ҚОЖА ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАУЫМЫ
II
Сөз болып отырған дәуірдің тағы бір көрнекті көрінісі, осы уақытта Мәуреннахрдың Үндістанмен байланысы, әсіресе, олардың әдеби тұрғыдағы ықпалдастықтары атап өтуге тұрарлықтай кең ауқымды болды. Осы тұста Ганг өзенінің жағасындағы жазиралы алқапқа Махмуд Газневи бастаған көптеген парсы-түрік ақындары ағылып барып жатты. Себебі, бұл елде Орталық Азиядан шыққан Бабыр құрған Ұлы Моғол империясында (1526-1857) әдебиеттің жаңа жарқын дәуірі басталған еді. Сонымен бірге, үнді жерінде түркі әдебиетінің үстемдігі ерекше бел алып, оның беделінің парсы шығармашылығынан асып түсуі алғаш рет көрініс берді. Бұл үдеріс кейінгі Акбар мен Жахангир билеген дәуірлерде (1605-1627) бұрынғыдан да артты. Осыған орай әдебиетке қамқорлық көрсететін меценаттар саны күрт көбейді.
Мәуреннахр мен Иранның арасындағы байланыс та үзілген жоқ. Сафавид ақындары қос өзен аралығындағы жұртқа кеңінен мәшһүр болды. Олардың поэзиялық диуандары өңір мәдениеті жетістіктерінің бірі секілді бағаланды. Осылайша Орталық Азиядағы әдебиет шайбанид пен аштарханид кезеңдерінде өзінің дамуын жарқын жолмен жалғастырды. Тап осы мезгілде аймақ шығармашылық үрдісі өз өркендеуінің жаңа фазасына көшті.
Осы дәуірдің поэзияға қатысы бар аса танымал тұлғаларының бірі болған Абдулла (Абдаллах) II бин Искандер (1534–1598) Самарқанд маңындағы Афарикент деген қалашықта Шайбанилер әулетінде өмірге келді. Ол 1420 жылы қазіргі заманғы Қазақстан және Ресей территорияларында құрылып, Сыр бойындағы Жент қаласына ордасын тігетін «Әбілқайыр ұлысының» («Өзбек хандығы», «Өзбек-қазақ хандығы») негізін қалаушы Әбілқайыр Шайбанидің төртінші ұрпағы еді. Ірге басы Әбілқайырдан – Қожа Мұхаммед, одан – Жәнібек, одан – Искандер өрбиді. Ал Искандерден Абдулла туады. 1550 жылы шайбанид Абдул-Азиз-хан сұлтан кенет қайтыс болғаннан кейін мұрагерлер арасында ымырасыз тақ таласы басталып кетті. Самарқандты билеп тұрған Абду-Латиф хан Бұхараны басқаруға Әбілқайырдың екі немересі – Яр-Мұхаммед сұлтан мен Барақ сұлтанды қойды. Алайда 1551 жылы Абду-Латиф ханның өзі өліп кетті де, Ташкенттің ханы Барақ Самарқандты басып алып, «Наурыз Ахмед хан» деген есіммен таққа отырады. Ол өзін «Бүкіл өзбек жұртының жоғары ханы» деп жариялайды. сол кезде Керминнің билеушісі болып тұрған Шайбанидтердің бір бұтағы – Абдулла оған бірден қарсы шығып, бітіспес шайқасты бастап береді. Оған бұл күресте Балхтың билеушісі Пір-Мұхаммед ағасы көмекке келеді. Осы ұрысты жылдардың барысында, 1556 жылы Наурыз Ахмед хан өз кеселінен қайтыс болады. Осыны пайдаланған Пір-Мұхаммед хан өзін «Мәуреннахр мен Хорасанның ең жоғары ханы» деп жария етеді. Ал 1557 жылы Абдулла сұлтан суфизм шейхтарының жәрдемімен Бұхараны басып алып, оның билеушісі болады. 1561 жылы әбден күшейіп, кемеліне келіп, өз-өзіне сенімді болып алғаны сондай, ол бұған дейін Кермин мен Миенқалды басқарған әкесі Искандерді «күллі өзбектің көшбасшысы» деп жариялайды. Бірақ Абдулланың әкесі соғысқұмар емес, діндар кісі еді, сондықтан бұл билік бишігінен бас тартып, оны ұлының өзіне қайта жүктейді.
Абдулла II бин Искандер таққа отырған күндерден бастап өзінің алдына шайбанид ұрпақтарының еншісіндегі егеліктерді төртке бөліп тастап жатқан Балх, Ташкент, Бұхара және Самарқанд қалаларының биліктерін тұтас бір мемлекеттің аясына біріктіру міндетін қойды. Бұл үшін оған көп жылдар бойы табанды күрес жүргізуге тура келеді. Осы жолда Ташкентті бағындыру үшін алдымен Барақ (Наурыз Ахмед) ханның ұлдары Баба сұлтанмен және Дәруіш бекпен ұзаққа созылған ұрыс қимылдарын жүргізді. Бұл соғыста оның жеңіліс тапқан кездері де аз болған жоқ. Бірақ ақырғы шешуші шайқастарда мерейі үстем шығып, қамал-қаланы өзіне бағындырды. Бұдан соң Ферғананы алды. 1573 жылы Балхты көп уақыт қоршауға алу арқылы жеңілдірді. 1574 жылы оның иелігіне Шахрисабз, Қарши және Хисар қосылды. 1576 жылы Самарқандты бәсекелестері қолынан тартып алып, Ташкентті қайта бағындырды. Күрескер Шайбанидтер ұрпақтарын бір тудың астына жинап, бір орталыққа бағынырылған біртұтас мемлекет құру мақсатына тек 1582 жылы ғана толық жете алды. Ол осы дүркіреген дәулетті тағы 16 жыл басқарып, 1598 жылы 64 жасында өмірден өтті.
Абдулла хан II бин Искандер-хан Шайбанид әулетінің тарихындағы билеуші хандар арасында мейлінше күштілерінің бірі болды. Сондықтан шежіреші Мутриби Самарқанди өзінің антологиясында ол хақында айтарлықтай көп сөз етеді. Ол ең алдымен өзінің әділдігімен ел жадында қалған ханды мадақтап, жырға қосады, оның өз қарауындағыларға жасаған қаморлығын сүйсіне сөз етеді, мемлекет шебін ұдайы кеңейте беруге ұмтылуына қайран қалады, өңірде мешіттер санының артуын ұдайы қадағалап отырғанын тамсана баяндайды. Ол үшін сол заманда бүкіл әлем Иранның миуалы бағына айналып кеткендей көрінеді. Осыған орай Шыңғыс ханның тұсында Мәуреннахрдағы бірде-бір билеушінің тап Абдулланың деңгейінде бола алмағанын атап өтеді. Мутриби бұдан әрі өзі құрмет тұтқан ханның поэзиясын терең түсінгенін, оның ақындар мен ғалымдардың жарылқаушысы болғанын әңгімелейді. Абдулла поэзияның насихатшылық қызметін және өзінің ұлы ерліктерін мәңгі есте қалдырудағы рөлін жақсы білген, сондықтан ақындарды қанатының астына алып отырған. Мутрибидің сөзіне қарағанда, шайырлар да мұны дұрыс бағалап, өз қамқоршыларын ұдайы мадақ жырларына қосқан, ханның құрметіне қасыда жанрында көптеген керемет одалар жазып шығарған. Олар өздерінің «маджелес» деп аталатын шарап ішіп отырып өткізетін басқосуларында Хафиздің өлеңдерін жатқа оқыған, соңынан өздері жазған жырлардың «Саке-намесіне» кезек берген. Кейде Абдулланың өзі де ақындарға еліктеп, ермек үшін парсы және түркі тілдерінде өлең жазып тұрған. Бір жолы ол бір ғазал шығарып, оны Самарқандтағы Жауанмард Әли ханға жолдайды. Онда мынадай нәрселер астармен талап етіледі:
«О, жүрек!
Қасанның жанынан жай өтіп,
Қаршиге үмітті жұлып бер!
Қос бірдей аспанда көрсетер
Самарқанд – мен үшін ұлық төр!
Сондағы мейрамның базарын,
Армансыз мен үшін арала.
Ондағы сұлулар келбетін
Дәл менің көзіммен бағала!
Сүлейман секілді таққа отыр,
Масаттан, болмасын азапты ой.
Жаныңды сергітер Майдан-бақ,
Ауасы шіркін-ай ғажап қой!
О, жүрек, Көктемде Жуаз бен
оның да керемет бөктері,
Маған тап киелі Қағбадай
Жұмақ боп көрінер көктегі.
Хан соның бәрін де дүниеде
Ойымен жүреді көп кезіп!..»
Бұған Жауанмард көп кешіктірмей, мынадай жыр жолдарымен жауап қайтарады:
«Сенің бағың – Қарши, Қасан, Қасаби,
Самарқандты қалай сұрап отырсың?
Базар жайлы ертегіңді жиып қой,
Одан сұлу армандайтын пақырсың!
Мына сөзің жауыңды да тұрғызар,
Қыздырады оның қаншыл семсерін!
Неғыласың Майдан-бақтың ауасын,
Жуаз бенен оның ғайбыл көктемін?
Егер менің жүрегімде Никкаштың
Маңайында жүру болса бір арман,
Барар едім оның құлы болуға,
Айнымас ем сондағы жүз ғұламнан!»
Шамасы, Абдулла II хан ғазалында Жауанмардқа өзімен бірігіп, Самарқандты басып алуды ұсынатын сияқты. Бірақ, байқалып тұрғандай, бұған Жауанмард Әли хан үзілді-кесілді қарсы шыққан. Бәлки, сол дәуірде билеушілер арасында мұндай өлеңдер өзара хабар алмасып, пікір жарыстырып тұрудың өзіндік бір тәсілі мен дәстүрі де болған шығар.
Тап сондай хат алмасудың кезінде Ұлы Моғол Акбардың да басынан осындай ойлар шарпысуы өткен екен. Ол бір жолы Абдулла ханға саяси астары мен салмағы бар өлең-хат жөнелтеді. Бірақ тарихи мәнбелерде осы өлең-хат сақталмапты. Есесіне, оған Абдулланың қайтарған жауабы күні бүгінге дейін жетіп отыр.
«Жалал ад-Дин Акбарға Абдулла хан былай деді» деп басталады бұл құжат.
«Сенің құштар сезіміңнің бұл күнде,
Қанаты мен қауырсыны қырқылған.
Әлі өзіңмен арпалысып жүрсің бе,
Ақыл-ойың жырақ қалып жұртыңнан?
Тұрма менің жолыма сен! Бос әуре
болып енді неге керек, әпенді?
Аккра мен Лахор сынды көшеңде
Күнде бүлік, есің барда қаш енді!»
Шынында сол уақыттарда жоғарыда аталған қалаларда халық күн сайын көтеріліп, билікке қарсы шығып жатқан екен. Соның меңзеген Абдулла Ұлы Моғол билеушісі Акбарға елден қашуды ұсынып, өзін келекеге айналдырады. Бұлай ететіні, үнді жерінің шахы одан шымбайына батып, намысын қайрайтындай етіп әлденені сұраса керек.
Заманында осы хат жайында жазба қалдырған Мутири Самарқанди сол пәйтте, 1577 жылы Акбардың Абдуллаға елші жібергенін баяндай отырып, соңында шахтың ханға жолдаған хатының былай аяқталғанын атап көрсетеді:
«Біздер дос боп тұрған кезде теңіз бен
жердің бетін жайламайды еш бүлік!»
Айта кету керек, Абдулла хан кейін тек билеуші ғана емес, сонымен бірге айтулы сөз зергері ретінде де айтарлықтай ұзақ уақыт жұрт жадында жақсы сақталып келген. Ол мезгіл өте келе ғана бұл сипатында айтыла бермейтін болған. Ақын Лутф-Әли бин Азар «Атешкадта» Абдулланың шығармашылық мұрасы есебінде оның бір бәйтіне талдау жасап өтеді. Ал XIX-XX ғасырлардағы қолжазбалар жинағында Абдулланың 9 ғазалының болғаны сөз етіледі. Билеуші осы өлеңдерінде «Аваз-Ғази» деген тахаллусты пайдаланған екен. Жалпы, ол парсы тіліндегі өлеңдеріне – бір бөлек, түркі (шағатай) тілінде жазылған жырларына бір бөлек лақаб ат қолданған. Соның ішінде түркі тіліндегі ғазалдарын көбіне «Али-Шир Наваи» деген жасырын атпен жазып қалдырғаны белгілі болып отыр. Әлбетте, оның өзінен бір ғасырға жуық уақыт алдын өмір сүрген, бүкіл саналы өмірін Хорасанның Герат шаһарында өткізген атақты Мир Әли-Шер Науайиге ешқандай қатысы болмағаны айтпаса да түсінікті шығар.
Осы сөздің сыңайында шағатай әдебиеті деген қандай әдебиет қандай әдебиет және қандай тіл, соның жайына да аздап тоқтала кетейік. Шағатай әдебиеті – Орталық Азияда шағатай, классикалық түркі әдеби тілінде жазылған жазба туындылардың жиынтығы. Бұл тіл Алтын Орда құрылғаннан кейін жергілікті қыпшақ тілінің сұлбасында өзінің негізін қалап, XIV ғасырда Өзбек ханның тұсында қалыптасып бітті. Сол кезде шағатай немесе түркі деген ат алған бұл тіл ұлыстың ордасы – Еділ жағасындағы Сарайда, Мәуреннахрдағы Хорезмде және Мысырдағы мәмлүк түріктері арасында және Сирия жерінде қолданыла бастады. Шағатай тілінде бірінші жарық көрген шығармалар аударма кітаптар болды. Ең алдымен 1340 жылы Құтб Хорезми парсы ақыны Нехамидің «Хосров о-Ширин» деген романтикалық дастанын аударды. Келесі ретте 1390-1391 жылдары Сайф-и Сараи парсы шайыры Санди жазған «Гулистон» («Гүлді мекен») деген прозасына өз тарапынан өлең араластырып тәржімалап берді.
Түркі қаламгерлері сол уақыттары парсы әдебиетінің ғазал, мәснәуи, рубай, робани (рубайдың бір түрі) секілді жанрларын өздерінің туюх (туюг) деп аталатын өлең пішіндерімен араластырып, шығармашылықпен шұғылданушы еді. Әмір Темір 1388 жылы Хорезмді талқандағаннан кейін Самарқанд пен Бұхарада да, Балх пен Гератта да шағатай тілі әдеби тіл ретінде кеңінен таныла бастады. Ал XV ғасырда Али-Шир Науайи (шын аты-жөні – Низомиддин Мир Әли-Шер) бұл тілге «шағатай» деген ат беріп, оның сөздік қорын бір ізге келтірді. Оған дейін жазушылардың көпшілігі бұл тілді «түркі тілі» деп атайтын еді. Ал тілдің мұндай ат алуына XIII ғасырда Шыңғыс хан империясының осы өңірге қатысты бір бөлігін екінші ұлы Шағатайдың басқарғаны себеп болды. Жұрты осылай оның есімін де тілге таңды. Шағатай терминін кейінірек Ұлы Моғолдардың падишахы болған Захир ад-Дин Мұхаммед Бабыр (1485-1530) мен Орталық Азия аймағынан шыққан авторлар жиі пайдаланды.
XV ғасырдың екінші жартысында жазушылар шағатай тілінде түпнұсқалық сүтін туындылар жазуды қолға алды. Ақындар арасында Сакаки, Атаи, Лүтфи және Гадани өз өлеңдерін таңдаулы топтамаларын осы тілде өмірге әкелді. Ағайынды Ахмади және Юсуф Әмири жансыз заттардың өзара айтысы секілді «мунәдзара» жырларында тауар бағаларының құндарына қатысты ойларын жеткізді. Ал Науаи Тимуридтер кезінде түркі тілінде шығарма жазудың ең белсенді авторларының бірі атанды. Ол өз туындыларында шағатай тілін өте жоғары көркемдік деңгейге көтерді. Өзінің ілтізәр шынайылығын мәснәуи жанрында өмір есігін аттатқан шиғырлары арқылы желіні баяндап берудің жаңа стилік жасап берді. Ұлы шайырдың «Хамсе» туындысында шағатай тілінің әдеби дәстүрі айрықша айшықталып көрінеді. Зерттеуші ғалымдар қазір осы шағатай-түркі тілін «ескі өзбек тілі» деп те атап жүр.
Абдулла II ханның Абд әл-Мүмин (1568-1598) атты жалғыз ұлы бар еді. Ол да әкесі сияқты поэзияға жақын болды. «Тазкират аш-шуара» антологиясының жазуынша, сұлтан жас кезінен жырға жақын өскен, кейін үлкейген шағында ақындар мен ғалымдарға әрдайым қамқорлық жасап, қанатының астына алып отырған. «Ол билеп тұрған кезде Балхта ешкім қайғы-мұң дегенді білмеді», – деп жазады жинақ авторы. Бұған қоса, Мутриби Самарқанди оның өте қатал ғана емес, сонымен бірге барынша қатыгез адам болғанын ашып айтады. Жас ханзада қарауындағы адамдарды титтей ғана қателіктері үшін де аяусыз жазаға тартып отырған. Ол мұны жұртты тәртіпке бағындыру деп түсінген. Сондығынан шығар, ешқашан шариғаттың шеңберінен шығып кетпеген, не істесе де, ислам қанундарына сүйеніп жасаған.
Алайда түптің түбінде Абд-әл Мүминнің ақырына жеткен, отыз жасында опат қылған жоғары билікке шексіз құмарлығы, оған жету жолында ештеңеден тайынбайтын нәмәрт та морт мінезі болды. Алдына қалайда биілікті алуды мақсат қып қойған ол әуелгіде бұл үшін әкесін өлтіріп жіберуге ниет етеді. Бірақ мұндай кәтта күнәһарлықтан оны Алланың өзі сақтап қалды, Абдулла хан ұлы өзіне қастандық жасағанға дейін-ақ кенеттен көз жұмып, бақилыққа аттанып кетеді. Сөйтіп, таққа қонған Абд әл-Мумин өзіне бақталастық жасаулары ықтимал туыстарының бәрін, әкесінің бауырлары мен олардың балаларын, сондай-ақ өзінің биліктің басына келуіне наразы болған әкімдерді түк қалдырмай қырып тастайды. Бірақ қанқұйлылық оның өзін де ұзатпады. Ол билік бишігін ұстағанына бір жыл да толмай тұрып, Самарқанд шаһарына бара жатқан жолында, кейін ұзамай Самарқандтың әмірі атанатын Абд әл-Уәси бей-башлықтың қолынан қаза табады.
Осы ретте Мутриби Самарқанди поэзияда өзіндік түсінігі болған Абд әл-Мүминнің өзі де өлең жазып тұрғанына назар аударады. Мұның нақтылы айғағы ретінде автор ханның мынадай жыр жолдарымен таныстырады:
«Сенің құлын мүшеңе толғанбаса жүрегім,
Семсерменен пәршалап таста оны – тілегім!»
Автор бұл егіз жолдарды өзінің ғашығына не нақсүйеріне арнаған сияқты.
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
Серік ПІРНАЗАР
«Үш халифтің ұрпағы» кітабынан
(Соңы бар)