Әскери тілші-насихатшы Поддубныйға Ресей Батыры атағы берілді
МӘСКЕУ. 30 қыркүйек. РФ президенті Владимир Путин Кремль пропагандисі – «әскери тілші» Евгений Поддубныйға Ресей Батыры атағын берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, Поддубныйға осындай жоғары атақ «қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін» тиесілі болыпты.
7 тамызда Украина Қарулы күштерінің Курск облысындағы шабуылы туралы сюжет түсіріп жатқан Поддубный украиналық ұшқышсыз ұшақтың көлігін соғуы салдарынан көптеген жарақат алады. Бастапқыда насихатшының қайтыс болғаны жайлы ақпарат тарады. Алайда көп ұзамай оның аман қалғаны және ауыр халде жергілікті ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. 8 тамызда «әскери тілші» Мәскеудегі Склифосовский атындағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институтына емделуге жеткізілді. 11 тамызда оның күйіктен бөлек, миы шайқалғаны белгілі болды. 13 қыркүйекте Поддубный ауруханадан шығарылды.
Евгений Поддубный 2011 жылдан бері «Россия-24» (ВГТРК құрамында) үгіт-насихат телеарнасының арнайы тілшісі болып жұмыс істейді, сонымен қатар Telegram-да жеке арнасын басқарады. Өзінің қызметі үшін «военкор» АҚШ, Еуропа Одағы, Австралия және Украинаның санкцияларына ұшырады.