Der Spiegel журналына берген сұхбатында.
«Шындық мынада: Володимир Зеленьский Украина мемлекетінің заңды түрде сайланған басшысы болып саналады. Соғыс жағдайында қалыпты сайлау өткізудің мүмкін еместігі Украина конституциясы мен сайлау заңдарының ережелеріне сәйкес келеді. Және мұны керісінше талап етуге ешкімнің құқығы жоқ. Бұл – сол мемлекеттің ішкі тәртібі», – деді Германия үкіметінің басшысы.
Ол Украинадағы соғысты Владимир Путиннің басшылығындағы Ресейдің бастағанын еске салды. «Украина Ресейдің айуандық агрессиясына қарсы үш жылға жуық уақыт бойы соғысып, өзін қорғап келеді. Күн сайын», – деді Шольц.
Трамптың Зеленьский туралы мәлімдемесін Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок пен Федералдық экономика министрлігінің басшысы, вице-канцлер Роберт Хабек те өткір сынға алды. «Әлеуметтік желілерде асығыс жазбалар жаза бермей, шынайы өмірге мұқият қарасаңыз, Еуропада кімнің, өкінішке қарай, диктатурада өмір сүруге мәжбүр болып отырғаны анық байқауыңызға болады: олар – тек Ресейдегі адамдар, Беларусьтегі адамдар», – деді Бербок өзінің ZDF қоғамдық-құқықтық телеарнасына берген сұхбатында. «Украиндар өздерінің еркін демократиясы үшін күн сайын күресіп келеді және біз еуропалықтар ретінде демократиялық мемлекеттерімізді бірге нығайту үшін олардың Еуропалық одаққа жетулеріне қолдау көрсетеміз», – дегенді қосты бұған Германия Сыртқы істер министрлігінің басшысы.
«Мені АҚШ президентінің мәлімдемесі қатты қайран қалдырады. Бұл – шындықты бұрын-соңды болмаған дәрежеде қасақана бұрмалау және өте-мөте қауіпті риторика. Шындықтың көкесі мынау: қандықол диктатор Владимир Путин демократиялық Украинаға қараптан-қарап, еш себепсіз, айды-күннің аманында тұтқиылдан шабуыл жасады», – деп жазды Роберт Хабек X әлеуметтік желісінде.
Әлбетте, әлем саясатшылары Кремль көсемінің 2022 жылғы агрессиясының Дойчланд фюрерінің 1941 жылы Кеңес Одағына тұтқиылдан басып кіргенінен еш айырмасы жоқ екенін айтып отыр.