Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Украина АҚШ-пен 2025 жылғы сайлау мәселесін талқылауға дайын

КИЕВ. 4 ақпан. Украина АҚШ-пен бірге 2025 жылы елде президент сайлауын өткізу мәселесін талқылауға дайын отыр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Суспільне» Украинаның АҚШ-тағы елшісі Оксана Маркарованың осылай дегенін жариялады. «Киев пен Уашингтон Украинада сайлауды 2025 жылдың соңына дейін өткізу мүмкіндігін талқылаған жоқ», – деді ол. «Алайда, егер Ақ үйдің әкімшілігі аталмыш тақырыпты көтерер болса, украин тарапы оны қарастыруға дайын», – деп атап өтті сосын елші.

«Бұл мәселе 2023-2024 жылдары теориялық тұрғыда талқыланған кезде біздің ұстанымымыз анық болды, ол сайлау өткізу үшін соғыс қимылдарын тоқтату қажет дегенге сайды, – деп еске алды Маркарова. – Соғыс жағдайында Украина билігі азаматтардың дауыс беруге толық қол жеткізуіне кепілдік бере алмайды, сондай-ақ барлық кандидаттар үшін тең шарттар болмайды».

Бұған дейін АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлогг Уашингтонның биылғы жылдың соңына дейін Украинада президенттік және парламенттік сайлау өткізуге мүдделі екенін мәлімдеген. «Демократиялық елдердің көпшілігінде сайлау тіпті соғыс кезінде де өткізіледі. Менің ойымша, бұл демократия үшін маңызды. «Тұрақты демократияның мәні – азаматтардың таңдауы және саяси процеске қатысу мүмкіндігі», – деді Келлогг.

Reuters ақпарат мәнбесінің хабарлауынша, Дональд Трамптың командасы Украинада президент сайлауын өткізу керек деген пікірде, оның жеңімпазы Ресеймен ықтимал ұзақ мерзімді бейбіт келісім бойынша келіссөздер жүргізуге мандат алады.

Өз кезегінде Украина президентінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитро Литвин егер Уашингтон тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар ұсына алмаса, АҚШ-тың Украинада сайлау өткізу туралы ұсынысын «сәтсіз сценарий» деп атады. «Мәскеу қару-жарақ өндірісін ұлғайту, санкцияларды айналып өту және мұнай экспортынан ақша табу жолдарын табуды жалғастыруда. Бұл қарулардың барлығы демократиялық көршілерге деген құрметтен жасалмағаны анық», – деді Литвин. Ол сондай-ақ Дональд Трамптың Владимир Путинге ықтимал қысым жасау жайындағы мәлімдемесін еске салып, АҚШ-ты соғысты тоқтату және тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін нақты жоспар әзірлеуге шақырды.

Украинадағы келесі президенттік және парламенттік сайлау 2024 жылы өтуі тиіс еді. Ал Володимир Зеленьскийдің ресми өкілеттілігі өткен жылдың 20 мамырында аяқталды. Алайда, Украина Конституциясы бойынша, соғыс жағдайы кезінде елде сайлау өткізуге тыйым салынады. Бұл режимді Зеленьскийдің ұсынысы бойынша Жоғарғы Рада әр алты ай сайын ұзартып тұрады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button