АҚШ соты Трампты порноактрисаға заңсыз төлем төледі деп айыптады
НЬЮ-ЙОРК. 31 мамыр. Нью-Йорктегі Манхэттен қылмыстық сотының алқабилері АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты қаржыға қатысты айыпты деп тапты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алқабилер бұрынғы президентті 2016 жылы порноактриса Сторми Дэниелске төлем төлегенін жасыру мақсатында жалған қаржылық есеп тапсырды деп айыптады.
Саясаткер істің барлық 34 эпизоды бойынша да айыпты деп тапты. Олардың әрбірінде Трампты төрт жылға дейін түрмеде отыру жазасы қарастырылған. Үкімді 11 шілдеде өтетін болып белгіленген арнайы отырыста судья Хуан Мерчан шығарады. Алайда Трамп тіпті түрмеге аттандырылып жіберілген күнде де, оны алда болатын президент сайлауында дауысқа түсу құқығынан айыра алмайды.
Вердикт жариялануы барысында Трамп сот залында оны тырс етпей тыңдап отырды. Ал соңынан сот процесін «масқара» және «қолдан жасалған қорлау» деп бағалады. «Нағыз үкімді 5 қараша күні халық шығарады, жұрт мұнда не болып жатқанын жақсы біледі», – деді саясаткер.
Айыптаушы жақтың версиясына сәйкес, Трамп 2006 жылы порноактриса Сторми Дэниелспен (шын аты-жөні – Стефани Клиффорд) интимдік байланысқа барған. Ал 2016 жылы президент сайлауына саналы күндер қалғанда, оның заңгері Майкл Коэн осы құпияны сыртқа шығармауы үшін аталмыш әйелге $130 мың ақшаны ауызбастырық ретінде төлеген.
Трамп президент болып сайланғаннан кейін Коэнге осы сомаға бонус пен салық өтемақысын қосып, өндіріп берген. Ол мұның бәрін заңгерлік қызметке төленген ақы ретінде тіркеп, бүркемелек болған. Сөйтіп, жалпы шығын $420 мыңды құраған.
Нью-Йоркте қаржы құжаттарына қатысты алаяқтық қылмыс болып бағаланады.
Бұл – Дональд Трампқа қарсы қозғалған төрт қылмыстық істің біріншісі. Уашингтонда бұрынғы президент билікті ұстап қалуға тырысты және Джо Байден жеңіске жеткен президенттік сайлаудың нәтижелерін бекітуге кедергі келтірді деп айыпталды.
Флорида мен Джорджия штаттарында да қылмыстық істер қозғалған.