АҚШ өкілдер палатасы Украинаға $61 млрд көлемінде көмек беруді қолдады
УАШИНГТОН. 22 сәуір. АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы кеше кешке Украинаға 61 млрд доллар мөлшерінде көмек көрсетуді қолдап шықты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша бірнеше ай бойына жүргізілген ымырасыз ішкі саяси күрестен кейін АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы ақыры Украинаға қосымша көмек беру туралы заң қабылдады. Киевке Ресейдің басқыншы армиясымен соғыста қолдау көрсетуді жақтап 312 конгресмен дауыс берсе, 112-сі қарсы болды. Жалпы бөлінетін ақшаның сомасы 100 миллиард долларға жақын болды. Мұның 39 миллиарды Израиль мен Тайванге беріледі.
Шамамен Украина Қарулы күштері берілетін қаржының төрттен бір бөлігі – 14 млрд долларын тікелей қару-жарақ түрімен алады. Бұлардың қатарында 300 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысанға күйрете соққы бере алатын ATACMS ракетасы да бар.
Төменгі палата сонымен бірге Джо Байденнің әкімшілігіне Ресейдің қатырып тасталынған активтерін тәркілеп алуға мүмкіндік беретін REPO Act бағдарламасын қолдады. Гәп РФ орталық банкінің санкцияға ұшыраған $300 млрд құрайтын алтын валюта резерві жөнінде болып отыр. Осы қаражаттың $6 миллиарды Ресей агрессиялық соғысты бастаған уақыттан бері АҚШ-та жатыр. Аталған соманың басым бөлігі – 200 миллиард долларға жуығы Еуропада бұғатталған. Енді Ақ үй Америка заңдарына сүйене отырып, РФ орталық банкінің қатырылыпп тасталған осы ақшаларын Украина үшін ашылған арнайы қордың есепшотына аударуды көздеп отыр.
Өкілдер палатасы қабылдаған заң жобасы 23 сәуір күні Сенатта қаралады. Одан қолдау алғаннан кейін ол қол қойып, заңды күшіне енгізу үшін АҚШ президенті Джо Байденге жіберіледі.
Украина президенті Володимир Зеленьский «тарихты қажетті арнаға қарай бұрып жіберген шешімі үшін» АҚШ өкілдер палатасына кеше сол бойда бірден алғыс айтты.