Жаңалықтар жаңғырығыЭкономика

Шынәлиев: Қуандықтың қылығына төзбей, бір жылдан соң жұмыстан кеттім

АСТАНА. 7 сәуір. Әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатыгездікпен азаптап өлтірді деген айып тағылып отырған Қуандық Бишімбаевқа қатысты тағы бір дерек белгілі болды. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Марат Шынәлиев есімді азамат бұрынғы министрді тағы бір қырынан көрсетіп берді. Ол 2013 жылы Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» холдингін басқарып отырған кезінде қарамағында қызмет еткен екен.

Адам айтқысыз қылмыстары үшін кезекті сот жазасын күтіп отырған экс-шенеуніктің бұрынғы қызметкері оның басқаруында болған жылдары қандай мәселелермен бетпе-бет келгенін баяндап шықты. Ол Қуандықтың қол астында бір жылдан астам уақыт жұмыс істеген, сосын одан әрі жүруге шыдамай, жұмыстан өз еркімен шығып кеткен. Айтуынша, сол кезде Бишімбаевтың жағымсыз мінезі мен түсініксіз әрекеттерін байқаған.

Марат Шынәлиев осы ретте 2015 жылғы бір оқиғаны мысал етіп алға тартады. Ол былай деп жазады:

«Адамдар әдетте бұрынғы жұмыс берушілері жайлы жақсы пікір айтады немесе жай ғана үнсіздік танытады. Бірақ бұл жолы жағдай басқа.

2015 жыл. Жиналыс 15:00-ге жоспарланған.

Холдингтің басшылық құрамы алдын ала жиналды. Барлығы 20-ға жуық адам еді.

15:30, төраға жоқ.

16:00, әлі жоқ.

Барлығы күтіп отырды. Оның мұндай қылығына көпшілігінің еті үйреніп кеткен еді. Себебі, ол жұмыс барысында Age of Empires III ойынын бір-екі сағаттап ойнап отыра беретін. (Бұл әзіл емес)

Сағат 16:00-ден өте аппарат басшысы кіріп, «Жиналыс болмайды, тарқай беріңдер» деп шығып кетті. (Айтпақшы, ол кейінірек басқа жұмыс орнында парамен ұсталды, өте жағымсыз адам).

Сағат 17:00-де бір сілтеме жіберді: мен конференц-залға кірдім, ешкімді көрмедім, барлығы кетіп қалғанына ашуландым.

Кездесу сағат 23:00-ге жоспарланыпты.

Ал сол күні сағат 23:00-де шын мәнінде жиналыс болды. Бір топ адам кешке дейін күтті. Сосын кешке дейін ешқайда алаңдамай әрі асығыстық танытпай жиналыста отырды.

Бұл адамның психопатиясына қатысты айтылған бір ғана шағын оқиға.

Ал «Бәйтеректе» жұмыс істеген бір жылдың ішінде мұндай жағдайдың бірнешеуі орын алды.

Сол кезде-ақ Бишімбаевқа ем алу керек еді. Ал енді тым кеш.

Мен үшін өмірдегі ұятты жағдай, – бұл осындай әрекеттерге бей-жай қарап, төзімділік танытып, үнсіз қалуым деп айтар едім. Себебі мұны мемлекеттік сектор үшін қалыпты жағдай деп ойлап келіппін. Неліктен бұлай болғанын түсінбеймін. Өйткені олар аз мөлшерде жалақы төледі, ал мансаптық өсу күмән тудырды. Бұл жай ғана осылай болуы керек сияқты көрінді.

Мен Бишімбаевпен бір жыл жұмыс істедім. Ары қарай шыдамым жетпеді».

Негізі, осындай көптеген жазбалар мен тұжырымдарға қарағанда, бұл қандай жоғары да жауапты қызметтерде отырса да, ешқандай бас ауыртып жұмыс істеп көрмеген адам ғой! Қайсы бір байшыкештер мен шенеуніктердің балалары сияқты жұмыс уақытының денін компьютер ойындарын ойнауға жұмсап отыра берген сияқты.

Еске сала кетейік, Қуандық Бишімбаев жемқорлық жасады деген айыппен 2018 жылы наурызда 10 жылға түрмеге кесілген болатын. Осыған байланысты темір торға бірінші рет қамалған бай баласы барлық мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айрылған еді.

Тарқатып айтсақ, Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезінде күмән тудыратын істермен айналысқаны анықталған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол 2017 жылдың 10 қаңтарында  холдинг директоры ретінде Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына жауапты болған кезінде мердігерден ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталды.

Кейін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рақымшылығына ілініп, 2019 жылы қазан айында шартты жазамен бостандыққа шықты. Ол жемқорлыққа қарсы науқан аясында қылмыстық қудалауға іліккен министр қызметіндегі алғашқы «Болашақ» түлегі болды.

2018 жылдың наурызында сот экс-министрді 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал 2019 жылы қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босау туралы өтінішін қанағаттандырып, қарашада оның бостандыққа шыққаны белгілі болды. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті шенеуніктің қамауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талапты өтегенін» хабарлаған. Осылайша экс-министр өз мерзімінің, яғни сот тағайындаған 10 жылдың 2 жыл 9 айын ғана түрмеде өтеп шықты.

Ал өткен жылдың 9 қарашасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың Астанада өз меншігіндегі «Bau» ресторанында әйелін ұрып өлтіргені үшін қамауға алынды.

.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button