Украина РФ Қара теңіз флотының тағы бір кемесін суға батырды
КИЕВ. 19 мамыр. Украина Қарулы күштері Қара теңіз акваториясында Ресейдің 266ММ «Кировец» деген кемесін жойып жібергенін мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша РФ-ның Қара теңіз флоты құрамындағы тағы бір кораблі қатардан шығып қалды.
«Бүгін түнде Украина Қарулы күштері РФ Қара теңіз флотының 266-М жобасындағы «Кировец» атты теңіз тральщигін жойып жіберді», – делінген Украина Қарулы күштері Бас штабының хабарламасында.
Алайда Украина командованиесі оқиғаның бүге-шігесін айтпайды, ал РФ қорғаныс министрлігі оған түсіндірме берер емес.
Бұған дейін Ресей әскери ведомоствосы Киевтің ATACMS ракеталарымен Қырымды атқылаудың астына алғанын баяндаған еді. Әлбетте, ресейлік «ержүрек жауынгерлер» әдеттегідей снарядтардың бәрін «әуеде жоқ қылып» жіберген.
Бұдан бөлек, украин дрондары бүгін Қырымға, Краснодар өлкесі мен Белгород облысына шабуыл жасады.
Жалпы, Украина екі жылдан астам уақытқа созылған соғыстың өне-байында Ресейдің 20-дан астам кемесін жоқ қылып жібергені белгілі.
Соғысқа дейін Қара теңіз флотында 70 кеме болған еді.