Ресей мен Украина майдан даласынан Курск облысына күштер тартып жатыр
МӘСКЕУ. 14 тамыз. Ресей мен Украина Қарулы күштері украин майданынан Курск облысына әскерлерін әкеп төгіп жатыр. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазір Курск облысы Украина мен Ресей қарулы қақтығысының жаңа ошағы болып тұр. Онда екі жақ та жаңа күштерді әкеліп төгуде, соның ішінде майданның басқа учаскелерінен де әскери бөлімдер алынып, осында жеткізілуде.
«Ресей Курск облысының қорғаныс шебін нығайту үшін Украинадан кейбір бөлімшелерді ұрыс алаңынан осында қарай шығарды», – деп жазды The Wall Street Journal америкалық шенеуніктерге сілтеме жасай отырып.
Киев осы кезге дейін Украина Қарулы күштерінің Курск облысында жүргізіп жатқан операциясының мақсатын ресми түрде жариялаған жоқ, бірақ оның РФ әскерлерінің украин жеріндегі позицияларын әлсіретуге бағытталып отырғанын ақырын аңғартып қойды. Бұл бәрінен бұрын ресейлік басқыншылар адам саны жағынан да, техника саны жағынан да басымдық көрсетіп отырған Донецк облысындағы ахуалды жақсартуды көздейтін сияқты. Онда Путиннің армиясы бірнеше айдан бері Покровск және Часов Яр секілді қалалар орналасқан маңызды шепті алуға біртіндеп жақындап келеді.
Украина Қарулы күштерінің өкілі, «Таврия» жедел-стратегиялық әскер тобының спикері Дмитро Лыховский Politico басылымына берген жауабында әңгіменің Запорожье және Херсон облыстарынан «салыстырмалы түрде шағын» топ турасында болып отырғанын айтты.
Украина әскерлері қазірге дейін Курск облысында майдан шебінен 30 шақырымға дейін ішкерілеп кіріп үлгерді. Ал майданның ені 40 шақырымға жуықтайды.
АҚШ президенті Джозеф Байден журналист әйелдің Украина үкіметіндегі жағдай жайы қаншалықты деңгейде талқыланып тұратынына қатысты қойған сұрағына жауап бере келіп: «Мен оны өзімнің қызметкерлеріммен бірге соңғы 6-8 күнде тәулігіне 4-5 сағаттан талқылап тұрамын. Бұл [Курск облысына басып кіру] Путин үшін нағыз диллема туғызады. Иә, біз украиндармен тікелей, тұрақты байланыста отырмыз», – деді.