Қызылордада бірінші вице-премьерге жаңа әуежай таныстырылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 14 ақпан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға Қызылордада әуежайдың жаңа терминалы таныстырылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәртебелі мейманды Қорқыт Ата әуежайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күтіп алды.
Үкімет басшысы бірінші орынбасарының Сыр бойындағы сапары «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалының жұмысымен танысудан басталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Абайұлының қатысуымен 2024 жылы 12 қарашада «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы ашылды. Жобаныжүзеге асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16,6 млрд теңге инвестиция салды, жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді»,– деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Әуе айлағының өткізу мүмкіндігі 7 есе, яғни жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін артты. Жаңа терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
Бүгінде «Қорқыт Ата әуежайы» арқылы «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компаниялары аптасына 26, атап айтқанда, Астана қаласына 16, Алматыға 10 рейс орындап келеді.
Роман Скляр жаңа терминал аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сауда-саттық көлемінің өсуіне оң септігін тигізетінін айтты.