Макрон Украина жөнінде екінші шұғыл саммит шақырып отыр

ПАРИЖ. 18 ақпан. Франция президенті Эммануэль Макрон Украина мен Еуропа қауіпсіздігін талқылау үшін екінші жедел саммит өткізбекші. Бұл туралы Reuters ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
АҚШ-та билік басына Дональд Трамп келгеннен бері аймақ алдында пайда бола кеткен жаңа шақыруларды шешу үшін ЕО мен НАТО-ның кезекті төтенше саммиті дайындалып жатыр. Бұған тағы да Францияның лидері Эммануэль Макрон бастамашы болды.
Кездесу ертең, 19 ақпанда өтеді деп күтілуде. Оған 17 ақпанда болып өткен бірінші төтенше саммитте болмаған елдер қатысады. Бұл жолы жиын сапынан Канада, Литва, Латвия, Эстония, Грекия, Чехия, Румыния, Финляндия, Бельгия және Швеция елдерінің өкілдерін көреміз.
Кейбір делегациялар іс-шараға онлайн түрінде қатыспақшы.
Еуропалықтардың бұлайша белсенділік танытуларына Дональд Трамп билікке келгеннен кейін АҚШ-тың сыртқы саясатында күтпеген жерден орын алып жатқан елеулі өзгерістер себеп болып отыр. Американың жаңа көшбасшысы Батыстың бірлігіне сына қағып, Еуропа одағы елдерімен қарым-қатынасын күрт нашарлатып жіберді. Еуропаны АҚШ-тың үш жылдан бері Ресейдің басқыншылығына қарсы күресіп келе жатқан Украинаға қатысты қазіргі саясаты қатты алаңдатады. Ауыздығымен алысып қалған Трамп енді елге көмектесуге немесе аймақты қорғауға мүдделі емес екенін жасырып отырған жоқ. Тәуекелшілдік ахуалы күрт өсіп кетіп отыр.