Алматыда жас жігітті ұрып, тепкілеген бұзақы табылып, қамауға алынды
АЛМАТЫ. 5 сәуір. Оңтүстік мегаполисте бір жас жігітті жұдырықтың астына алып, тепкілеп жатқан бұратана бұзақының кім екені тез арада анықталып, қолға түсірілді. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұдан бір күн бұрын әлеуметтік желідегі ересектеу жігіттің бір жасөспірімді тепкілеп ұрып жатқаны түсірілген видео тарады. Бірақ ол кезде оқиғаның қай қалада орын алғаны белгісіз еді.
Алматы полициясына мың алғыс, оның қызметкерлері тәулікке жеткізбей, санаулы сағаттардың ішінде бұзақылық фактісінің Алматы қаласында орын алғанын анықтап, оның кейіпкерлерін ұзатпай ұстады. Бұратана бұзақы жігіт Алматы маңындағы «Жаңатұрмыс» ауылында тұратын күрд адаматы болып шықты.
Әлеуметтік желіде осы тұста сондай-ақ бір топ қазақ жігіті бұратана бұзақының «Жаңатұрмыс» ауылындағы үйіне барғаны, бірақ сол сәтте полиция қызметкерлерінің оны алып кеткені баяндалған видео да тарады. Сонымен бірге телі тентектің ісі сотқа жетіп үлгергені де айтылды.
Полицияның мәліметінше, қазір күш көрсетіп, озбырлық жасау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Ішкі істер министрлігі Алматыда жас жігітті ұрып-соққан күдіктінің ұсталғанын баяндады.
«Жігітті ұрған күдікті Алматыда ұсталды. Күш көрсетіп, озбырлық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Онымен бірге оқиғаны видеоға түсірген екінші қатысушы қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысқаны үшін ұсталды. Ол да уақытша оқшаулағышқа қамалған.
Тергеу жалғасып жатыр.
Кешелі бері әлеуметтік желіні шарлап, халықтың ызасын туғызған видеодағы тұлғалар анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген еді. Таралып жатқан видеода ересек азаматтың жас жігітті бір бөлмеде ұрып жатқанын көруге болады. Жәбір көрсетушінің жеткіншекке «Брат, мен каратэ-пацанмын» деп айттың ғой» дегенінен сөзге өкпелеп қалғандай ой туады. Ал видеоға түсіріп тұрған азамат «Беттен ұрма, родной» деп басу айтқан сыңай танытады.
Әлеуметтік желі қолданушылары жәбір көрсетушілерді жазалауды талап етіп отыр.