Иран президенті Эброхим Раиси тікұшақ апаты салдарынан қаза тапты
ТЕҺРАН. 20 мамыр. Иран президенті Эброхим Раиси кеше түнде тікұшақпен Шығыс Әзербайжан уәлаятына ұшып бара жатқан сапары барысында апатқа ұшырап, опат болды. Бұл туралы The Insider ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Иран бұқаралық ақпарат құралдары бортында Иран президенті бар тікұшақтың жерге өте қатты екіпіндеп келіп соққаны жайында жазып жатыр.
Парсы мәтбұғаты мәнбелеріне сілтеме жасаған Associated Press агенттігі апат Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Джулфа шаһарына жақың маңда, Теһраннан шамамен 600 шақырым қашықтықта орын алғанын атап өтті.
Раиси Шығыс Әзербайжанға көршілес ел – Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге плотинаның ашылу салтанатына қатысу үшін бара жатқан. Бұл екі елдің бірігіп, Арас өзені бойынан ашқалы тұрған үшінші гидроқұрылысы екен.
Иранның IRNA агенттігі тікұшақта Раисимен бірге Иран сыртқы істер министрі Хосейн Әмир Абдолахян, Шығыс Әзербайжанның губернаторы Малик Рахмати, Тебриздің «Жума» мешітінің имамы Сайед Мохаммад-Әли әл-Хашем және бірнеше шенеунік болғанын баяндайды. Олардың бәрі апат орнында қаза тапқан. Бұған ауа райының қолайсыз жағдайы, қалың тұман түсуі себеп болғанға ұқсайды. Құлаған тікұшақты іздестіру түні бойы жүргізілген.
Қаза тапқандардың денелері бүгін таңертең тікұшақтың құлаған жерінен табылды. Оларды жерлеу 21 мамыр күні Тебризде өтеді. Ал президент Эброхим Раиси 23 мамырда Мешхедте жер қойнына беріледі.
Бүгін елде жалпы ұлттық аза жарияланды.
Өздерінде орын алған сәтсіздіктің бәріне Батыс пен АҚШ-ты кінәлайтындар, Ресейдегі сияқты, бұл елде де бар екен. Тап солай, Иранның бұрынғы сыртқы істер министрі Зариф мына инцидент үшін артық-кемі жоқ бірден Уашингтонды айыптай бастады. Оның пайымынша, апатқа Иранға авиациялық қосалқы бөлшектерді сатуға эмбарго салып тастаған АҚШ билігі тікелей кінәлі көрінеді.
Айта кетейік, Иранда Шығыс Әзербайжан (орталығы – Тебриз) және Батыс Әзербайжан (орталығы – Үрмия) деп аталатын екі уәлаят бар. Қазір Әзербайжан мемлекетінде 8 млн әзербайжан миллеті тұратын болса, Иран жеріндегі әзерилер саны 20-30 миллионның аралығын құрайды. Әзербайжандар саны жағынан түркі халықтары арасында түріктерден кейінгі екінші орынды алады. Үшінші орында – өзбектер, төртінші орында – қазақтар, бесінші орында – ұйғырлар, алтыншы орында татарлар тұр.