Руханият

ҚОЖА ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАУЫМЫ

I

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында Мәскеуде белгілі әдебиетші И.В. Стеблеваның XI ғасырдағы түркілердің поэтикалық формаларына талдау жасауға арналған зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл жұмыстың ұтымды бір жері, ол Махмуд әл-Қашғаридің «Диуан лұғат ат-түрк» атты кітабындағы поэтикалық материалдарды орыс тіліне тәржімалап, түрік тіліндегі жырларға алуан қырынан баға бергені болды. Ғалым онда бір сөздің әр мәтінде әртүрлі болып жазылып, көптеген инверсия жағдайына түсіп кететінін атап өтті. Бұдан әрі тереңдетіп зерттеудің қорытындысында өлеңдер силлабикалық өлшем негізінде емес, араб поэзиясы үлгісіндегі аруздың ұзын және қысқа буын-бунақтарының ықпалы арқылы жазылған деген тоқтамға келді. Мұндай үзілді-кесілді тұжырым «Диуан» беттеріндегі және Жүсіп Баласағұнның «Қутадгу билик» («Құтты білік») кітабындағы жыр жиһаздарының ұйқастарын мұқият салыстырып көрудің негізінде жасады. Сөйтіп, ежелден аллитерациялы, дыбыстар үндестігіне үлкен мән беретін көне түркі өлеңдеріне XI ғасырда араб-парсы поэзиясы ұйқастары едәуір мөлшерде әсер етті, осымен бірге бірнеше ғасырдан кейін өзінің гүлдену дәуіріне жететін жаңа түркі поэзиясы бастау алды деген түйін түйді.

Жалпы, түркі халықтары әдебиетінің тарихында ислам дәуірінің (Х-ХІІ ғасырлар) алатын орны ерекше. «Ислам дәуірі әдебиеті» деген ұғымды алғаш рет қолданған ғалымдар Ф.Копрулузаде, Н.Банарлы және Г.Грюнебаум бұл туралы өз еңбектерінде атап өтті. Біздің А.Байтұрсынов та Х-ХІІ ғасырлардың әдебиетімізге тигізген әсері жөнінде ой толғады. Ол мұны бірнеше оралымға бөліп қарастырды. Шындығында Орта Азия мен Қазақстан жерін мекен еткен түркі жұрты үшін Х-ХІІ ғасырлар қоғамдық дамудың жаңа басқышы болды. Осы кезеңде түркі қауымын айдай әлемге танытқан Әбу Насыр әл-Фараби, Әба Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмұт Қашқари, Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн, Ахмет Йүгінеки, Қожа Ахмет Йасауи тарих сахнасына шықты. Былайша айтқанда, Х-ХІІ ғасырлар «түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихында Қайта өрлеу – Ренессанс дәуірінің міндетін атқарды. .

Біз бұл тарауда Орта ғасырларда Орталық Азия аумағына, дәлірегі Мәуреннахр мен Түркістан аймағына, қазіргі Өзбекстан мен Қазақстан жерлеріне келген араб миссионерлер қауымының, олармен бірге жеткен араб мәдениеті мен әдебиетінің мұндағы жергілікті жұрттың рухани өмірлеріне қаншалықты әсер еткені, XV-XVI ғасырларда сол ортада ширап өскен сейіттер мен қожалар арасынан шыққан ақындар жөнінде сөз қозғамақпыз. Бұл үшін алдымен сол дәуір қарсаңындағы араб мәдениеті мен әдебиетінің ерекшеліктеріне қысқаша ғана шолу жасап өтейік.

Араб әдебиеті – араб-мұсылман мәдениетінің VII-IX ғасырларда халифат ахуалында қалыптасқан аса маңызды құрамдас бір бөлігі. Ол – қазіргі таңда араб әдеби тілінің бірлігі мен мәдени және тарихи дәстүрлерінің ортақтығына негізделген араб елдері әдебиетінің жиынтығы. Араб әдебиетінің тарихы осы кезге дейін төрт түрлі кезеңді бастан кешіп келді. Бізге керегі – бұлардың VI–XIV ғасырлар арасын қамтитын бірінші кезеңі, классикалық араб әдебиетінің қалыптасқан дәуірі. Ол VIII ғасырдан бастап ислам туын желбіреткен араб жауынгерлерінің жаулаушылық кезінде грек әлемінің шет жақтарында негізін қалаған жаңа орталықтарда дәнегі себілген бірөңкей қала әдебиеті ретінде дами бастады. VIII ғасырда оның дүмі Ирак жеріндегі Басра мен Куфа болса, IX ғасырда Бағдадтың даңқы дүркіреді. Араб тілі арабтар жаулап алған аумақтардағы жаңа әдебиет пен мұсылман мәдениетінің ортақ тіліне айналды, оны жасаушылар қатарынан осы бағыныштылықтағы халықтардың өкілдері де табылды. Аймақта аудармашылық іс белгілі бір белес биігіне қойылды. Бұл аса қуатты қозғалыс VIII ғасырда керуен түзіп, X ғасырдың соңына дейін барынша кең қарқын алып тұрды. Мұның өзі жергілікті тілдерде жазылған кейбір туындылардың араб тіліне де аударылуына мүмкіндік жасады. Соның нәтижесінде осы аралықта әлем әдебиетінің асыл жауһарлары саналатын көптеген озық туындылар өмірге келді. Мысалы, парсы әдебиетінің «Қалила мен Димна» деген көркем прозасы араб әдебиетіне осылай қосылды.

Сөздің орайы келіп тұрғанда еске түсіре кетейік, «Қалила мен Димна» үнді жерінде, хинди тілінде III-IV ғасырларда «Панчатантра» деген атпен құрастырылған мысалдар мен ертегілердің дидақтикалық туындысы еді. Ол алғаш рет VI ғасырда парсы тілінде сөйлесе, бұдан кейін араб, грек, көне славян, испан, көне еврей, латын, неміс, ағылшын, француз және орыс тілдеріне аударылды. Қазақ арасына арабтар арқылы тарады. Орысша нұсқасы да жетті. Кітаптағы кейбір мысал әңгімелерді кезінде Сәбит Дөнентаев қазақшаға өлеңмен аударып, өзінің «Уақ-түйек» деген жинағына енгізді. Кітапты 1962 жылы Сейділ Талжанов толығымен тәржімалап, жеке фолиант етіп шығарды.

X ғасырда халифаттың тарау жағдайынан кейінгі исламда орын алған терең бұхран кезеңінде қалалар қауымының өзара қырқысушы секталар мен топтар доктриналарынан шаршаған өкілдері ендігі тіректі философиялық санадан іздеді. Сол кезде философияда бел алып тұрған неоплатонизм идеялары бұған көркем әдебиетті тікелей дамытуды ұсынғаннан басқа жауап таба алмады. Сөйтіп, әл-Мүтанабби мен әл-Маарридің лирикалары негізінде исламға дейінгі дәуірдегі ақиқатты білдіру мен «өмірді сезіну» ұғымына жақын поэтикалық шығармаларды жаңаша қабылдаушылық пайда болды. Поэзияда философияның «табиғатқа сәйкес өмір сүру және қайырымдылыққа сай тіршілік ету» мақсатын көздейтін стоицизм идеясы кеңінен тарады. Жоғарыда аталған ақындардың жанрлық жаңалықтары араб жыр әлемінің өзінің классикалық дәстүрінен түпкілікті ажырағанын көрсетті. X ғасыр сондай-ақ ежелгі араб әдебиетінде новеллистиканың буырқанып дамуына жол ашып берді. Мұның бастауын арабтың ұлы тарихшылары әл-Табари, әсіресе, әл-Масуди ұстап тұрды. 940 жылы алыстағы елдерге саяхат жасап, сан алуан шым-шытырық оқиғаларды бастан кешкен теңізшілер мен көпестердің қызықты әңгімелерін топтастырған Бұзырық (Бузуруг) ибн Шахриярдың «Үнді ғажайыптары» деген жинағы жарыққа шықты. Еске түсіру новеллалары түріндегі топтама қолжазбаны көрнекті мемлекет қайраткері Әб Әли ат-Танухи өзінің мемуарына кіргізді. Ал 980 жылы Бағдадтағы танымал философтар үйірмесінің «Тазалық пен ғашықтар адалдығы бауырластығы» деген энциклопедиясында новеллалар мен тәмсілдерге кең орын берілді.

XI-XII ғасырларда ас-Саалиби, Имам-ад-дин, әл-Исфахани секілді корифейлердің қолдарымен жасалған әдеби антология дәстүрлерінің маңызы айрықша зор болды. XIII ғасырда араб әдебиеті тарихының классикалық кезеңі аяқталуы қарсаңында Азия аумағы Шыңғыс хан шапқыншылығының астында қалды. Сол дәуірде Шығыста араб әдебиеті өз бастауынан бөлек, өз бетінше, қатар дүние ретінде Таяу Шығыс пен Орталық Азия, Мысыр мен Үндістан атырабы – халифаттың тарихи бағынышты аймақтарында өркендеу жолына түсті. Мұндай жоталы жол араб еншілігінің батыстағы шеткі нүктесі – Мағрибте (Марокко) де басталды. Негізі, бастауы VIII ғасырдың мұғдарынан-ақ байқалған үрдіс XIV ғасырда өзінің шарықтау шегіне жетті. XI ғасырда мұндай дүмпу Ифрикияда (қазіргі – Тунис) да өз көрінісін тапты. Бұдан әрі Испанияның араб-мұсылман қалаларында арабтың классикалық әдебиетінің қайнарына бет бұру тенденциясы етек алып кетті. Осы уақыттарда шығыс-араб классикасында ибн Абд Раббихидің «Таңғаларлық алқа» деген көркем прозасы, ибн Рашик пен ибн Шарафтың жырлары, Мағрибте ибн Хазмнің, ибн Шухейдтің қара сөз жанрлары пайда болды. XI ғасырда Испанияның Севильясында ақындар ибн Зайдүнның, ибн Хамдистің, әл-Мүтәмид ибн Аббадтың шығармашылықтарында араб өлеңінің жаңа буындық пішіндері қанат қатты, ол андалузиялық поэзияның жоғары мәдениетіне негізінде қалыптасты. Осы биік мәдениет ибн Туфаилдің XII ғасырда туған «Сергектің ұлы тірі» деген философиялық романы мен ибн Хафаджидің лирикалық төкпе өлеңдерінен де көрінді, мемуарлық тарихи деректер Абдала ибн Булуккиннің, ибн Хальдунның, Лисан ад-Дин ибн-Хатибтің беделін өсірді.

XII–XIV ғасырларда Мағриб мұрасы Мысыр мен Солтүстік Сүрия арқылы тарап, жалпы араб мәдени қорын толықтырды. Арабтың мысырлық суфизм шайырлары Омар ибн әл-Фаридтің, мағрибтік халық әндерінің дәстүрімен байланыстағы ибн әл-Араби мен аш-Шуштаридің поэзиялары таза философия тақырыбына жақындықтарымен оқырман назарын аударды. Ал XIV-XVI ғасырларда аттары аңызға айналған батырлар турасындағы аңыздар мен ертегілер негізінде 250-ге жуық эпикалық туындылар жарық көрді. Олардың арасында мәмлүк сұлтаны Аз-Захир Рукн ад-Дин туралы «Жеңімпаз Бейбарыстың өмірлік баяны» атты туынды да болды. Атақты «Мың бір түн» көп томдық аңызы XIV–XV ғасыр ауқымында Мысырда дүниеге келді. Бірақ араб әдебиеті Мағрибте болсын, Йеменде не Меккеда болсын, Испанияда не Мысырда болсын, Сүрияда не Бағдадта болсын, қайда жазылып жатса да, күллі араб әлеміне ұдайы желдей есіп, жедел тарап отырды. Олар Мәуреннахр мен Түркістандағы оқымысты ойшылдар назарынан тыс қалған емес. Араб әдебиетінің озық үлгілері мұндағы қаламгерлер қауымына да бағыт беріп тұратын өзіндік құбылнамаға айналды. Жоғарыда айтылғандай, олардың түркі тілдеріне де ықпалы өте зор болды.

Жасыратыны жоқ, Орталық Азия аймағындағы әдеби өмірге араб-парсы факторы айрықша қарқынды және кең көлемді әсер еткен XV-XVI ғасырлардағы үдерістер ұзақ уақытқа дейін түбелейлі зерттеле қоймады. Бұған дейінгі зерттеушілердің ең беделділері Шығыстың жеті жұлдызының соңғы тұяғы саналатын парсы әдебиетінің классигі, жалпы оқырманға «Әбдірахман Жәми» атымен мәшһүр болған Абд әр-Рахман Нұр ад-Дин ибн Ахмед Жәми (1414-1492) поэзиясымен шектеліп, үлкен бір дәуір аяқталған сыңай танытты. Сонымен мұндағы Орта ғасырлар жыр әлеміне барлау жасаудың парақтары біржола жабылғандай болған. Дегенмен, XX ғасырдың екінші жартысында бұл тарапта қайта қолға алынған ізденіс жұмыстары мұндай үкім шығаруға ерте екенін, осынау кең атыраптың поэзия аспанында әлі жұртшылыққа көрінбей қалған шандоз шайырлардың жеткілікті екенін көрсетіп берді.

Белгілі зерттеуші В.В. Нориктің пікірінше, XX ғасырдың екінші жартысында қолға алынған (мұнда пәруарлық рөлді кеңес ғалымдары атқарды) Орталық Азияның әдеби ілкі дәстүрі содан кейін де ешбір тоқтап қалмағанын, керісінше осы кәләнда мұнда өте көп мөлшерде мәдениет пен әдебиет, ғылым мен өнер қайраткерлері дәурен кешкенін тайға таңба басқандай етіп анық көрсетті. Олар ғалымдар, дәрігерлер, ақындар, музыканттар және каллиграфистер еді. Әдебиетке деген құштарлық оларды біріктірді, поэтиканы білу білім беру жүйесінің міндетті талаптары болып саналды. Себебі, ортағасырлық Иран мен Орталық Азияда әдебиет мәдениет майданының ең жоғары сатысы саналды, ал мәдениеттің қалған салалары оған тәуелді жағдайда тұрды. Сондықтан біз ортағасырлық поэтикалық антологияларды (тазкере) қарай отырып, сол дәуірлерде өлеңнен өрім өргендердің басым көпшілігінің кәсіби ақындар емес, басқа салаларда табысты қызмет етіп жүрген әуесқой жұртшылық өкілдері болғандарына көз жеткіземіз. Бірақ оларды көп оқыған эрудит адамдар – адиб қатарына жатқызған ләзім. Кейде дәрігер керемет ақын да бола алады, ал жан-жақты дарынды ғалым тамаша өлеңдер мен әдемі әндер де жаза береді. Әдебиетпен айналысу ол заманда жалпыға ортақ тірлік болды: өлеңмен бәрін – әлдекімге деген ынтызар көңіл күйдің барлық сәттерін бейнелеп жеткізуге болатын. Әдебиет сол кездері насихаттың басты құралы ретінде қызмет етті және ол адамның ой-толғаныстарын білдіретін жеке бір мінбесі секілді-тін. Орта ғасырлар әдебиетін зерттеу арқылы сол кездің тарихи-әлеуметтік кескін-келбетін жасап шығуға да болады.

Негізінен, патшалы Ресей заманынан бері Орталық Азияны жүйелі ғылыми негізде зерттеуді бастап берген академик В.В. Бартольд еді. Оның өткен ғасырдың 20-шы жылдары жарыққа шыққан Ұлықбек туралы, Мир Әли-Шер туралы зерттеу еңбектері ғылым әлемін дүр сілкіндірді. Бұдан кейін Е.Э. Бертельс Орта Азиядағы парсы-тәжік әдебиеті зерттеу жұмыстарының тарихын біраз қопарды. Мұндай іргелі ізденістерге кейінірек К. Айни, Н. Сатторов қосылды. Ал А.Н. Болдыревтің Орталық Азияның XV-XVI ғасырлар түйісіндегі мәдениет тарихы жөнінде жазылған Зайн ад-Дин Васефидің «Бада`и әл-вака`и» мәнбесін ғылыми айналымға қосуы бұл саладағы үлкен құптарлық іс еді. Бұдан бөлек, А.Н. Болдырев бірінші базалық мәнбе – Хасан Нисаридің «Музаккер-е ахбаб» деген поэтикалық антологиясын Мир Әли-Шер Науайидің парсы тілінде жазылған жауһар шығармаларын зерттеу пәйтінде жақсы пайдаланды. Ал Шайбанид династиясының Мәуреннахрдағы алғашқы билеушілер шоғыры тұсындағы мәдениет деңгейін қарастыруда А.А. Семёновтың мақаласы да көп жайдың басын ашып берді.

Осы ретте Орталық Азияда XV-XVI ғасырларда жасаған ғалымдар мен ақындардың өмір жолдары мен шығармашылықтарын алғашқылардың қатарында тереңдетіп зерттеген А.М. Морозовтың да еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Ол осыған арналған мақаласында екінші базалық мәнбе – Мутири Самаркандидің «Тазкират аш-шу`ара» атты поэтикалық антологиясынан маржан теріп шығарды. Орталық Азия ғалымдары арасынан У. Каримов уақыт тозаңына көміліп қалған қазыналарды аршып алу жолында едәуір салмақты еңбек сіңірді. Оның осы зерттеулер қорытындысы бойынша жазылған «Адабиёти точик дар асри XVI» атты монографиясын мейлінше сәтті құрастырылған кітап деп бағалаған ләзім. Шетел мамандары арасынан негізгі назарды Тимуридтер мен Шайбанидтер әулеттері тұсындағы экономика мәселесіне аударып, оны әлеуметтік өмірмен байланыстыра білген канадалық М.Е. Субтельнидің еңбектеріне ерекше мен беру керек. Сол сияқты А.Шиммельдің кейбір іргелі жұмыстары тақырыпты тарқатуға едәуір мүмкіндік ұсынады. Бұл орайда Г.Ю. Алиевтің үнді жеріндегі парсы әдебиетін зерттеуге арналған кітабын атап өтпеске болмайды. Бұдан бөлек, үшінші базалық мәнбе саналатын Мутриби Самарқандидің «Тарих-е Жихангири» дейтін келесі антологиясы оның жоғарыда аталған еңбегін толықтыра алатын құнды мәліметтерді жайып салады.

Орталық Азияның Орта ғасырлардағы әдебиеті мен мәдениетінің дамуы Әмір Темір мен Шайбан әулеттері билік құрған уақытпен тұспа-тұс келді. Академик В.В. Бартольд «Темір құрған мемлекет түрік-моңғол мемлекеттілігі мен түрік-моңғол әскери құрылымының ислам элементтерінен, ең бастысы, парсы мәдениетінің бояуына негізделген өзіндік үйлесімділігінен тұрды», – деп атап көрсетті. Осы орасан зор аумақта сол уақыттың бәрінде былайша бір-біріне айқын қарама-қарсы болып көрінетін екі ағым – өте беделді көшбасшысының ырқымен ғана өздерін өздері тежеуілдеп ұстап отырған қайсар да өжет көшпенді түркілер мен әкімшілік-мемлекеттік бюрократиялық мұсылман дәстүрлеріне бағынған сабырлы отырықшы халықтардың өркениеттері қатар даму жолына түсті. Академиктің айтуынша, сол кезде «Гераттың мәдениеті Самарқандтың мәдениетінен биік болған, сол сияқты Темірдің шығыс кейпіндегі халықтық мәдениеті батыстағы түрікмен мәдениетінен жоғары еді».

Айта кету керек, XV ғасырда қарақойлы Жаханшахтың мемлекетін талқандағаннан кейін Иран жерінде өз империясын құрған аққойлы Ұзын Хасан (1466-1478) мен оның ұлы Сұлтан Якубтың (1478-1490) биліктері тұсында патша сарайлары маңы әдебиет пен өнер жанашырлары үшін тайқазандай қайнады. Бұған, Якубтың әзербайжан тілінде ара-кідік өлең жазып тұратыны да айтарлықтай әсер етті. Осы кезеңде Гераттың өте көп мөлшердегі шайырлар шоғыры екі сұлтанның даңқтарын көкке көтеруді мақсат тұтқан қасыдалар циклын жасады. Осылайша әдебиет тұрғысынан қарағанда, Хорасан, Герат, Мәуреннахр және Батыс Иран атырабы тұтастай бір шатырдың астында өмір сүріп жатты. Темір дәуіріндегі мәдениет елді әмірдің екінші ұлы Омар-шейхтің баласы сұлтан Хұсайын Байқара (1469-1506) билеген мерзімде өзінің нағыз гүлденген дәуірін бастан кешті. Өзі де ірі ақындардың қатарына жататын сұлтанның кезінде ескі түркі – шағатай тілінде жырдан інжу теріп, гауһар шашатындардың қатары көбейе түсті.

Мәдениеттің осыншалықты биікке көтерілген заманында тарих сахнасына саяси қақтығыстар бірінен кейін бірі келіп жатты. Сұлтан Хұсайын Байқараның өзі билік үшін өзінің туған ұлымен қайтпас шайқасқа кірді. Нәтижесінде ел екіге бөлініп кетті. Сол кезде Сыр бойындағы Мұхаммед Шайбани хан Темір ұрпақтары арасындағы осы қырқысты өте жақсы пайдаланып, олардың иелігіндегі жерлердің бәрін түгел тартып алды. Сөйтіп, әулет негізін қалаушы Әмір Темір Көрегеннің (1336-1405) өмірден өткеніне жүз жылдан жаңа асқан шамада, 1507 жылы оның империясы құлады. Осылайша 1370 жылы билік шежіресін бастаған барлас тайпасының дәулеті 137 жылдық дәуреннен кейін тақтан тайдырылды, кейін бұл атырапта әртекті жиынтық жұрттан тұтас ұлт болып ұйысатын халықтың «өзбек» деген атауы осы кезде шайбанидтермен бірге ере келіп орнықты. Сол уақыттарда, А.А. Семёновтың атап өтуінше, Мұхаммед Шайбани «Өз мемлекетін құра отырып, оның негізі етіп дала дәстүрлерін алады». Оның өзі хан атанса, мұрагерлерінің бәрі сұлтан деген атақтарын сақтап қалды. Ал хандық оның әулетінің меншігі болып бекіді. Бірақ арада небәрі үш жыл өткеннен кейін, 1510 жылы Мұхаммед хан батысқа қарай шыққан жосын жорығы кезінде Иранның шахы Исмаил I Сафавидтің әскерлерімен бетпе-бет келіп ұрыс салған шайқаста қаза тапты. Ханның өлімі шайбанилер арасында біраз дүрбелең мен үрей туғызды. Бұл уақытта әулеттің ендігі үлкені Күчкүнжі қазақтың «қасқа жолды» ханы Қасыммен кескілескен соғыс жүргізіп жатыр еді, сондықтан ордадағы таққа Сүйінші сұлтан отырды. Алайда Мұхаммедтің тірі кезінде-ақ шешіліп қойылған өз орнына көп ұзамайй Күчкінжі қайтып келді.

Темір дәуірі мәдениет пен әдебиеттің мейлінше мамыражай қалыпта дамып, өркен жайған кезеңі болды. Бұған, біріншіден, елдегі салыстырмалы түрдегі бейбітшілік ахуал, екіншіден, түрік билігін мадақтаушы қаламгерлер қайраткерлеріне тимуридтер тарапынан ұдайы көрсетілген қолдау мен қамқорлық тікелей әсер етті. XV ғасырдың бірінші жартысында көтерілген бұл өрлеу жүзжылдықтың соңына дейін осы рәуіштің сақталып тұруына негіз қалап берді. Ал XVI ғасырдың басында Мәуреннахрдың билігі тимуридтердің қолынан шайбанидтер тізгініне көшті. Бұл уақыттарда көшпелі өзбектер алдыңғы алауды дәл бұрынғы қалпындай жоғары ұстамағандарымен, соңғы әулеттің озық ойлы өкілдері осыған дейінгі династияның ең таңдаулы деген ұрпақтарымен тең дәрежеде көрінетін белестен табылды.

Өзбек ғалымы Э.Р. Рустамовтың пайымынша, «Әдебиетке қызығушылық сол заман мәдени өмірі сипатының бір көрінісі болған». Сонымен бір мезгілде бұл дәуір турасында сөз еткенде, әдебиетте белгілі бір деңгейде құлдырау орын алғанын да айтпай кетуге болмайды. Сондықтан Ян Рипке «XV жүзжылдықта, Тимуридтер дәуірінде шығарылған орасан зор әдебиет өнімдері мен олардың сапалары арасындағы айырымның алшақтығы бұл жұмыстардың оншалықты қанағаттанарлық болмағанын көрсетеді» дегенді текке жазған жоқ-тын. «Мұның моңғол шапқыншылығы салдарынан мүмкін болған жайы туралы жазылып жүрген тоқтаммен келісу қиын, – дейді ғалым бұдан әрі. – Тарих ғылымы бұл кездегі туындыларды мұның алдындағы ғасырларда жасалған шедеврлермен ешбір салыстыра алмады. Ал поэзия осы тұста шамадан тыс жасандылықтарға ұрынып, өзінің көркемдік деңгейін күрт түсіріп жібергеннен кейін құлдырауға ұшырады». Келесі кезекте ол қалада тұратын таптар өкілдерінің рөлі арта бастауына байланысты ақынның белгілі бір нәрсеге қатысты көзқарастары мен ойларын, елдің мұқтаж заттарын сынамалап отырып, айтып шығуға өте қолайлы да қабілетті ғазал жанрының бірінші планға шыққанын атап көрсетті. Себебі, қалалық қауым биліктің өздерінің жеке меншіктегі істерін ұдайы бақылауға алып, оған қайта-қайта араласа берулері олардың төзімдерін тауысып бітті. Осының салдарынан ортағасырлық қоғамның ең жоғары мәдениеті деңгейі бөлігінде тұрған олардың өндірістік үдерістері ұдайы тоқтап қалып жатты. Шаһар шеңберінде ең көп айтылатын талаптар тұрғындардың өз шаруашылықтарын өз еріктерімен жүргізулеріне мүмкіндік беру, экономикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және феодалдық өктемдікке тыйым салу болды. Адамдардың еркіндігі мен жеке өздерінің қорғанышына қол жеткізу басты мәселеге айналды. Мұның бәрі Хафиз Ширази, худжандтық Камал мен бұхаралық Насыр секілді сөз зергерлерінің әлеуметтік тақырыптағы өткір ғазалдарын жаттап алып, олардағы мотивтер мен талаптарды өздері бастаған қарсылық қозғалысының ұрандары ету қалыпты көрініске айналды. Сол кездері кітап ләпкелері қала тұрғындарының бір баратын жерлерінің қатарынан көрінді.

Расында да бұл мерзімде ақындардың қоғамдағы рөлі айрықша жоғары еді. Елдің ықыласына бөленіп жүрген шайырлар өлеңнің тілімен-ақ жұрттың бәріне ұнайтын билеуші образын жасай жүріп, олардың алдағы уақытта не істеулері керек екенін тұспалдап айтып өтетіндей жағдайға жетті. Олар халықтың көкейіндегі мүдделер мен тілектерді жыр тілімен баяндай отырып, мұқтаждықтар жайын билеушінің қаперіне сала білді. Былайша айтқанда, кестелі көркем сөздің кемеңгерлері ел ішіндегі қардарлықтарды қозғай келіп, барлық жағдайларға ықпал жасай алатын болды. Мысалы, Темірдің ұрпағы Байсұңқар мырзаның (1397-1433) надимі, яғни жеке қаламгері Баба Сауда`и ақынның Аливерде деген қишлақта санган мәуе ағашы болыпты. Күндердің бір күнінде сонда тұратын жани құрбан тайпасының сотқар өкілдері округтегі жұрттың бәрін қорқытып, әлгі санганның жемістерін жинап, көтере алып кетіпті. Сонда бұған наза болған Баба Сауда`и алдымен Темірдің ұлы Шахрух сұлтанның (1377-1447) билеушілік қабілетін жер-көкке тигізбей мақтап алып, соңынан жаңағы қарақшылардың арсыз әрекеттерін паш етіп, оларды бұл аймақтан біржола қуу жіберу жөнінде ұсынысын білдіреді. Содан кейін Шахрух жани құрбан тайпасының барлық мүшелерін бұл жерлерден кетіртіп, Мерв және Түс уәләяттарына бөліп орналастыртады. Аталмыш ақынның бұдан да басқа жайдайлар мен адамдарды сын садағына алып, әшкере еткен фактілері жетерлік.

Дәуірдің тағы бір есте тұтып айтар айырмашылығы, поэзия жанрының техникалық жағына басты мән беріліп, шығармадағы ой тереңдігі артқы қатарға шығарып жіберілетін «жасанды» өлеңдер деп аталатын құбылыс кеңге жайылды. XV ғасырға қарай «жасанды» қасида өзінің бүкіл техникалық құралдарының арсеналын түгесіп бітті. Бәлки, өлең жолдарында белгілі бір тәртіппен кісі аттарын не сөйлемдерді жасырып ұстайтын муамма стилі осы сөз ойнатудың нәтижесінде туған шығар. Осы орайда белгіленген кезеңді зерттеу үшін базалық мәнбелер ретінде алынып отырған Хасан Нисари мен оның шәкірті Мутриби Самарқандидің үш антологиясында да «жасанды» өлеңдердің үлес-салмағы шын өлеңдерден әлдеқайда көп болып шыққанын айтсақ та жеткілікті.

Кезеңнің тағы бір айқын ерекшелігі, қалам қайраткерлерінің көңілдері түкпіріндегі көрікті ойларын ашық та, астарлап та айтуларына жол ашып беретін ғазал жанрының негізінде іргесін қалаған суфизм поэзиясы табанынан тік тұрып, қарышты қарқынмен кеңге қанат жаюы болды. Осы тұстағы поэзия бекерге мистиканы таңдап алған жоқ, Филькинштейннің айтуынша, бұл «әлдебір қолға түспес, құпия әлеммен байланысы бар мистикалық білім мен тәжірибенің өте тиімді күшінің негізінде ойды ишарамен және нышандармен, поэтикалық және эмоциялық әсер ететін сөздермен жеткізудің жолдарын тауып берді». Бұл үшін парсы поэзиясы өзінің өте бай поэзиялық тілі мен бейнелі құралдарының қуатты арсеналымен, көптеген ғасырлар бойы жасалған метафораларыың және троптарының көптігімен қолайлы болып табылды». Міне, ақындар әдебиеттегі осы сөздердің құдірет-күштерін, пайым-парасатын суфизм жыр шумақтарының аллегориялы ой-толғамдарын беруге пайдалануға әрекет жасай бастады. Зерттеушілер сонымен бірге сопылық ілімің аймақтық тілдердің қарым-қабілеттерін еселеп арттыруға да екпін бергенін, тілдердің орамдары мен бейнелі образдарын дамытуға да леп қосқанын жеткізуді ұмытқан жоқ.

XV-XVI ғасырлардағы әдеби өмірдің келесі бір өзгешілігі, «екі тілділік» деген ат алып тұрған сол мерзімдер меселінде көптеген ақындар өлеңдерін парсыша да, түркіше де бұрқыратып жаза беруші еді. Бірден айтып қоюымыз керек, Стеблеваның пайымдауынша, «түркі-ислам тобының, әсіресе, оның шағатай және османлы бұтағының парсы үлгісіне негізделуі, парсының арабқа сүйенгеніне қарағанда, әлдеқандай тікелей жүргізілді. Бұл әдебиеттер өзінің бұрыннан қалыптасқан үлгісіне рухани жағыан да, пішіндік жағынан да жаңа ештеңе қоса алмады, бұған қарағанда, парсының жалпы ислам мұрасына қосатын үлесі… барынша айтарлықтай зор еді. Ф.Габриэлидің атап өтуінше, түркілердің сондай-ақ өздерінің аздап дөрекілеу, бірақ қуатты фольклоры болды, мұны олар Орталық Азияның ой мен қырында көшіп қайда барса да, өздерімен бірге алып жүрді, ләкін, мұсылманға айналған түркілер екі ұлы, «мейлінше қалыптасқан және шегіне жеткізілген ислам әдебиетінің, әсіресе, парсының ықпалына бірден түсіп қалды, әйткенмен, олардың арабтар мен парсылардан бір айырмашылығы, өздерінің исламға дейінгі барлық сөз өнері тарихынан толық дерлік кетіп болды. Осылайша, XI ғасырдың өзінде-ақ түркі әдебиеті, Стеблева жазғандай, «Мұсылман Орта ғасырларының әдебиет аралық қауымдастығына, өзінің ұлттық поэзиялық дәстүрлерінен түпкілікті ажырап кетпей, енді».

Шахрух пен Байсұңқар ортағасырлық Орталық Азияда осы үлгілі үдерістің басталуына үлкен серпін берді, түркі әдебиетінің өздігінше даму жолыну түсуіне белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Алайда түркілер әдебиеті нағыз гүлдену дәуіріне XV ғасырдың екінші жартысында ғана жетті. Бұл жетістік мемлекет қайраткері, ақын, музыкант, суретші Мир Әли-Шер Науайидің (1441-1501) жеке өзінің шығармашылық қайраткерлігімен тікелей байланыста болды. Ұйғыр отбасында туған, азан шақырып қойылған насбасы (ныспы) Низомиддин Мир Әли-Шер деп аталатын шайыр өзінің шағатай тіліндегі жырларын «Науайи» (әуезді), парсы тілінде өлеңдерін «Фани» (пәни) деген лақаб ат – тахаллустармен жариялап тұрды. Ал орыс ғалымы С.Н. Иванов мұның алдындағы ақындардың шоқтай шоғыры – Әмиридің, Атаидың, Саккакидің, Лүтфи мен Гедаидің шығармашылығы арқасында өсіп-жетілген шайырдың ісін «творчестволық толағай табыс» деп бағалады. Осы тұста Науайи бүкіл өмірін өзінің туған тілінде әдебиет жасау үшін берік те бекем негіз қалауға арнады. Ол араб пен парсы тілдерінің үстемдік құрып тұрған тұрмыс салтының өзінде түркі тілінің олардан зәрредей де пәс емес екенін дәлелдеуге ұмтылды. Осылайша Мир Әли-Шер Науайи иранның (пехлеви) классикалық поэзиясының негізгі түрлері мен пішіндерінің өре үлгісін творчестволық тұрғыда өңдеп, бейімдеп алу арқылы түрік материалындағы халықтық туюг деп аталатын жырлары негізінде жаңа жанрлар жасап шығарудың үдерісін жеделдетті. Соның нәтижесінде түркі тілінде парсыдан ауысып келген таржибанд, катъа, муамма, фард секілді лирикалық сезім өлеңдерімен бірге сәкинаме, ғазал, рубай, қасыда, тәркибанд, мәснәуи сияқты жанрлардың жаңартылған нұсқалары пайда болды. Олардың көпшілігі шайырдың екі тілді екенін, екі жақ та оған бөтен еместігін, бірақ бірінші планға түркі тілін қоятынын атап өтті. Алайда оның әдеби түркі тілін қалыптастыру жөніндегі құнды бастамасы осы шағатай тілінде сөйлейтін көшпелі өзбектердің әскери ақсүйектері мен тайпалар көсемдері тарапынан қатты қарсылық көрді. Сондықтан өз тілінде жыр жаза бастаған көптеген түркі ақындары өздерінің көшбасшылары мен әкімдерінің көзқарастары мен қысымдарына төтеп бере алмай, қайтадан парсы тіліне ауысып кетті. Сөйтіп, мұның алдында «Маджалис ан-нафаис» атты альманахта шығармалары жарияланған 201 ақынның 19-ы ғана түркіше жазуды жалғастыра алды.

Сол жылдарда Мир Әли-Шер Науайидің қауырсын қаламынан туған алғашқы рубай шумақтарының бірі төмендегідей еді, оны шағатай тілінде емес, қазіргі өзбекше тәржімасы бойынша ұсынып отырмыз:

«Кўз бирла қошинг яхши, қабоғинг яхши,

Юз бирла сўзинг яхши, дудоғинг яхши.

Енг бирла менгинг яхши, сақоқинг яхши,

Бир-бир не дейин боштин-аёғинг яхши».

Түсінуге оншама қатты қиындық тудырмаса керек. Ал бұл төрт тағанды жолма-жол аударар болсақ, ол былай болып шығады:

«Көзіңмен бірге қасың жақсы, қабағың жақсы,

Жүзіңмен бірге сөзің жақсы, ернің жақсы.

Бәрінен де меңің жақсы, мойның жақсы,

Басқа не дейін, басыңнан аяғыңа дейін жақсы».

(Тараудағы барлық өлеңдерді аударған Серік Пірназар)

Дегенмен, Мир Әли-Шердің әлдеқашан бүршік атып, гүлдену дәуіріне жеткен араб және парсы әдебиеттерімен бәсекеге түсіріп, түркі тілінде жазба әдебиетін қалыптастыру жолындағы бұл өшпес ерлігі босқа кеткен жоқ – оның туындылары күні бүгінге дейін сол замандағы парсы әдебиеті арқылы түркі тілінің ерекшеліктерін зерттеуге ынта білдірген оқымыстылардың назарын әркез өзіне аударып келеді. Шайырдың сол кезде жасаған өлеңдер үлгілері мен пішіндері Орталық Азия мен Еділ-Орал бойларын жайлаған барлық түркі жұртының жазба поэзиядағы дүниелерінің негізгі іргесі, бағыт етіп алған құбылнамасы болып қалды. Соған дейін әдебиеті фольклор санатында қолданылып келген қазақ халқының алдыңғы қатарлы ақындары 8, 10, 11, 12, 16 буынмен жазылатын өлеңдер формаларын осы Әли-Шер Науайи қалыптастырған үлгінің негізінде жасады. Осылайша ұлы шайырдың бір өзі тұтас дәуірдің әдеби үлгісі мен үдерісінің іргесін қалап, қабырғасын тұрғызып, оны парсы әдебиетінің деңгейіне жеткізіп беріп кетті. Оның мұрасы бір ғана түркі ақынының айбынын асырып қана қойған жоқ, сонымен бірге кейінгілер әрдайым үңіліп, ой қорытып отыратын үлкен көркемдік палитрасы да болды. Шын мәні: Науайидің өзі де парсы әдебиетінің озық жақтарына қатты еліктеген еді, бірақ ол мұны асқан кемеңгерлікпен, шетін шеберлікпен атқарды. Сондығынан да ақындардың келесі толқыны оны «ұлы әмір» деп қабылдады. Мұның жай ғана жылтырақ, көпірме көп сөздің бірі еместігін Науайидің өзі өмір сүрген өрісі өрінде түркі тілін сол дәуірдегі парсы әдебиетінің деңгейіне қадар жеткізіп кеткені де анық айғақ бола алады. Қазір тек оның жекелеген желектерін ғана түзеп, қырнап, жаңғыртып тұруға тура келеді. Дегенмен, парсы тілі Науайи дүниеден өткен мәуріттен кейінгі XVI ғасырдың өне-бойында да, әсіресе, оның екінші жартысында, Әмудің жағасынан Сырдың арнасына дейінгі Тұран даласында негізгі әдеби тіл болып қала берді.

Тұтастай алғанда, Темір династиясы дәуірінде әдебиет пен мәдениет барынша өркендесе, Шайбани әулеті кезеңінде ол жаңа бір белеске көтеріліп, тұғырын нығыздады. Шайбани мемлекетінде басқа қалаларға қарағанда, Балх айрықша ерекшеленіп тұрды. Ол географиялық жағынан Хорасан жерінде тұрғанымен, саяси билікте шайбанид суннитеріне бағынды. Сондықтан өңір әдеби қатынастар тұрғысында Мәуреннахрға бір табан жақын болды. Түрлі тарихи мәнбелер Балх уәләяты тұрғындары арасында әдебиетқұмар ондаған ерлер табылғанын келтіреді. Өкінішке қарай, біздің дәуірімізге дейін олардың аттары емес, тек бірнеше бәйттері ғана жетті. Ал Балх әдеби туындыларының жазылу стилі мен мәнінің сарай ақындарын көбірек ұстайтын Бұхараға біршама ұқсас екені аңғарылды. Бірақ қала әдебиетінің басындағылардың көптігі көрініп тұрған Шахрух пен Ташкентте жағдай өзгешелеу қалыптасты. XVI ғасырдың бірінші ширегінде мұнда әдеби мәжілістер, яғни кештер (отырыстар) кең етек алды. Ташкенттің билігі Келді-Мұхаммед ханның (1532 жылы қайтыс болған) тұсында ғылым мен әдебиетке көбірек көңіл бөлсе, оның ұлы Сүйіндік-қожа ханның кезінде мәдениет саласы жаңа бір сатыға көтерілгендей күй кешті. Сөйте тұра, ахуал астаналық қалалардағыдан едәуір төмен болды. Сондықтан Ташкент мәдени өмір салты тұрғысынан Самарқандқа көбірек еліктеді.

Айта кету керек, қарастырылып отырған кезеңде Ташкентте шағатай тілінің рөлі күрт күшейді. Парсы тілінде жазылған көптеген туындылар Сүйіндік-қожа ханның пәрменімен түркі (шағатай) тіліне аударылды. Сол тұста Науруз-Ахмед хан үшін керемет безендірілген «Бустан» тізімі арнайы шағатай тілінде дайындалды. Ташкенттің Бұхара мен Самарқандтан тағы бір ерекшелігі, мұнда ресми құжаттардың барлығы дерлік түркі тілінде толтырылды. Бұған қосатынымыз, Ташкент билеушілерінің білім деңгейлерін көтеруде өмірінің соңын Шахрухта өткізген Зайн ад-Дин Васефи айрықша рөл атқарды.

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,

Серік ПІРНАЗАР

«Үш халифтің ұрпағы» кітабынан

(Жалғасы бар)

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button