Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Париж-2024: Боксшы Махмұд Сабырхан Олимпиадамен қоштасты (видео)

ПАРИЖ. 31 шілде. Бүгін күндіз өткен сессияды 57 келіге дейінгі салмақтағы Махмұд Сабырхан қарсыласынан жеңіліп қалып, Ойындардағы бәсекелерін аяқтады. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Турнирді 1/8 финалдан бастаған қазақ боксшысы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, испан Хосе Бротонс Кильеске 1:4 есебімен есе беріп алды.

«Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Махмұд Сабырхан Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңілді», деп жазды Olympic.kz.

Шайқастың бірінші раундының бас жағында қолы да, бойы да едәуір ұзын испан атлеті басымдау болды. Раунд ортасынан бастап біздің бағлан батыл шабуылға шыға бастады. Бірақ төрешілер жеңісті 4:1 етіп, Кильеске беріп жіберді. Келесі раундта тіпті есеп 5:0 болып кетті. Мұнда да Махмұд дәл осыншалықты төмен бола қоймаған еді. Ал соңғы раундта жиектегі төрешілер басымдықты 3:2 деп бағалап, тағы испан жігітінің мерейін өсіре түсті. Осылайша үш раундта да Кильес ұтқан болып шықты.

Осымен біздің үшінші боксшымыз жарыс жолынан шығып қалып отыр. Бұған дейін 71 келіге дейінгі салмақ категориясындағы команда капитаны Асланбек Шымбергенов иорданиялық Зейяд Ешайштан, ал 92 келіден ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық Аюб Гадфа Дриссиден ұтылған болатын. Екеуінде қорытынды есеп 3:2 болды.

Жекпе-жек соңынан берген брифингінде Махмұд Сабырхан шайқастың қалай өткені жайлы өз ойын білдірді.

«Олимпиаданың бірінші күні болғандықтан ба, білмеймін… Ұтылғанды мойындау керек. Бірақ бірінші раундты испаниялыққа беріп жіберді. Бірінші раунд бәрін құртып жіберді. Бірінші раундта өзім жеңгендей болып едім, екінші және үшінші раунд… Шынымды айтсам, бірінші раундта алып тұрған едім, соны бергенде, жақсы бокстасар едім. Екінші раундты да қарсыласқа беріп жіберді, үшінші раунд ештеңе шешпейтінін білдім. Осымен Олимпиаданы аяқтадым. Бар күшімді салдым», – деді ол сонда.

Еске сала кетейік, испаниялық енді өзбекстандық әлем чемпионы Абдумалик Халоковпен жұдырықтасады.

Бүгін түнде бізден енді Валентина Хальзова (75 кг) рингке шығып, 1/8 финалдық шайқасын өткізеді. Ол түнгі сағат 00:36-да панамалық Атейна Билонмен күш сынасады.

Жекпе-жектер «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button