Еуропаның ең биікте орналасқан Сицилиядағы Этна вулканы қозғалып жатыр
РҮМ. 16 шілде. Бүгін Жерорта теңізіндегі Сицилия аралында орын тепкен ең белсенді Этна жанартауы қайта атқылай бастады. Бұл туралы La Repubblika ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жерорта теңізіндегі ең үлкен арал Сицилия болса, оның аумағындағы Этна вулканы кәрі құрлықтағы ең белсенді жанартау болып саналады.
Бүгін Жерорта теңізінің үсті алқызыл жалынның бояуына боялып шыға келген: Сицилия аралында тағы да Еуропадағы ең биікке орналасқан жанартау ыстық оттарын атқылауға көшті.
Лава бұрқағынан лықсып шыққан ыстық магма толқыны Этна жанартауы кратерлерінің бірі – Ворогинадан жұлқынып шыққан. Ал жанартаудан атқылаған күл аралас қою түтінді ұстынның биіктігі мың метрге дейін көтерілген. Ол буырқанып шығып жатқан кезде жұрт аса қуатты «жарылыс дыбыстарын» да естіген. Ворогина кратері соңғы төрт жылда ешбір дыбыс бермей, тым-тырыс сұлқ жатқан екен.
Осыған байланысты Жерорта теңізінің үстімен ұшып өтетін пилоттарға «қызғыш сары» ескерту беріліп қойыпты, себебі, күлдің қалдықтары ұшақтар двигательдеріне қауіп төндіруі мүмкін көрінеді. Алайда мамандар дәл мұндай қауырт қауіптің жоқ екенін айтып отыр, сондықтан жақын маңдағы Фонтанаросса аэропорты әдеттегі қалыпты режиммен жұмыс істеп тұр.
Жанартаудың айналасына 10-нан аса видеостанция орналастырылыпты. Кратердің жарықшағы маңындағы температура Цельций бойынша 600 градусқа жетеді.
Этна, араб тілінен аударғанда, «От тауы» деген мағына береді. Ол 3357 метр биікте орналасқан. Оның жотасында 200-400 аралығында кратер бар деп есептеледі.
Мұнда соңғы рет вулканның атқылауы 1922 жылы орын алған екен.