Марк Уолкер: АҚШ ATACMS-ты осы апта соңында Украинаға жөнелтеді
УАШИНГТОН. 22 сәуір. АҚШ-тың сенаттағы барлау комитетінің жетекшісі Марк Уолкер ATACMS ракетасы осы аптаның соңына дейін Украинаға жөнелтілетінін айтты. Бұл туралы «Диалог.ua» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сенат комитетінің төрағасы АҚШ-тың Киевті қолдау ретінде жіберетін ATACMS ракетасы алыс қашықтыққа лайықтанғанын, атап айтқанда, 300 шақырымдық жердегі нысандарға дәл тиетінін баяндады.
Сенатор сондай-ақ Конгрестің өкілдер палатасында қабылданған заң жобасын сенат қарап шыққаннан кейін 23 немесе 24 сәуірде президент Джо Байденнің алдына қол қою үшін барып қалатынын баяндады. Басқаша айтқанда, сенатта дауыс беру 23 сәуір күні таңертең басталады, сол жерде мөлшерлі дауысты алысымен Ақ үйдің қожайынына жіберіледі.
АҚШ Конгресі төменгі палатасының райысы Майк Джонстон Украинаны қосымша қаржыландыру жайлы шешімді дауысқа салуға оншалықты асыға қоймай, ұзақ созып жүріп алды. Бұған партия лидері Дональд Трамптың тікелей ықпалы болған болуы әбден мүмкін. Соның алдында ғана спикер болып сайланған Майкл Джонстон Америка шекарасын нығайту жөнінде шешім қабылданбай тұрып, бұл шешімді қолдай алмайтынын алға тартты.
Алайда соңғы уақыттары палата спикерін тәубесіне келтірген бірнеше факт болды. The New York Times (NYT) газетінің жазуынша, Джонстонды позициясынан шұғыл ауытқып шыға келуіне Ресей – Украина соғысына қатысты барлаудың соңғы мәліметтері, өзіне жасалған жан-жақты саяси қысым және бұл мәселедегі жеке өзінің көзқарасы өзгеруі негізгі себеп болған.
Спикер егер Украинадағы соғыста жеңіп шығатын болса, РФ-ның қанқұйлы диктаторы Владимир Путиннің мұнымен тоқтап қалмайтыны, агрессияны Еуропада жалғастыратыны, соның ішінде алдымен Балтық елдерін басып алуға күш салатыны, сосын посткеңестік елдерге ауыз салатыны жөнінде алған кең ауқымды мағлұматтарына кейін есін бірден жиып алған сияқты.
«АҚШ-тың осы заманғы супер қаруларының бірі – ATACMS сәуірдің соңына дейін Украинаға келіп жетуі тиіс. Осы жолғы қаруландыру Ресей – Украина соғысында үлкен бетбұрыс жасап беріп, таразы басын басқыншылардан елін қорғап жатқан ерлерге қарай біржола аударып жібереді», – деді Марк Уолкер.