Париж-2024: Боксшылар Мұхаммедсабыр ұтты, Қамшыбек ұтылып қалды
ПАРИЖ. 30 шілде. Түнде Париж Олимпиадасының бокс турнирінде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (суретте) кезекті жеңісіне жетсе, Қамшыбек Қоңқабаев күтпеген жерден әтсіздікке ұшырады. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Бірден айтып қояйық, 1/8 финалдық іріктеу сынағы болған екі жекпе-жекте де жиектегі төрешілер қазақ боксшыларына оншалықты оң көзбен қарай қойған жоқ.
Алдымен бұрынырақ рингке шыққан Мұхаммедсабырға келейін. Ол осының алдындағы Азия ойындарында күміс жүлдегер болған тайпейлік Лаи Чу Енмен қолғап түйістірді. Біздің жігіт үш раунд бойы қарсыласынан оқ бойы алдап жүріп отырды. Ол тайпейліктің бір соққысына ұдайы екі не үш соққымен жауап қайтарумен болды. Соған қарамастан, раунд сайын төрешілердің үшеуі ғана оның жеңісін мойындап тұрды. Сөйтіп, 3:2 есебімен ұтқан ол 63,5 келіге дейінгі салмақта ширек финалға шықты.
Енді Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1 тамыз, бейсенбі күні түнде сағат 00.36-да Сакартвело өкілі Лаша Гурулимен жұдырық айқастырады.
Еске сала кетейік, 2023 жылы мамыр айында Ташкентте өткен әлем чемпионатынла біздің Дулат Бекбауов осы картвел (грузин) боксшысымен финалда ұшырасып, 5:0 есебімен жеңіп шыққан еді.
Қазылар тарапынан орын алған нағыз қараулық аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевты испаниялық Аюб Гадфа Дриссмен арада өткен ұрыста орып түсірді.
Алғашқы раундта біздің атлет аздаған басымдықпен алға шықты (3:2). Ал келесі раундта қарсыласы біршама белсенділік танытқанымен, ол Қамшыбектен асып түсе алған жоқ. Қайта осы кезеңде қазақ боксшысының кейбір соққылары бәсекелесін бірнеше рет теңселтіп кетті. Бірақ арбитрлар, неге екені түсініксіз, раундтағы жеңісті 4:1 есебімен Дриссиге беріп жіберді. Соңғы кезеңде қатты шаршап қалған қарсыласынан біраз есесін қайтарған Қамшыбекке 3:2 есебімен жеңіс жазылғанымен, ол тұтастай ұтысты қамтамасыз ете алмады. Қорытынды 2:3 болып шықты.
Осыған ұқсас жағдай осы 92 келіден ауыр салмақтағы армян Давид Чалоян мен ұлыбританиялық Делишес Ори арасындағы жекпе-жекте де орын алды. Онда үш раунд бойы бұлардың екіншісі басымдық көрсетті, тіпті соңғы раундқа дейін есепте алда тұрды, бірақ ең соңында жеңіс үшінші раундта да қатырмаған оның қарсыласына беріліп кетті.
Бұған дейін бізден 71 келі салмақтағы Асланбек Шымбергенов жарысты аяқтаған болатын. Осымен, екінші саңлағымыз саптан шығып қалып отыр.
Әсілі, боксшылар IBA-ның өктемдігінен құтылса да, әділетсіз төрешіліктің құрығынан әлі алыстай алмаған екен. Бұдан бұрын ХОК бірінші рет бар билікті қолына алған Токио Олимпиялық ойындары тап осындай қараулыққа толы болып еді. Сол ұятсыздық үрдісі жалғасып жатыр…