Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Париж-2024: Боксшыларымыз Нұрбек пен Сәкен ширек финалға шықты (видео)

ПАРИЖ. 30 шілде. Кеше кешқұрым және түнде Нұрбек Оралбай мен Сәкен Бибосынов (суретте) өздерінің Париж Олимпиадасының бокс турниріндегі бірінші жеңістеріне жетті . Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Екеуі де бірден турнирді 1/8 финалдық іріктеу сайысынан бастады.

Рингке бірінші болып 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай көтерілді. Ол Астана уақытымен сағат 19:18-де аустралиялық 21 жасар қабылан Каллум Петерспен жұдырық түйістірді. Ешқандай атағы жоқ жас боксшы біздің батырға қатты қарсыласты.

Дегенмен, алғашқы раундта Нұрбек 5:0 есебімен алға шыққан. Алайда екінші раундта Каллум дәл сондай есеппен таразы басын теңестіріп кетті. Бұған қоса, раунд басында Нұрбекті нокдаунға түсіріп үлгерді. Ал жекпе-жектің соңғы раундында төрешілер 3:2 есебімен жеңісті біздің бағланға беріп, оның ширек финалға өткенін жария етті.

Еске сала кетейік, Нұрбек Оралбай – әлемнің 2023 жылғы чемпионы. Ол келесі шайқасын осы кезеңде мысырлық араб Абделрахман Абделгаууадты жарыс жолынан шығарып тастаған әзербайжан Мурад Аллахвердиевпен өткізеді.

Біздің 51 келіге дейінгі салмақтағы саңлағымыз, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов өзінің алғашқы жекпе-жегінде Еуропаның 2024 жылғы чемпионы, түрік тарланы Самет Гумушпен сағат 23:00-де кездесті.

Сәкен бірінші раундты 4:1 есебімен аяқтады. Екінші раундта толық басымдыққа жетіп, 5:0 деген есеп тіркетті. Ол соңғы раундта осы қарқынды сақтап қалды. Сөйтіп, 5:0 есебімен ұтты.

Сәкеннің ширек финалдағы қарсыласы Олимпиада чемпионы, өзбек Хасанбой Дусматов болғалы тұр. Ол өзінің осы жолғы бірінші жекпе-жегінде пуэрториколық Хуанма Лопес де Хесусті ұтты.

Нұрбек Оралбай мен Сәкен Бибосынов өздерінің ширек финалдық шайқастарына 1 тамыз күні шығады.

Ал бүгін тағы екі боксшымыз – 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Махмұд Сабырхан мен 75 келіге дейінгі салмақтағы Валентина Хальзова турнирдегі бірінші ұрыстарын өткізіп, 1/8 финалдық кезеңде шайқасады.

Атап айтқанда, Махмұд сағат 14:16-да рингке көтеріліп, испаниялық Хосе Бротонс Кильеспен жұдырықтасады. Ал Валентина түнгі сағат 00:36-да панамалық Атейна Билонмен күш сынасады.

Жекпе-жектер «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button