Каллас: Украинаға қатысты келіссөз Еуроодақсыз оңды шешілмейді

БРЮССЕЛЬ. 14 ақпан. Украина жөнінде Еуроодақтың қатысуынсыз қабылданған кез келген шешім түкке аспай құлдырап қалады. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Эстонияның бұрынғы президенті, қазіргі таңда ЕО-ның шетелдер істері мен қауіпсіздік саясатының жоғарғы өкілі Кая Каллас «Неміс толқыны» радиосына берген сұхбатында осылай деді.
«Еуропаның қатысуынсыз Украина жөнінде жасалған кез келген келісім сәтсіздікке ұшырайды», – деп мәлімдеді ол АҚШ президентінің Украинадағы соғысты тоқтатуға байланысты соңғы күндердегі мәлімдемелері мен жасап жатқан тірліктеріне орай.
Жоғарғы өкіл 13 ақпан күні НАТО-ның Брюссельде қорғаныс министрлерімен өткен кездесуіне қатысты.
«Біздің қатысуымызсыз жасалған кез келген келісімнің түбі құрдымға құлайды, өйткені, оларды ақырында жүзеге асыратындар – Еуропа мен Украина, – дегенді қосты ол бұған. – Тез қабылданған кез келген шешім – лас тірліктің нышаны… Оның түбінде ақиқат емес, алаяқтық жатады… Мұндай тірлік кісі өлімі жалғасуын тоқтатпайды, соғысты тоқтата алмайды, ол жалғаса береді».
Саясаткер сондай-ақ Украина төңірегіндегі қазіргі жағдай мен Чехословакияға қатысты 1938 жылғы Мюнхен келісімі арасына салыстыру жасап көрді. Онда да бұлардың соңғысына қару-жарақ берілуі керек еді. «Қазір жанжал бұдан да ұлғайып кетпеуі үшін біздің де Украинаны агрессиядан қорғауымыз қажет», – деді ЕО жоғарғы өкілі.
Брюссельдегі келіссөзге Украина Қорғаныс министрі Рүстем Умеров, сАҚШ және Германия қорғаныс ведомстволарының басшылары Пит Хегсет және Борис Писториус қатысты.
Каллас өзінің осы жолы Умеровпен кездескенін еске түсіріп өтті. «Егер Украина мына келісім тармақтарына қарсылық көрсетуді жөн деген шешім қабылдаса, Еуропа Украинаны қолдайды…» деген ол, мұның Еуроодақтың да ұстанатын егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттары екенін атап өтті.
Батыс тарихшыларының көпшілігі 1938 жылы британдық және француздық саясаткерлердің бүкіл Еуропаны шарпуы мүмкін соғыстан қорқып, Гитлер тынышталуы үшін Чехословакияның бір бөлігін Германияға бере салғанын, ал мұның үлкен қателіп болғанын айтып жатыр. Олар қазір сол саясаттың тағы қайтып оралғалы отырғанын атап өтті.