Fly Arystan рейске жіберілмеген қыздың анасына тегін сертификат сыйлады
ОРАЛ. 11 тамыз. FlyArystan компаниясы бұдан бірқатар уақыт бұрын 12 жасар қызды бортқа кіргізбегендері үшін оның өзін, сыңарын және анасын тегін ұшыруға шешім қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
FlyArystan компаниясының президентінің міндетін атқарушы Ричард Леджер зардап шеккен ана Жазира Мусинамен кездесті.
Әуе компаниясының басшысы бүгін 2024 жылғы 21 шілде күні KC 7367 рейсіне отырғызу кезінде Астана әуежайында еш негізсіз қалған Зере Ғалиеваның анасы Жазира Мусинамен кездесіп, кешірім сұрау үшін Оралға ұшып барды.
Ричард Леджер зәбір көрген Зере Ғалиеваға, оның сыңары Зәуре мен анасы Жазира ханымға 2024 жылдың соңына дейін FlyArystan әуе компаниясының ұшақтарымен Қазақстан аумағында тегін ұшуға мүмкіндік беретін сертификаттар тапсырды.
Еске сала кетейік, Қазақстандағы ірі әуе тасымалдаушы компания Астана әуежайында 12 жасар қызды FlyArystan ұшағының бортына кіргізбей, сыртта қалдырып кеткен болатын.
Осыған байланысты жеткіншек қыздың анасы Жазира Мусина дабыл қағып, қоғам назарын өзіне шұғыл аударған еді.
Арада көп уақыт өтпей, қыздың анасы әуе компаниясы қызметкерлерінің 4 млн теңге моральдық шығын өтейтінін айтып, хабарласқанын мәлімдеді.