Путин әсіре патриоттардың елді ертең құрдымға құлататынын айтты
МӘСКЕУ. 28 наурыз. Кремльдің қожайыны ресейлік ұлтшыл патриоттардың шектен шыққан әрекеттерінің соңы елді күйретуге апарып соқтыратынын мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Президент Владимир Путин «Ресей – тек орыстар үшін» деп ұрандатушылыққа қатты алаң болатынын айтты», – делінген хабарламада.
«Мен ура-патриоттарды, – ондайлар барлық жерде, барлық қоғамда бар, – тыңдаған кезімде, соның ішінде олардың «Ресей – тек орыстар үшін» дегендерін естігенімде, қатты бір алаңдаушылыққа тап боламын, – деді диктатор. – Егер біздің территориямызда 190 этностың тұрып жатқанын және кейбір ұлттар санының миллиондаған халықтың басын құрайтынын ескерсек, мұндағы басқалардың бәрін бөтенге санайтын бұл деструктивті ойларды жүзеге асыруды бастаған бойда біз мемлекетті қиратып аламыз. Сонда мұндағы ең басты зардап шегуші орыс халқы болады».
Ресейде бұрыннан бар ксенофобия жарқылы «Крокус Сити Холлдағы» терактіден кейін қайтадан буырқанып көтеріліп кетті. ФСБ осы террорлық актіге байланысты 11 адамды ұстады, соның ішінде лаңкестікті тікелей жүзеге асырған деген күдікпен төрт орындаушыны тұтқынға алды. Айыпталушылар Тәжікстан азаматтары болып шықты.
Қазіргі күндері Ресей өңірлерінде клиенттер ұлты тәжік таксишілермен жол жүруден жаппай бас тарта бастапты. «Сіздің ұлтыңыз қандай? Егер Тәжікстаннан болсаңыз, тапсырысты алып тастаңыз», «Егер тәжік болсаң, тапсырысты жиып қой, мен сенімен бірге ешқайда бармаймын немесе МАИ шақырамын, сенің лицензияң заңды ма, тексеріп көрсін», – деп жазады жолаушылар жүргізушілерге.
Ресей билігі «мигранттарды бақылауға алуды қатаңдатуға ниетті» екенін білдіріп отыр. Мәскеу полициясы теракт болатын күні мигранттар тұратын жатақханаларға рейдке шығыпты. Демек, лаңкестік болатынын алдын ала білген ғой. Сол сияқты 24 наурыз күні Қырғызстаннан ұшып келген ондаған жолаушыны Шереметьево әуежайынан қалаға қарай кіргізбепті. «Телефонымызды төрт сағат тексерді, бірақ өзімізге қайтып бермеді. Саусақтарымыздың іздерін алып, әлдеқандай қағазға қол қойдырды. Ал украиндар мен тәжіктерді сөзге келмей ұрып-соғады. Бір сөткеден бері аш отырмыз, тіпті су да бермеді. Қылмыскерлер секілді қамап қойды, бір бөлмеде оннан аса қырғызстандық отырмыз», – деп баяндады келушілердің бірі.
Осыдан кейін Қырғызстан билігі өз азаматтарын «қауіпсіздіктің қосымша шаралары мен бақылау бекетіндегі қатаң тәртіп алынып тасталғанша» Ресейге сапар шегуден бас тартуға шақырды.