Ресей пабликтері: Украина әскерлері Белгород облысына да шабуыл жасауда
МӘСКЕУ. 12 тамыз. Украина Қарулы күштері бүгін Белгород облысына да қарқынды шабуылды бастап кетті. Бұл туралы «ДонПресс» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина әскерлері бүгін, 12 тамызда Белгород облысының Колотиловка елді мекені ауданында орналасқан Ресей әскерлерінің қорғаныс құрылымдарына шабуыл жасады. Ресейдің милитаристік «НгП раZVедка» ресурсы мұның Мәскеу уақыты бойынша таңғы 06.41 сағатта басталғанына куәік етті.
Паблик украин әскерлерінің шабуылды шағын штурм топтарының қолдауымен танк взводы күштері жүзеге асырғанын жазады.
Ресурс сондай-ақ украинның жақын тылында, дәлірегі, Сумы облысының Покровка елді мекенінде қорғанысты жарып өту сәтті аяқталған жағдайда ұрысқа қосыла кетуге сақадай сай дайын тұрған резервтің шоғырландырылып қойылғанын баяндайды. Украина Қарулы күштерінің көрші учаскедегі екінші тобы Прилесье елді мекені бағытымен соғыс алаңына қарай жылжуға әрекет етеді.
Кейінірек ТАСС агенттігі Украина Қарулы күштерінің белсенді қимылдары Белгород облысының Краснояруж ауданы тұсындағы шекарасы белдеуінде де байқалып жатқанын хабарлады. Облыс губернаторы Вячеслав Гладковтың хабарлауынша, мұнда да көп ұзамай қиян-кескі ұрыстар өтетін түрі бар.
Шенеунік өзінің Telegram-арнасында Краснояруж ауданында тұратын тұрғындарды енді облыс әкімгершілігінің бұдан гөрі қауіпсіздеу жерлерге көшіруі басталатынын айтты.
Осы кезде Украина Қарулы күштері Курск облысының 28 елді мекенін және жалпы көлемі 480 шарщы шақырым территориясын өз бақылауы астына алғаны белгілі болып отыр. Бұл жайында облыс әкімі Алексей Смирнов бұдан бірер сағат бұрын РФ президенті Владимир Путинге мәлімдеуге мәжбүр болды.