Қиянда қалған құрылыстар Қызылордадан Қуандықовқа қол бұлғайды (видео)
ҚЫЗЫЛОРДА. 21 мамыр. Қызылордада облысты Болатбек Қуандықов басқарып тұрған тұста салынған жылыжай кешені құрылысының сол қалпы іске аспай қалғаны аян болды. Бұл туралы әлеуметтік желі дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Үш күннен бері әлеуметтік желіде Қызылорда қаласының түбіндегі «Талсуат» ауылы маңында бұдан көп жыл алдын салынып, кейін түкке аспай қалған жылыжай кешені жайлы видео материал тарап жатыр.
Оны бізге Атырау қаласында тұратын белгілі жазушы-журналист Төлеген Берішбай арнайы жіберіпті. «…Мына бейнежазбаны көріп, жағамды ұстаған соң, мұның нендей себеппен бұлай аяқасты болып қалғанын білгім кеп, саған жолдап отырмын. Бұл өзі шынында бюджет қаржысына салынған ба? Мұнысы несі? Әлде тиісті қаржысы толық берілмей, амалсыз тұрып қалған ба?», – деп жазыпты әріптес досымыз. Осының өзі қияндағы Қызылордада орын алған жағымсыз жайтқа республиканың басқа қиырында тұратын абыройлы азаматтардың да қабырғалары қайысатынын білдіреді.
Ал бейнежазбаны жарыққа шығарған автор өзінің хабарды 2024 жылдың 10 мамыры күні жүргізіп тұрғанын баяндай келіп, бұдан 12 жыл бұрын Қызылорда қаласы түбіндегі «Ягодка» саяжайы ауданында, бұрынғы Александр, қазіргі «Талсуат» елді мекенінің жанында бой көтерген жылыжай кешенінің содан бері жұмыс істемей тұрғанын атап өтеді. Айтуынша, кешен кезінде мемлекеттік бағдарлама бойынша миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңге қаржыға салынған. Сол кезде аймақ билігі осы кешен арқылы тек Қызылорда облысын ғана қысы-жазы көкөніспен қамтамасыз етіп қоя салмай, сонымен бірге жергілікті жұртшылықтың тұтынуынан артылған өнімдерді шетелдерге экспортқа шығармақ болып, уәдені үйіп-төгіп берген көрінеді.
«Бірақ әкімдік халықтың ақшасын мақсатсыз жұмсап, ақыр аяғында кешенді мынадай бейшара хәлге жеткізді», – дейді автор ашынғаннан.
Шындығында мына бейнежазба біздің өткен отыз жылдық белесіміздегі келеңсіз көріністердің нағыз көрнекі құралы болып шығыпты. Сол отыз жылда бүгін ашыла салып, ертең не арғы күні, болмаса, алты айдан кейін жабылып қалған кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары, зауыттар мен фабрикалар аз болған жоқ-тын. Бір ғажабы, солардың барлығын дерлік кезінде біздің байырғы президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз аяғымен барып, салтанатты жағдайда ашып беріп кеткен еді…
Қазір сөз болып отырған жылыжай кешені ашылып та үлгермеген сияқты. Бірақ бар шаруасы бітіп барып тоқтап қалғанға ұқсайды. Бұған не себеп? Осыған байланысты әлеуметтік желіні пайдаланушылардың дені содан бері Антикордың неге мұны назарға алмағанын, құқық қорғау органдарының қайда қарап отырғанын жапатармағай сұрап жатыр. Ендеше, біз де енді сондай сауал тастамақпыз. Шынында, неге?!
Автордың айтуына қарағанда, жылыжай кешені бұдан 12 жыл бұрын салынып біткен. Демек, 2012 жылы пайдалануға берілген. Ал ол кездері өңірді Болатбек Қуандықов басқарып тұрды. Ол 2008 жылдың 11 мамырынан бастап, табаны күректей бес жылға жуық уақыт Қызылорда облысының әкімі болды. Оны 2013 жылдың 17 қаңтарында ғана Қырымбек Көшербаев алмастырды.
Сонда бітіп тұрған құрылыстың іске қосылмай қалуына не себеп? Әлде бұрынғы әкімнің нысанын кейінгі басшы керек қылмаған ба? Осы аралықта бір түйткілдің бары анық. Енді оны тиісті органдар анықтай жатар деген үміттеміз.
Осы ретте Қызылордада сол жылдары теміржолдың үстіне салынған көліктердің аспалы көпірі неге әу басындағы сметалық жоспарынан ауытқып кетіп, бір бағыттағы жол сияқты қуықтай дәліз пішінінде салынып шыққанына да қайта бір үңіліп қараса, жөн болар еді деп ойлаймыз.
Атам заманнан ат қойғыш қызылордалықтар қаланың «Гагарин» кентіне қарай өтетін бұл өткелге «Ілтипат» деген ном таңып алыпты. Себебі, бір беткейден келе жатқан көлік қарсы бағыттағы машина өтіп кеткенше, оған жол беріп, құрмет көрсетіп, ілтипат жасап тұруға мәжбүр-дүр. Өйткені, көпір енінің тарлығынан оның үстінде қарама-қарсы келе жатқан екі араба қатар жүріп, бір-бірімен тоқайласа алмайды. Мұның да сүбесі сұраусыз кетіп бара жатыр… Кезінде бұлар бәріне жазықты етіп, осы аспалы жолдың құрылысын жүргізген түрік-әзербайжан біріккен кәсіпорнын құрбандыққа шығара салған сияқты. Шын мәнінде солай ма екен? Мықтылардың дүмі диірмен тартып кетпеп пе? Сонда көз алдарында болып жатқан тірліктен бейхабар болатындай облыс басшылығы қайда қарап отырған, кімнің қойын бағып жүрген?
Айтқандай, сол кезде бұл көпірдің ашылу рәсіміне Назарбаевтың өзі де келген. Бірақ өткелдің сұрқын сырттай байқаған президент оның үстіне шығып көріп, соңынан лентасын қиюға ар-ұяты жібермей, қолын бір сілтеп, кетіп қалған…
Құдай ақы, мынау тура баяғы совет заманындағы «Фитиль» сатиралық киножурналының сюжетіне ұқсайды ғой….
Қалай дегенде де, халықтың ақшасы «қолдылардың» қалталарында кете бермеуі керек!
Мұндай бассыздық пен жойдасыздықтар келешекте мүлдем орын алмауы үшін де бұларға қазір заң жүзінде принципті баға берілуі тиіс. Оны бізден қазіргі уақыт та, ертеңгі келешек те талап етеді.