Өткен түнде Бішкекте жастар шетелдік мигранттармен қақтығысып қалды
БІШКЕК. 18 мамыр. Өткен түнде Қырғызстан байтағы – Бішкек қаласында жастар тобы шетелдіктермен жаппай төбелесті. Бұл туралы 24.kg ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Өткен түнде Бішкектегі хостелдердің бірінде шетелдіктердің жергілікті тұрғындармен төбелесінің соңы жаппай наразылыққа ұласты. Осыған байланысты көшеге 1 мыңға жуық адам шықты. Кеше кешқұрым басталып кеткен стихиялы қақтығыс бүгін, 18 мамыр күні таңертең тоқтаған. Милицияға акцияға қатысушылармен келіссөз жүргізуге тура келген.
Кеше сағат 21:00 шамасында Қырғызстан астанасындағы 7 апрель және Огонбаев көшелерінің қиылысына қала тұрғындары шұғыл жиналған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, 13 мамыр күні Бішкектегі хостелдердің бірінің ауласында шетелдіктердің қатысуымен жаппай төбелес орын алған. Олар қаланың бірнеше тұрғынын ұрып тастаған. Алдын ала мәлімет бойынша, содан кейін 4 күн өткесін мыңға жуық қала тұрғыны «өз адамдарын қорғау үшін» көшеге шыққан.
Қала тұрғындары Құрманджан Датқа және Муса Жәлел көшелерінің түйіскен жерінде орналасқан шетелдік студенттер жатақханасының терезелерін сындырған.
Құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 280-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыс жасады деген күдікпен мысырлық үш азаматты қамауға алды. Қолға түскендер түннің жарымында милицияда отырып видео арнау жазып, қырғызстандықтардан кешірім сұрады.
Түнгі шайқастардың барысында кемінде 29 адам зардап шеккен, 15 зардап шегуші әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған. 18 мамыр күні олардың үшеуі ғана емдеу орнында қалған, бұлардың біреуі Пәкстан азаматы болып шықты.
Үндістан мен Пәкістанның елшілері өз елінен келген студенттерге жаппай тәртіпсіздік әбден басылғанша көшеге шықпауды тапсырды.