Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Гарвард, Оксфорд, Кембриджд университеттерін бітірген тұңғыш қазақ

АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қызы Гарвард, Оксфорд және Кембридж университеттерінде  білім алған тұңғыш қазақ атанды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазақстандық портал Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қызы Дидар Құл-Мұхаммед Гарвард, Оксфорд және Кембридж секілді әлемге әйгілі үш ТОП-университеттен білім алып шыққан тұңғыш қазақ болып отырғанын баяндайды. Жаңалықты жалпақ жұртқа Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмас Шарман жеткізді.

Көптен бері Мұхтар Абрарұлымен үлкен достық қарым-қатынаста келе жатқан Алмас Төрегелдіұлы осы қуанышқа арнайы барып ортақтасқан.

Дидар Мұхтарқызы Құл-Мұхамед жуырда Кембридж университетінің философия магистрі дәрежесін алған.

«Дидок (ред. – Дидар) 12 жыл бұрын Джорджтаун, Гарвард, Колумбия сияқты АҚШ-тың бірнеше университетіне өзінің тамаша эссесін жазып, оқуға тапсырған. Жоғары оқу орындары оның талантына тәнті болып, бәрі өзіне шақырды», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасына.

Оның айтуынша, Мұхтар Құл-Мұхамед содан соң өзіне телефон соғып, қызын қай университетке түсіргені дұрыс боларын сұраған.

«Мен ойланбастан Гарвардты ұсындым. Одан кейін Дидар Окфордта оқыды, енді 125 Нобель сыйлығының лауреатын шығарған Кембриджді бітіріп отыр», – деді ол.

Дидардың Кембридж университетін бітірген қуанышын Алмас Шарман мен Мұхтар Құл-Мұхамедтің отбасы Лондондағы Raffles мейманханасына орналасқан Kioku by Endo атты жапон ресторанында атап өтіпті.

«Дидардың жарқын болашағын ойлай келіп, біз Мұхтар екеуміз оның Қазақстанның болашақтағы мәдени дамуына және өркендеуіне үлес қосуын тіледік», – дейді Алмас Шарман.

Айта кетейік, Гарвард университеті АҚШ-тың атақты оқу орны болса, Оксфорд және Кембридж университеттері – Англия жеріндегі ең байырғы білім ордалары.

Айта кетейік, ҚазМУ-дің журналистика факультетінің 1982 жылғы түлегі Мұхтар Құл-Мұхамед еңбек жолын журналистикадан бастап, көптеген лауазымды қызметтерді атқарды. Алдымен «Атамұра» корпорациясының негізін қалады. Содан кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, Мәдениет және ақпарат министрі, Мәдениет министрі болып қызмет атқарды, Мемлекеттік хатшы, Президенттің кеңесшісі, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Қызылорда облысының әкімі болды. Ал 1999-2001, 2019-2023 жылдары Сенат депутаты болып тағайындалып, бірнеше комитетті басқарды. Дидардың анасы – Айгүл Жәкенқызы Хасенова да ҚазМУ-дің түлегі, журналистика факультетін бітірген.

Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед – публицист, жазушы, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты (1995), заң ғылымдарының докторы (1999), профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Фото Almaz Sharman-ның Facebook-тегі парақшасынан алынды

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button