Тоқаев бүгін футболдан Қазақстан құрамасының Грекиямен ойынын көреді
АСТАНА. 21 наурыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін түнде Қазақстан құрамасының Грекиямен кездесуін көрушілер қатарынан табылады. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның жай-жапсарын Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде жазды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүздеген мың қазақстандықтар секілді бүгін түнде Қазақстан құрамасының Грекиямен өтетін матчын тамашалайды», – делінген хабарламада.
«Президент шын жүректен біздің жігіттерді қолдайды және жеңіс үшін қолдан келген барлық мүмкіндігін жасайтынына сенеді», – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, бүгін, 21 наурызда футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекиямен кездеседі. Матч Афина қаласының «Айя-София» стадионында ойналады.
Ұшырасуда Қазақстан ұлттық құрамасы Грекияны жеңер болса, Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазымен 26 наурыз күні Ұлттар лигасының финалында күш сынасып, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасын сарапқа салады.
Футболдан Еуропа чемпионаты 14 маусым – 14 шілде аралығында Германияда өтеді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитетінің президенті Геннадий Головкин бүгін Қазақстан құрамасын қолдау үшін Грекия байтағы – Афина қаласына ұшып барды.
Матч бүгін түнде Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады.
Ол 00:35 сағаттан бастап Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.