Сот Самат Әбішке не себепті шартты жаза берілгенін түсіндірді
АСТАНА. 21 наурыз. Сот Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің неге жеңіл жаза алғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Самат Әбішке билігін асыра пайдаланды деген айыппен үкім шығарды.
«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болған жарияланымдарға байланысты Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты билікті асыра пайдаланды деген айып тағылған Ә-ге қатысты қылмыстық іс (Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлігі) қаралғанын хабарлайды. «Құпия» белгісін ескере отырып, сот отырыстары жабық форматта өтті», – делінген хабарламада.
Сотта прокурор айыптауды қолдап, судьядан Самат Әбішті 10 жылға белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан және 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде жаза пробациялық бақылауды белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде айқындалады.
«Сотталушы кінәсін толық мойындады және өз ісіне өкінді. Сот үкімі бойынша, Самат Әбіш Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан және 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы шығарылды», – деп толықтырды сот.
Бұған дейін Ішкі істер министрі Самат Әбіштің шартты түрде сотталғанын растаған еді.
Самат Әбіш 1978 жылы 20 тамызда Алматы облысы Іле ауданында туған. Оның әкесі Сатыбалды Назарбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тетелес інісі. Саматтың өзінен үлкен ағасы Қайрат Сатыбалдының өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен сотталғаны белгілі. Ал Самат Әбіш 2000-2006 жылдары ҰҚК-де офицер қызметін атқарды. Одан кейін төраға орынбасары, Әділет министрлігі тіркеу қызметі комитетінің төрағасы және осы департаменттің жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. Ол 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылған еді.