Белгілі сарапшы ескі Қазақстанның элитасы бақсы-балгер жағалағанын айтты
АСТАНА. 5 сәуір. Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пайымынша, Қуандық Бишімбаевтың балгерлер жайлы ойы біздің шенеуніктеріміздің кейпін көрсетіп кетті. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Саясаттанушы Бишімбаевтың балгер хақындағы баяны Оңтүстік Кореяның үшінші президенті Пак Кын Хе түрмеде болған кезде орын алған бір оқиғаны еске түсіретінін жеткізді.
«Ол сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталды. Сонымен қатар, сыртқы және ішкі саясат туралы ақымақ шешімдерін көбіне көріпкелдермен, бақсылармен және балгерлермен кеңесіп қабылдағаны белгілі болды. Олардың бірі оның ең жақын досы да болған», – деп жазды Сәтбаев.
Осы істері үшін Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті 24 жылға бас бостандығынан айрылды, бұған қоса, сыбайлас жемқорлық, парақорлық және бопсалау әрекеттері үшін 16,8 миллион доллар айыппұл төледі. Егер ол біреуді өлтірсе, 1997 жылдан бері қолданылмаса да, күші жойылмаған өлім жазасына кесілуі әбден мүмкін еді.
«Бірақ Бишімбаев сияқты адамдар да елді басқаруға тырысты. Тұңғыш президенттің тұсында сол сияқтылар елдің кадрлық резервін жаңа саяси «элита» ретінде белсенді түрде пиар жасады. Олар бюджет есебінен шетелде оқып келді. Біреуіне лауазым берді, біреуіне медаль тақты. Ал олар кабинеттерінде өздерін Құдай санап отырды», – деді саясаттанушы.
Сәтбаев сонымен қатар, мұндай тұрпаттағы адамдардың билік басындағы біреулерге қажет болғанын, өйткені, олардың ар-ұят пен намыстан жұрдай екенін мәлімдеді. Былайша айтқанда, бір жағынан қарасаң, білімді адамға ұқсайды, екінші қырынан қарасаң, адами құндылықтан мүлдем мақұрым қалғанын байқайсың.
«Шамасы, бұлардың қолданған құралдары жақсы болған сияқты. Олар дуа жасаумен шұғылданды. Қара магиямен айналысты. Көріпкелдердің тізімін тізіп қойды. Тағы қанша адам құны жоқ дипломдарымен, жалған интеллектуалды тұлғаларымен осылай шенеунік кабинеттерінің тасасында қалып қойды? Бірақ олардың жүректері таза емес еді», – деді сарапшы.
Сәтбаев мұндайлардың кейбірі әлеуметтік жағынан төмен кез келген адамды қорлауға және балағаттауға дайын тұратынын атап өтті. Фаина Раневская айтпақшы, кейбіреулері өзін момақан және әдепті адам сияқты көрсетеді, бірақ сол уақытта олар өзгелерді іштей өлердей жек көріп тұрады», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың сотында бірнеше рет балгерлер тақырыбы көтерілді. Алғашында жәбірленуші тарап Бишімбаевтың Нүкенованы балгерлерге мәжбүрлі түрде апарғанын мәлімдеді.
«Менің білуімше, Қуандық үнемі балгерлерге, экстрасенстерге барып жүрген. Салтанатпен кездескенге дейін де әлдеқандай бір сұрақтармен соларға жүгініп отырған. Балгер «иә, сендерде бәрі жақсы болады, ол сені жақсы көріп қалады» деген. Маған айтқан күні Салтанатты ала барған… Салтанат та Бишімбаев әртүрлі сұрақпен балгерлерге жиі жүгінгенін айтты», – деді Айтбек Амангелді.
Кейін Бишімбаевтың өзі де Салтанат қатты қиналып жатқанда, «жедел жәрдемге» емес, балгерге қоңырау шалғанын айтып қалды.
Расында Қазақстан отыз жылдық ойранның ойпатында шенеуніктердің бақсылар мен құшнаштарға, көріпкелдер мен балгерлерге ұдайы жүгініп тұратын үлкен армиясын құрып шығарды. Облыс әкімдері арасында тіпті арнайы көріпкел мен дуақант ұстағандары да болды.