Зеленьский Путиннің жаңа ультиматумдарына қарсы жауап берді

КИЕВ. 18 ақпан. Украина президенті Володимир Зеленьский Ресей диктаторы Владимир Путиннің соңғы ультиматумдарын орындаудан бас тартты. Бұл туралы Dialog.UA ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина лидері Володимир Зеленьский Анкараға сапары барысында Сауд Арабиясындағы АҚШ пен Ресей арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер жөнінде өз пікірін білдірді. Ол Украинаның тағдырына қатысты келіссөздер жүргізудің қазіргі формасын батыл айыптап, агрессор тарапынан берілетін ультиматумдардың ешбірін қабылдамайтынын айтты.
Зеленьский 2022 жылы Украинаның Ресей басқыншылығына серіктестері мен одақтастарының көмегіне жүгінбей-ақ бір өзі қарсы тұрғанын еске салды. Украиналықтар қолдарына қару алып, бірден өз елін қорғауға шықты. Сол кезде Мәскеу әуелі Беларусьте, кейін Анкарала Киевке өз ультиматумдарын таңуға тырысып бақты. Онда Путин Украинадан армия санын қысқартуды, өзі басып алған аумақтарды Ресейдікі деп тануды және елдегі билікті Кремльдің бақылауында жүретін ресейшіл күштерге беруді талап етті.
Бірақ Украина басқыншы елдің алдында тізе бүгіп, капитуляцияға қол қоюдан бірден бас тартқан болатын.
«Менде қазір біздің сыртымыздан, бізді өз айтқандарына мәжбүр етуге құрылған тап сондағыдай көңіл күймен әлдеқандай бір келіссөздер жүріп жатқандай әсер бар. Бірақ ол әзірге РФ мен АҚШ арасында өтіп жатыр. Украина жайында Украинаның қатысуынсыз. Қызық, егер біз өзіміз үшін ең күрделі деген сол уақытта да ешқандай ультиматумның шылауында кетіп қалмаған болсақ, қазіргі Украина соған бара қояр ма еді?», – деді Зеленьский.
Украин лидері бұған сосын агрессор елдің ешқандай ультиматумын орындай қояйын деп отырмағандарын қосты.
Dialog.UA мұның алдында бүгін Әр-Риадта өткен АҚШ пен РФ арасындағы келіссөзде Украинадағы соғысқа қатысты мәселе талқыланғанын жазған болатын. Кездесу 4 сағаттан артық уақытқа дейін созылды. Онда соғысты тоқтатудың үш сатыдан тұратын бейбіт жоспары талқыланыпты. Жоспар атысты тоқтату, Украинада президент сайлауын өткізу және ақтық бейбіт келісімге қол қою деген кезеңдерден тұрады.






