Украина алғаш рет Киров облысына дрондармен шабуыл жасады
КИЕВ. 28 тамыз. Украина Қарулы күштері Ресейдің Киров облысына дрондармен шабуыл жасап, мұнай контейнерлерін бомбаның астына алды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Киров облысының губернаторы Александр Соколов өңірге әуеден шабуыл жасалғанын өзінің telegram-арнасында жазды.
«Бірнеше минут бұрын Котельничке ұшқышсыз ұшу аппараттары ұшып жетті. Дрон мұнай өнімдерін сақтауға арналған контейнерге шабуыл жасады. Адам құрбандары жоқ. Өрт жоқ. Жағдай бақылауда ұсталып тұр», – деп баяндады ол.
Губернатордың айтуынша, бұл жерде Котельнич басшысы Олег Исмаилов пен бейінді қызметтер жұмыс істеп жатыр.
Baza мәліметі бойынша, үш дрон «Вятка» комбинатындағы мұнай өнімдері бар қоймаға шабуыл жасаған. Олардың бірі резервуардың қақпағына соққы берген. Екінші дрон бос цистернаға түскен. Үшінші дронның соққысынан кейін қоймада өрт шыққан.
ТАСС-қа Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінен хабарланғандай, Украина облыстағы бірқатар нысандарға бес дронмен шабуылдаған, нәтижесінде өрт тұтанып, аспанға түтін көтерілген. Mash баяндағандай, Украина Қарулы күштері бұл жорықта А-22 маркалы «Летучая лисица» ұшқышсыз ұшақтарын іске қосқан.
Бұл – соғыс басталғалы бергі аймаққа жасалған бірінші шабуыл. Котельнич қаласы украин шекарасынан 1250 шақырым қашықта орналасқан.
Украин дрондары биылғы 21 тамызда алғаш рет поляр шеңберінің арғы бетіне дейін ұшып жеткен еді. Мурманск облысының Высокий кентіне жасалған шапқыншылық соғыс басталғалы бері украин дрондары ұшып жеткен ең ұзақ бекеті болды. Оның шекарамен аралығы 1850 шақырымды құрады. Украин беспилотниктері мұнда Ту-95МС және Ту-22М3 стратегиялық ракетатасығыштары орналасқан Оленья аэродромына нысанаға алып барған.
Бұдан бірер күн бұрын украин ұшқышсыз ұшақтары Дондағы Ростовтағы мұнай өнімдері зауытының тас-талқанын шығарып кетіп еді. Содан бері зауыттағы өрттің жалыны басылған жоқ.
Бұлай бола берсе, Ресей қысқа қарай мұнай өнімдерінен қатты тапшылық көріп қалатын түрі бар.
Қазір Украина Қарулы күштері дрондарының саны жағынан да Ресейден едәуір озып, алға шығып кетті. Мұның үстіне, Киевтің өз аспанын Мәскеу беспилотниктерінен тазартып тұратын қырғи-дрондар ойлап тауып, шығара бастағаны да белгілі болып отыр.