Қазақстан көкпаршылары Көшпенділер ойындарының чемпионы атанды
АСТАНА. 12 қыркүйек. Астанада өтіп жатқан V Кһшпенділер ойындарында Қазақстанның көкпаршылар құрамасы бірінші орынды жеңіп адды. Бұл туралы kazinform.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында төрт күн бойы Астананың «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлеген көкпар ойындары бүгін мәресіне жетті», – делінген портал хабарламасында.
Кеше ойналған жартылай финалда қазақстандық көкпаршылар Ресейді 18:2 есебімен ұтқан болатын. Қырғызстан құрамасы өз кезегінде Түркияны 15:1 етіп жеңіп кеткен.
Төрт күндік турнирдің финалында, көпшілік алдын ала күткендей, осылайша Қазақстан және Қырғызстан құрама командалары ұшырасты. Ойынның негізгі уақытында қарсыластар бірін бірі ала алмады, шайқас 4:4 есебімен тең аяқталды,. Дегенмен қосымша берілген 10 минуттық мерзімде алаң иелері сәттірек ойнап, таразы басын өздеріне қарай аудара білді. Шешуші салымды құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек салып, есепті 5:4-ке жеткізді.
Осылайша Қазақстан құрамасы Ойындардың чемпионы атанса, Қырғызстан командасы күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал қола жүлде үшін таласта ресейліктер түріктерді 8:2 етіп тізе бүктірді.
Жүлдегерлер тұғырынан көрінген үш ұжым да ақшалай сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасына – 10 млн, Қырғызстан жасағына – 6 млн, ал Ресей командасына 4 млн теңгенің сертификаттары тапсырылды. Сондай-ақ турнирдің үздік ойыншысы деп танылған қырғыз көкпаршысы Манас Ниязовқа 2 млн теңге табыс етілді.
Жалпы, көкпар турниріне Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия сынды 9 мемлекеттің спортшылары қатысты.
Тағы бір айта кететін жайт, марапаттау рәсімі кезінде қырғыз спортшылары мойындарына тағылған медальді шешіп тастады. Кейін олар Қазақстан әнұраны шырқалмай жатып, тұғыр төрінен кетіп қалды.
Шамасы, олар финалдық кездесуде өздері төрешілер әділетсіздігі деп есептеген жайларға осылай қарсылық білдірсе керек, Алайда, біз қалай дегенде де, мұны спорттық мінез бен мәрттікке жатқыза алмаймыз. Бұдан да үлкен жарыстардың өзінде мұндай жойдасыздық орын алған емес. Сірә, ішкі мәдениеттің жетіспеушілігі осылай көрініс берсе керек.
14 қыркүйекте Көшпенділер ойындары өзінің мәресіне жетеді. Ол 8 қыркүйекте басталған болатын. Ойындарда спорттың 18 түрі бойынша сайыс өтіп жатыр. Оларды әлемнің 85 елінің спортшылары сарапқа салуда.
Дәл бүгінгі есеп бойынша 33 алтын, 25 күміс, 28 қола, барлығы 86 медальды қоржынға салған Қазақстан құрамасы бірінші орында тұр. Екінші орындағы Қырғызстан командасының үлесінде 16 алтын, 17 күміс, 20 қола, барлығы 53 медаль бар. Өзбекстан терме жамағаты 11 алтын, 12 күміс, 11 қола, барлығы 35 медальмен үшінші болып келеді.