Мәскеудегі терактінің ықтимал күдіктілері Тәжікстан азаматтары болып шықты
МӘСКЕУ. 23 наурыз. Кеше кешке Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында орын алған террордың басты айыпкерлері ретінде Тәжікстан азаматтары аталып жатыр. Бұл туралы Baza-телеграм ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еске сала кетейік, жұма күні кешке «Пикник» рок-тобының концерті басталар алдында камуфляж киген бірнеше адам 6200 орындық «Крокус Сити Холл» концерт залына сау етіп кіріп келіп, жан-жақтан автоматтан оқ жаудыра бастаған. Осы тұста жоғарыда жарылыс та болған. Сол мезетте алдымен – 40, кейін, 60 адамның жантәсілім еткені белгілі болды. Бірақ уақыт ұзаған сайын қаза тапқандар саны артып, соңғы мезетте 93-ке дейін жетті. Олардың 3-і балалар көрінеді.
Кешендегі дәретхананың өзінен 28 адамның өлі денесі табылған, сондай-ақ эвакуациялық тепкішекте 14 мәйіт жатқан.
Ал жалпы жарақат алғандар қатары 120 адам болғаны айтылуда.
Терроршылар оқиға орнына жедел жеткен РФ күштік құрылымдарына қарсы тұрып, біраз уақыт атысқан. Соңынан тверьлік нөмірі бар ақ түсті «Рено көлігіне мініп, шайқас болған жерден қашып шыққан.
Кейін аталмыш «Рено» түнде Брянск облысының Карачев ауданындағы Хацунь деревнясы маңында көзге түседі. Бірақ көлік құқық қорғаушылардың талабын тыңдамайды. Содан кейін полицейлер оның соңына түседі. Олар қашқындарға Беларусь пен Украинаның шекарасына жақын маңдағы Сураж ауданының Теплый кентінде қуып жетеді. Екі жақта атыс басталады. Оның барысында «Рено» аударылып қалады. Нәтижесінде бір терроршы қолға түседі. Алайда қалғандары қашып құтылады. Көп ұзамай екінші лаңкесті қолға түсірудің орайы келеді.
«Реноның» салонынан ПМ тапаншасы, АКМ автоматының магазині мен Тәжікстан азаматтарының паспорттары табылады.
Бүгін таңертең ФСБ директоры Александр Бортников Ресей президенті Владимир Путинге «Крокустегі» терактіге қатысы бар деген күдікпен 11 адамның ұсталғанын, олардың 4-і ықтимал терроршылар екенін баяндады. Қазір олармен тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілердің бірі өзінің 4 наурыз күні осы мақсат үшін Түркиядан ұшып келгенін мойындаған.
Осыдан кейін ықтимал лаңкестердің аты-жөндері Махмадрасул Насридинов (37-де), Ривожидин Исмонов (51-де), Шохинджон Сафолзода (21-де), Рустам Назаров (29-да) екендері жария етілді. Тексере келгенде, бәрі Тәжікстан азаматтары болып шықты. Олар Ресейдің Ярославль, Иваново және Самара облыстарында тіркелген екен. Алайда бұлардың қайсысы қолға түскендері әзірге белгісіз.
«Базаның» мәліметі бойынша, бұлардан басқа, Душанбе қаласының 19 жасар тұрғыны Мухаммадсобир Фаизов та қолға түскен. Алдын ала мәліметке қарағанда, күдікті сол көзінен жарақат алып қалған. Сондықтан ол бірден Брянск облысының ауруханасына жөнелтілген. Сонда көзіне ота жасалған.
Осы дүрбелең барысында түсініксіз оқиғалар да орын алып жатыр. Мәселен, полиция бағыттамасында суреті көрсетілген 29 жастағы Рустам Назаров өзінің терактіге қатысы жоқ екенін айтты. Ол кеше күні бойы Самарадағы үйінде туған-туыстарының ортасында болған. Қарындасы Парвина Рустамның өзімен және ата-анасымен бірге үйде отырып, кешкі ас ішкенін баяндайды. Өзінің рәсімін бүгін азанда бағыттамада көргеннен кейін Рустам мән-жайды анықтау үшін Самара полициясына келеді. Ол күдікті «Рено» көлігін екі жыл бұрын сатып жіберген екен. Мұны көршілері де куәландырды.
«Новая газета Европа» осы фактіні зерттей отырып, Рустамның аталмыш машинаны әйелінің інісіне сатып жібергенін айтқанын жазады. Ал қайнысы көлікті терактінің алдында ғана бір досының сұрап алғанын жеткізіпті.
Әзірге «Крокус Сити Холл» концерт залында тапқан 41 адамның аты-жөні белгілі болып отыр.