Белгілі жазушы, прозаик, драматург Сәбит Досанов өмірден өтті
АСТАНА. 31 наурыз. Қазақстың белгілі жазушысы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәбит Досанов 84 жасында қайтыс болды. Бұл туралы «Қостанай таңы» газетінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қабырғалы қаламгер сонымен қатар М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері болған. «Отан» орденінің иегері.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Сәбит Досановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Сәбит Айтмұханұлы қазақ әдебиетінің өркендеп, қанат жаюына елеулі үлес қосты. Ұлттық проза мен драматургияның дамуына нағыз шығармашыл тұлға ретінде бар саналы ғұмырын арнады. Көркем туындылары сүйікті оқырмандарының тарапынан жоғары бағаланды. Соңына өшпес әдеби бай мұра қалдырған Сәбит Айтмұханұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.
Сәбит Досанов 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы, Аманкелді ауданының «Байғабыл» ауылында туған. Ол 1985–1989 жылдары КСРО әдебиет қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, 1991–1995 жылдары Республикалық Халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының бас директоры, 1996–1997 жылдары мемлекеттік «Қайнар» баспасының Бас редакторы болып қызмет етті. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарды.
Жазушының қаламынан туған роман, повесть, әңгімелер «Қайырлы таң», «Жанр тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар, адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор степного кургана» деген аттармен баспа жүзінен жарық көрді. 1998 жылы мемлекеттік «Санат» баспасынан қазақ тілінде, ал 2003 жылы Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан орыс тілінде «Жиырмасыншы ғасыр» романы, 2002 жылы таңдамалы шығармаларының бір томдығы жарыққа шықты.
Сол сияқты «Дауыл», «Ертең бюро» атты драмалары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Атырау, Жезқазған, Семей, Тараз, Бішкек қалалары сахналарында қойылды. 2022 жылы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Ақбас бүркіт» драмасы сахналанды.
Даңқты жазушы Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болған. Ол сондай-ақ Африкадағы Дүнду, Қазақстандағы Қостанай қалаларының, Ақсуат, Аманкелді аудандарының құрметті азаматы атанды.
Қош бол, қазақ әдебиетінің толымды тұлғасы!