Саяхатшы жазушы-журналист, телевизия ардагері Серік Байхонов өмірден өтті
АСТАНА. 7 сәуір. Белгілі саяхатшы-жазушы, журналист, А. Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтың лауреаты Серік Байхонов 71 жасында ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Жазушының қайтыс болғаны жайлы қаралы хабарды оның курстас досы, белгілі ақын, «Дарын» сыйлығының лауреаты Байбота Қошым-Ноғай (Серікбаев) бүгін өзінің Facebook-тегі парақшасында былай деп жеткізді:
«Қаралы хабарды жеткізу мұншама қиын болар ма?!. Аяқ астынан қатерлі дертке бой алдырып, таяуда ғана Түркияда ота жасатып келген соң, Астанада ем алып жатыр еді… Бір сағат бұрын досымыз, жазушы, саяхатшы, Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты Серік Байхоновқа уақыт болыпты деп естідім.
1973 жылы жиырма жасында тұңғыш хикаяты «Жалғасым менің – жалғасым менің» «Жалын» журналында жарияланып, жазушы ретінде қатарынан ерте танылған Серік Байхоновтың «Ең ыстық маусым», «Қос шатырлы үй», «Сал үстіндегі маусым», «Құйылыста», «Ғажапстанға саяхат», «Алтай Асу» т.б. көптеген әңгімелер, хикаяттар, роман және саяхат кітаптары жарық көрген. Ол қазақ телевидениесі арқылы танылған «Жігіттің сұлтаны», «Тайбурыл», «Сиқырлы қазан», «Қазақтың Қажымұқаны» республикалық конкурстық бағдарламаларының авторы болды. Секең кәсіби саяхатшы ретінде «Сал үстіндегі маусым», «Аралға – араша», «Арналарға тіл бітсе», «Өсімдіктер желісіне саяхат», «Бетпақдала – шөл емес» экспедицияларын басқарды.
Қаралы хабарды құлағым естісе де, көңілім сенбей, қош, бақұл бол деуге ерінімнің икемі келмей отыр. Өмірі өмірімізбен біте қайнасқан қаламгер досымыздың фәнидегі сапары аяқталып, мәңгілік ғұмыры басталды…».
Серік Мүсілімұлы Байхонов 1953 жылы 12 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «Авангард» кеңшарында (қазіргі «Ақмая» ауылы) туған.
Ол 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы Алматы жоғары партия мектебін күндізгі бөлімдерде оқып бітірді. Университетті аяқтағаннан кейінгі бір жылында Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде қызмет етті. Содан соңғы саналы өмірінің барлық кезеңін республикалық газеттер редакцияларына арнады, «Қазақфильм» киностудиясын жұмыс істеді. Ал 1990-1998 жылдары Қазақ республикалық теледидарының бас редакторы болды. Кейінгі жылдары Өскемендегі «Қазмырыш» ашық акционерлік қоғамында қызмет атқарды.
Жазушының тырнақалды повесі – «Жалғасым менің – жалғасым менің» 1973 жылы студент кезінде «Жалын» журналында жарияланды. Өзін қалыптасқан қаламгер ретінде ерте танытқан оның қаламынан туған шығармалар бұдан кейін «Ең ыстық маусым», «Қос шатырлы үй», «Құйылыста», «Ғажапстанға саяхат», «Алтай Асу» атты кітаптар болып басылып шықты. Оларға талантты прозаиктың түрлі тақырыптағы әңгімелері, хикаяттары және романы енгізілді. Ал кәсіби саяхатшылық өмір жолдары арнасында қағаз беттеріне түскен тұшымды дүниелері оның өзі басқарған экспедициялары аттарынан «Сал үстіндегі маусым», «Аралға – араша», «Арналарға тіл бітсе», «Өсімдіктер желісіне саяхат», «Бетпақдала – шөл емес» деген атаулармен баспа жүзін көрді. Айтары жоқ, жазушы-журналистің бұл шығармаларының тілдері шұрайлы, танымдық жайттарға толы.
Жазушы Серік Байхоновтың көптеген шығармалары орыс тіліне де аударылған.
Ол Қазақ телевидениесінде қызмет атқарған жылдары «Жігіттің сұлтаны», «Тайбурыл», «Сиқырлы қазан», «Қазақтың Қажымұқаны» атты республикалық конкурстық бағдарламалардың авторы болды.
Қаламгерлік қызметінде сіңірген ересен еңбегі үшін кезінде Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Алла алдыңнан жарылқасын, нұрың пейіштің төрінде шалқысын, Серік!
Жазушы Серік Байхоновтың тағы бір курстас досы, жазушы-журналист Темірхан Момбекұлы Түркістани бүгін әлеуметтік желіде мынадай жазба қалдырды:
«Жан досым Серік Мүсілімұлы Байхоновтың маған ең соңғы жазғаны: Өзіңді күт!
2 сәуір.2024 жыл. Таңертегі 07.39. 10-пойыз. 6-вагон,15-орын. Астана – Алматы.
Кеше Серікке бардым. Мына пойызда жазу қиын екен.
Аяқ терісі, анығы – бір сирағының терісі мүлдем босап, әжім-әжім боп қалған. Жалпы денесі – жүдеген. Ал көздері – нұрлы. Өткір. Жалтырап тұр. Құдды баяғысынша.
Құлағы жақсы естиді. Алайда сөйлегенде үні жоқ есебі. Оңай ма: (Кейін дәрігерімен сөйлестім ғой.) білдей үш ауру: 1. Өкпенің жартысын алып тастаған. Туберкулез. 2.Жүрек дімкәс. 3. Рак.
Біз білетін Серіктің денсаулығы өте мықты болатын. 1971 жылдан білеміз ғой. Өз басым Серіктің ауырдым, шаршадым дегенін естіген де, көрген де емеспін. Серік ауырыпты дегенді де біреулерден естімегенмін жарты ғасырдың өне бойында.Таңқалушы ем. Денсаулығына да. Қажыр-қайратына да. Рак болып ауырғанын осыдан екі айдай бұрын Байботадан естідім.
***
Негізінен Алматыдамын. Ал жүрегіме байланысты Астанадағы дәрігерлерге барып жолығып тұрамын оқтын-оқтын. Сол шаруамен жүргенімде Байбота телефон соқты. Серіктің тым ауыр, алмағайыпты халде екенін айтып. Тауып ал, көр деп. Қаланың сыртында екен.
***
Дауысы шықпаған соң, құлағының естуі де ауырлау шығар деп қаттырақ сөйлегенмін. Сөйтсем, қолымен ымдайды. Түсінбедім. Содан блокнотты ұсындым қаламсаппен.
«Айқайлама!» деп жазды. Сосын барып дауысымды бәсеңдеттім. Бір палатада екі адам ғой. Оның ескертуі дұрыс, әрине. Ана кісінің мазасын аламын ғой.
Мен сөйлеп отырмын. Ол ара-тұра блокнотқа сөз жазады. Сондағы жазғандары:
«Айқайлама!», «Ешкімді кіргізбей жүрмін. Бұл – зоопарк емес қой. Адресті айтпа. Серік – Бурабайда де», «Бурабайға шақырайын деп жүргем. 15-апрельден кейін сонда келесің. Дем аламыз», «Дәрігер көп. Түркияда операция жасады. 10 дәрігер бар», «Диагноздың аты – жаман. Түріктер операция жасады. Қазір жазылдың деп жатыр. Бірақ бұл – жазылатын ауру емес. 5 кітабым шығып жатыр. Соны жасап жатырмын. Өзіңді күт!».
Міне, біздің бәріміздің Серігіміздің ең соңғы жазғандары. Жалған дүние!
Көзім жасқа толып кетті…
(Қандай сөз айтқандарымды, қандай көңіл күйде болғанымды кейін жазамын. Шамалы дем басып, өзіме өзім келмесем, болмай барады…)
Кейінгі жылдары құлазуы көп жаным әзер сүйретіліп жүр еді…
Жақсы да өтер жалғаннан
Жаман да өтер жалғаннан
Басыңды көтер, қалғандар
Тірлікке мынау алданған…».
Ал белгілі ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет былай деп жазды:
«Серік Байхонов қайтыс болды!» деген суық хабар таңертеңнен миымда шыңылдап тұр!
Ең алғаш 1971 жылы:
«Серік – деген жай ғана лақап атым,
Халық – менің шын атым, махаббатым!» деп, өр мінезді өлеңімен келіп танысып еді. Содан бірер жылдан кейін «Жалғасым менің, жалғасым менің» деген тырнақалды тамаша повесімен жарқ етіп, проза көгінен көрінді. Әдебиет әлемі жалт қарады! Сол кезде:
«Өлеңді Байбота екеуіңе бердім, мен енді қарасөзбен боламын» деді. Айтқанында тұрды.
Серік Байхонов содан бергі жарты ғасыр бойы кесек-кесек шығармаларымен қазақ әдебиетінің биігінен түскен жоқ. Қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен шеберіне айналды. Көп жылдарын телевидениеге сарп етіп, саяхатшылық жолын таңдап, Арал тағдыры, Сыр бойы мәселелері туралы соқталы хабарлар түсіріп қалдырды.
«Қаламгерлігіңмен қалың қазағыңды мойындаттың, енді киноактер ретінде бір жарқ етсеңші!» дейтінмін кейде кездескенде. Түр-тұлғасы, сыр-сымбаты Голливуд актерлерін еске салатын көрікті азамат еді.
Мені сол студент кезімізде Мұқағали ағамызбен таныстырған осы Серік екенін естелігімде жазғанымды айтпай кетуге болмайтын шығар.
Жұптары жазылмаған курстасы Ғабиден Құлахметті аузынан тастамайтын, Байбота ақынға деген құрметі ерекше болатын. Екеуміздің Өскеменнен келе жатып, Ғабиденмен кездесеміз деп, оның туған «Шолпан» ауылына бұрылып, қонып қалғанымыз бар. Түнімен ұйықтамай, ауыл адамдарымен әңгіме-дүкен құрған. Ол сондай сапарлардың бәрінде келешек шығармаларына негіз салып жүретін ізденгіштігін аңғардым. Қатон-Қарағайда уақыт бөліп, орыстың тәуіп кемпірін ат арытып іздеп барып, Алтайдың емдік шөптері мен тамырлары туралы тәптіштеп сұрап, тізбелеп, мұқият жазып алғанына куә болдым. Кейін соның бәрі саяхатшы Пржевальский мен оның сонау Тибетке дейінгі қиын-қыстау сапарларында жолбасшы болған зайсандық қазақ батыры туралы романын жазғанда пайдаға асты.
Біз бүгін әр шығармасын әбден ширатып жазатын аса дарынды қаламдас қатарласымыздан қапыда айырылдық! Орны толмас қаза!
Жазмышқа – озмыш жоқ!
Отбасына, ұлы Жалғас бастаған балаларына, туған-туыстарына, қалың оқырмандарына көңіл айтамын!
Алдыңнан жарылқасын, қаламдас дос! Бақұл бол! Иманың жолдас болсын! Нұрың пейіште шалқысын!»