Путиннің министрі Лавров тағы да әлемді ядролық соғыспен қорқытты
МӘСКЕУ. 22 сәуір. РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-тың Украинаға 61 млрд долларлық көмек көрсететінін естігесін ядролық соғысты еске салып қойды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«АҚШ пен оның НАТО бойынша әріптестерінің Украинаға қатысты іс-әрекеттері олардың Ресеймен тікелей қарулы қақтығысқа баруларының тәуекелін туғызады», – деді Сергей Лавров Мәскеуде өткен ядролық қарудың таралып кетпеуі жөніндегі конференция барысында.
«АҚШ пен оның НАТО-дағы құйыршықтары бұрынғысынша Ресейді «стратегиялық жеңіліске» ұшырату идеясына елітіп отыр, біздің елімізді бұдан әрі де «соңғы украин» қалғанша қысып ұстауға дайын. Сонымен қоса, батыстықтар ядролық державаларды соңы апаттық зардаптарға алып баратын тікелей соғыс қақтығысының қауіпті шегіне жеткізіп тұр», – деді ол.
Лавровтың айтуынша, батыстың үш ядролық державасы – АҚШ-тың, Ұлыбритания мен Францияның мына соғыста Украинаның басты демеушілері қатарына кіретіндіктері айрықша алаңдаушылық туғызады. Ол бұдан Ресейдің «ядролық қатердің деңгейін көтеріп жіберуше апаратын қауіпті стратегиялық тәуекелді» көріп отырғанын атап өтті.
Бұл Лавровтың әлемді ядролық соғыс қаупімен бірінші рет қорқытуы емес. Ол өткен жылғы тамызда АҚШ пен НАТО-ның Украинаға көмектесеміз деп, ядролық соғыстың өртімен ойнап жүргенін айтқан еді. Ал бұған дейін РФ министрі Украина Қарулы күштеріне Батыс тарапынан F-16 истребителі берілетін болса, оны Ресейдің «ядролық қатер» деп бағалайтынын мәлімдеген болатын.
Украинаға кең ауқымды шабуыл жасаған алғашқы күндерінің бірінде РФ президенті Владимир Путин өзінің ядролық күштеріне айрықша жауынгерлің күзет режимін енгізуді тапсырды, ал бір жылдан кейін АҚШ-пен арадағы ядролық оқтұмсықтарды шектеу жөніндегі келісімшарттан шығып кетті.
Путин соғыс басталғалы бері ядролық арандатушылық пен бопсалау жасаудың түрлерін бірнеше рет көрсетті. Ол соңғы рет бұл тақырыпты 29 ақпанда өткен федералды жиналыста қозғады.