Бокс. Қазақстан еншісінде әзірге – 6 олимпиялық лицензия
АММАН. 9 наурыз. Иорданияның астанасы Амман қаласындағы бокстан Океания/Азия құрлықтық бірінші іріктеу турнирінде кеше күндіз және кешке ойналған 1/4 финалдық жекпе-жектердің қорытындысында қазақстандық 6 спортшының Олимпиадаға лицензия алғаны белгілі болды. Бұл туралы Olimpic.kz сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлады.
Біздің екі құрама мүшелері арасынан шаршы алаңға бірінші болып 69 кг салмақтағы Абылайхан Жүсіпов шықты. Ол өзінің таиландтық тәжірибелі қарсыласы Витчай Масукті 5:0 етіп тізе бүктірді. Мұның артынша рингке көтерілген 81 кг салмақтағы Бекзат Нұрдәулетов тәжік Шахбоз Негматуллоевты бет қаратпай ұтты. Мұнда үш раунд бойы төрешілер жеңісті тек біздің оғланға беріп тұрды. Бұлардан кейінгі 91 кг салмақтағы Василий Левитке де тәжікстандық спортшы тап келді. Ұрыста біздің бағланның басымдығы тіпті айқын көрінді. Сондықтан да ол үш раунд жинағында 30:25, 30:26, 30:27 деген кіл өте жоғары баллдар алды.
Қазақстандықтар сапынан кешкі сессияны бастаған 69 кг салмақтағы Валентина Хальзова қытайлық Хонг Гумен жұдырық сілтесті. Өкінішке орай, ол қарсыласынан аса алмады. Жақында ғана декреттік демалыстан шығып, жаттығуға қосылған спортшы әлі бабына келе қоймағанын байқатты.
Есесіне, бұдан кейінгі үш боксшымыз да жеңіс тойын тойлады. Атап айтқанда, осыдан кейінгі бір ұрыстан соң өзінің вьетнамдық қарсыласы Тхи Хуонг Нгуеньмен қолғап түйістірген 75 кг салмақтағы Надежда Рябец одан 5:0 есебімен басым түсті. Ал Әбілхан Аманқұл өзбек Фанат Қахрамоновты 5:0 есебімен жеңіп, жарыс жолынан шығарып тастады. Ал аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев қытайлық Майматти Айхемаитиді емін-еркін еңсерді. Бұл шайқаста да қапталдағы қазылар үш раундта да жеңісті түгел біздің команда капитанына жазып шықты.
Сонымен, Қазақстан құрамасы мүшелері қатарынан Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдәулетов, Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев және Надежда Рябец Токио Олимпиялық ойындарына жолдама алып үлгерді. Бұлардың ішіндегі Надежда (суретте) жастар қатарынан ересектер арасына енді ғана келіп отырған ең жас боксшы еді, қыздар тобында лицензияға қол жеткізген де жалғыз сол болды.
Бүгін 52, 57 және 63 килоға дейінгі салмақтардағы боксшыларымыз Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов және Зәкір Сафиуллин ширек финалдық айқастарын өткізіп, жолдама тағдырын шешеді.
Турнирде ертең, 10 наурыз күні – жартылай финалдық, ал 11 наурызда финалдық шайқастар болып өтеді.
Бұған дейін Өзбекстан ерлер құрамасы сапынан екі боксшы (Дильшод Рузметов – 81 кг; Фанат Қахрамонов – 81 кг) жарыс жолынан шығып қалды. Бізден әзірге шығын жоқ.
Бұл турнирде лицензия ала алмағандар оған мамыр айында Парижде өтетін келесі жарыста қол жеткізуіне болады.
Жартылай финалда біздің спортшыларымыз енді мына бәсекелестерімен кездеседі:
Абылайхан Жүсіпов – Викас Кришан (Үндістан), Әбілхан Аманқұл – Танглатихам Туехета (Қытай), Бекзат Нұрдәулетов – Одай Алхиндави (Иордания), Василий Левит – Хусейн Иашайш (Иордания), Қамшыбек Қоңқабаев – Юстис Хуни (Австралия), Надежда Рябец – Кэйтлин Паркер (Австралия).