Париж-2024: Бүгін боксшылар Сәкен мен Нұрбек бірінші шайқастарын өткізеді
ПАРИЖ. 30 шілде. Бүгін Париж Олимпиялық ойындарының бокс турнирінде бізден Сәкен Бибосынов (суретте) пен Нұрбек Оралбай өздерінің алғашқы айқастарына шығады. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Турнирдің 30 шілде, сейсенбі күнгі күндізгі және кешкі сессиялары Астана уақыты бойынша 14:00, 18:30, 23:00 сағаттарда басталады.
Бұл күні әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалдық, 54 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалдық іріктеу жекпе-жектері өткізіледі. Ал ерлер 51 және 80 келіге дейінгі салмақтарда 1/8 финалдық іріктеу шайқастарына шығады.
Әйелдер арасында бізден 54 келіге дейінгі салмақта ешкім жоқ. Ал 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Карина Ибрагимова өзінің бірінші кездесуін 2 тамыз күні түнде сағат 23:32-де өткізіп, бірден 1/8 финалдық іріктеу сынағына түседі.
Ерлер арасында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Нұрбек Оралбай бүгін сағат 19:18-де аустралиялық Каллум Петерспен шаршы алаң үстінде кездеседі. Ал 51 келіге дейінгі салмақтағы Сәкен Бибосынов сағат 22:00-де түрік Самет Гумушпен жұдырықтасады.
Егер Нұрбек бұл кедергіден өтсе, әзербайжан Мурад Аллахвердиев пен мысырлық араб Абделрахман Абделгаууад арасындағы жекпе-жекте жеңіп шыққанымен ширек финалда шайқасады. Сәкен жеңіс тұғырынан табылса, ширек финалда Жуанма Лопес де Жесус (Пуэрто-Рико) – Хасанбой Дусматов (Өзбекстан) арасындағы шайқастың жеңімпазына қарсы шығады.
Ертең бізден рингке Махмұд Сабырхан (57 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) көтеріліп, 1/8 финалдық шайқастарын өткізеді. Атап айтқанда, Махмұд испаниялық Хосе Бротонс Кильеспен, ал Валентина панамалық Атейна Билонмен күш сынасады.
Бүгінгі жекпе-жектер «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.