Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Ресейдің жеңісіне қуанған «Шахтар» (Донецк) футболшысы жазаланды

КИЕВ. 23 наурыз. Ресей құрамасының Сърбияны жеңгеніне қуаныш білдірген Донецкінің «Шахтар» командасының футболшысы басшылық қаһарына ұшырады. Бұл туралы DonPress ақпарына сүйенген ras.kz хабарлайды.

Кеншілер командасында жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсететін Хусрав Тоировтың бұл әрекетіне басшылық сол бойда-ақ назар аударды.

РФ-ның Украинаға басқыншылық соғыс ашуына байланысты ФИФА мен УЕФА аясындағы турнирлердің бәрінен аластатылған Ресей құрамасы екі жылдан бері жолдастық кездесулер өткізумен шектеліп келеді. Онда да оған кезекті мәрте қарсылас табу оңай болмай тұр. Себебі, басқа ұлттық құрамалар халықаралық ауқымда оқшауландырылған елдің командасымен кездесу өткізіп, өз репутациясына нұқсан келтіріп алғысы келмейді.

Өткен жылы Иран, Ирак, Қатар, Камерун, Кения және Куба ғана ресейліктермен жолдастық кездесу өткізуге келісті. Ал жақында Сърбия құрамасы Ресеймен ойнау үшін Мәскеуге ұшып келіп, 0:4 есебімен ұтылып қайтты.

Ресей құрамасының жеңісіне Донецкінің «Шахтар» командасының ұлты тәжік жартылай қорғаушысы Хусрав Тоиров көпшіліктің көз алдында ерекше қуаныш білдірді. Кеншілердің вингері әлеуметтік желіде Ресейдің спорт ақпарат ресурстарының бірінің Ресей – Сърбия ойынының нәтижесі көрсетілген жазбасына лайк басып, астына коммент жазған.

«Шахтар» өз футболшысының әрекетіне сол бойда бірден баға берді. Клубтағылар «Футбол 24» комментаторына енді «ойыншының жол беруге және кешіруге болмайтын масқара тірлігі үшін бір айлық жалақысы айыппұл ретінде ұсталып қалып, Украина Қарулы күштері бөлімшелерінің біріне жіберілетінін» мәлімдеді.

Журналистердің мағлұматы бойынша, Тоиров «Шахтарда» айына шамамен 300 мың гривен (3 477 000 теңге – ред.) жалақы алады. Ол командаға өткен жылғы көктемде ауысып келген екен, қазір көбіне команданың жастар ұжымы сапында ойнап жүр.

Тәжік футболшысы жанжал туып кеткеннен кейін аталмыш лайкты алып тастап, ресейлік интернет басылымнын әлеуметтік желідегі парақшасынан шығып кетіпті.

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button