Украина РФ-ның басты құралын көптеп жойса, соғыста бетбұрыс жасайды – Forbes
НЬЮ-ДЖЕРСИ. 18 шілде. Украина Қарулы күштері Ресейдің басты тактикалық құралы – артиллерияны көптеп құрта берсе, соғыста бетбұрысқа қол жеткізе алады. Бұл туралы Forbes ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украин қорғаныс күштері соңғы айларда РФ армиясының соғыстағы негізгі тактикалық қару-жарағы артиллерия екеніне көз жеткізіп, оның мүмкіндігінше көптеп істен шығару міндетін жүзеге асыруға бет алды. Мұның өзі майданда айтарлықтай бетбұрыс әкеліп, басқыншылар әскерлерінің қимылдарын шектеуге қол жеткізуі ықтимал.
«Артиллерия Ресейдің соғыс жүргізу тактикасында орталық орын алады, шамасы, Украина Қарулы күштері оған қарсы тұрудың амалын тапқан сияқты», – делінген Forbes. хабарламасында.
Басылым аналитиктердің РФ жаяу әскерлерінің терең тылдағы соққылар мен жақын қашықтықтардағы ұрыстарының негізгі ажал оғын себуші құралы ретінде артиллерияны пайдаланатынын атап өтетінін баяндайды. Ресей армиясы қалаларға шабуыл жасаған кезінде жаяу әскерлердің тыңғылықты даярлығын талап ететін көше ұрыстарынан бас тартып, артиллерияның көмегімен бір махалладан кейін бір махалланы жермен-жексен етіп тұрады.
Енді егер Украина Қарулы күштері Ресей артиллерияларын оңай тауып алып, шетінен жоя беретін болса, майдандағы ахуал түбегейлі өзгеріп, таразы басын өздеріне қарай аударып әкетуге толық негіздері бар. Бұл түбірлі өзгеріс пен белеңді бетбұрыстың басы болмақ.
Украина Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылғы мамырда жау артиллериясының 555 бірлігі жойылып жіберілген болса, биылғы мамырда бұл цифр 1160 бірлікке дейін өскен, ал маусымда тағы бір рекорд жаңартылып, көрсеткіш 1460-қа жеткен. Шілде айының ортасына дейін 769 бірліктің қиратылғаны белгілі болып отыр.
Шолушылар қарқынның бұлайша артып келе жатқанын Украинада қазір дрон-камикадзелердің көптеп жасалып келе жатқанымен байланыстырады.