Алматыда қазақ тілін «мәмбеттер тілі» деп келеке еткен корей қызы сотталды
АЛМАТЫ. 17 сәуір. Алматы соты әлеуметтік желіде қазақ тілін кемсітіп, қорлағаны үшін қала тұрғынын 2 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Ulysmedia.kz ақпарына сүйенген rast.kz қабылдайды.
Оқиға 2023 жылдың қазан айында болған. Қаланың 21 жастағы тұрғыны Элина Лю Тик-Токта тікелей эфирде отырғанда, жазылушылардың бірі одан ұлты, діні туралы сұрап, балағат аралас сөздермен қазақша сөйлеуді талап етеді. Бұған қыз қазақ тілін ұнатпайтынын айтып жауап қайтарады. Ол «ауылдан келген мәмбеттер ғана сөйлейтін балағат сөз» дегенді себеп етіп алға тартады. Бұған тағы Алматыдағы кептелістерге ауылдан шыққандарды кінәлі деп есептейді.
Жазба бірден кеңінен тарап кетті. Әлеуметтік желіні бақылайтын жедел уәкіл бұл видеодан ұлт аралық алауыздықты қоздыру белгілері бар деп тапқан.
Сарапшы Лю сөздерінде «қазақ ұлтының адамдарына төзбеушілік бар» және «қазақ ұлтын тілдік белгісі бойынша менсінбейді» деген қорытындыға келеді.
Сотта бойжеткен мемлекеттік тілді білмегендіктен, желі қолданушылары оның Қазақстаннан кетуін талап еткенін мәлімдеді. Сондықтан өзінің «арандатушылыққа бой алдырғанын» айтты. Сотталушы кінәсін мойындамады. Тек осы әрекеті арқылы өзіне жағымсыз пікір жазғандардың «намысына тигісі келгенін» баяндады. Ал «сүйкімсіз тіл» деп қазақ тіліндегі балағат сөздерді меңзегенін жеткізді.
«Сот Людің кінәсі дәлелденгені туралы қорытындыға келді: ол ұлтаралық алауыздықты қоздырумен, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаумен айналысты… Людің сөздері Қазақстан Республикасының азаматтарының азаматтық және саяси деструктивті көзқарастарын дамытады», – делінген үкімде.
Сот оны ұлттық араздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп тауып, 2 жыл ең төменгі қауіпсіздік колониясында отыру жазасына кесті. Сотталушы үкім оқылып болған бойда сот залында қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.