Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев қызметтен кетті
АСТАНА. 31 мамыр. Футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев қызметінен кетті. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Футбол үйінде Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабымен кездесу өткізді.
Осы жерде құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиевтің отбасылық жағдайына байланысты қызметтен кету жөнінде өтініш бергені белгілі болды. Оның бұл өтініші қанағаттандырылды.
Федерация оқиғаның былай өрістеуі мүмкін екенін бұрыннан ойластырып жүрген екен. Сондықтан бұған дайын болып шықты. Енді алдағы аптаның басында жаңа бас жаттықтырушы тағайындалады. Қазір бұл орынға тағы бір ресейлік – 61 жастағы осетин Станислав Черчесов келуі мүмкін екені де айтылып жатыр.
Қазақстан құрамасы 46 жастағы ресейлік шешен жігіті Магомед Мусаевич Адиевтің тұсында әртүрлі деңгейде 21 кездесу өткізіп, оның 11-інде жеңіске жетті, 1 рет тең ойнап, 9 мәрте ұтылысқа ұшырады. Осы уақытта құраманың 18 ұпай жинап, 16 гол соғуы оның жаңа рекорды болып саналады. Айтатыны жоқ, ұлттық команда Адиевтің кезінде айтарлықтай өрледі.
Metaratings.ru ресурсы осы өзгерістерге орай Қазақстан құрамасының және Мәскеудің «Химки» командасының 24 жастағы қорғаушысы Лев Скворцовтан пікір сұрапты.
«Мен Магомед Адиевтің Қазақстан құрамасынан кеткенін естігенімде қатты қапа болдым. Бұл жаңалық ептеп есеңгіретіп тастады. Бұлай кетіп қалады деп күтпедім. Дегенмен, оның кетуімен құраманың быт-шыты шығады деп ойламаймын, бірақ бұл біз үшін үлкен минус болып табылады, себебі ол білікті маман еді», – деді ол.
Магомед Адиев биылғы сәуірден бері Грозныйдың «Ахмат» командасын қоса басқарып келді. Ол қысқа мерзім ішінде клубты премьер-лигадан шығудан аман сақтап қалды.