Таным

ЕЛТАҢБАНЫҢ ЕГЕСІ

Елтаңбаны өзгерту керек деген ұсынысқа қоғамдық пікірталас туып жатқанда, үнсіз қала алмадым. Елтаңба – ұлт тарихы, ел шежіресі. Елтаңбада ұлттық тарихымыздың, мәдениетіміздің, дәстүріміздің құндылықтарына қысқаша түсініктеме берілген. Елтаңбаның дүниеге келу тарихы, отыз жылдан астам даму жолдары жөнінде жазған дүнием көпшілікке ой салар.

Мақала елтаңбаның егесі, Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер одағының мүшесі Мәлібеков Жандарбек ағаның өз аузынан айтқан әңгіме желісінде жазылған.

ЕЛТАҢБА НАМЫСТАН ТУДЫ

Елтаңба Ташкентте, жат жерде жасалды, Қазақстанға келе жатыр. Бұл Елтаңба, Қазақ елі туралы не дейді? Авторы «Мен емес, Елтаңба сөйлеу керек» деп ойлайды. Елтаңба келе жатыр еліне. Өйткені елі тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік халқымызға шаттық әкелді, шабыт сыйлады. Біз боданды ел болудан құтылдық, дербес ел болдық, мемлекет болдық деген кезде ән де шығады, күй де шығады жыр да шығады, Ту да, Елтаңба да, Әнұран да дүниеге келеді. Елінің қуанышына сүйсініп, қайғысына күйінген халық қашанда іштегі запыранын рухани өнер арқылы сыртқа шығарып отырған.

Елтаңба қалай туды? Жат жерде жүрген Жандарбек тәуелді дегеннің не екендігін сезініп өсті. Мұны басына түскен жан түсіне алады. Сен сол елге тәуелдісің, қазақша сөйлей алмайсың, ана тіліңде өлең де айта алмайсың. Өзіңнің туған Отаның, елің тәуелсіздік алды дегенде кеудесін қуаныш кернеп, еліме титтей шапағатымды тигізсем деген намыс оты жалындап, жанын қоярға жер таппайды. Ұжымдағы мың жарым адамның ішіндегі жалғыз қазақ. Елтаңбаға байқау жарияланғанда алтын қолды сәулетші үлкен бір ұлы істі қолға алады. Пенопластан Елтаңбаның екі метрлік жобасын жасап, жолға шығады. Ол кезде «қазақтың өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі жоқ, көшпенділер» деген пікірді жиі еститін. Жандарбек болса, намысқа тырысып, қазақтың бар болмысын осы Елтаңба арқылы дәлелдегісі келеді.

Сонымен, Елтаңба жүк көлігінде келе жатыр. Астында үш матрас, үстінде үш матрас, ортасында пенопластан жасалған Елтаңба. Еліміздің Елтаңбасы елін сағынып келе жатыр. Аңсап келе жатыр. Жоғары Кеңес Сессиясында сыналатын сынаққа әкеле жатыр. Сонда көлік жүргізуші: «Мен қазақ халқының Елтаңбасын әкеле жатырмын. Маған біреу бір нәрсе дейтін болса, болмаса МАИ тоқтататын болса «Мен еліміздің елтаңбасын әкеле жатырмын деп айтамын» деп мақтаныш сезіммен рухтанып келеді. Ташкенттен Шымкентке жетті. Алматыға келіп, Парламенттің жертөлесіне әкеліп қойған Елтаңбаны және оны жасаған Жандарбекті көрген күзетшілер «Қазақстаннан адам табылмағандай, Елтаңбаны қайдағы бір өзбек әкеліпті» деп мысқылдайды. Бірақ жат жерден жеткен Жандарбектің бойында қазақтың қаны мен намысы ойнап тұрғанын олар қайдан білсін!

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ «ЖҰЛДЫЗЫҢ ЖАНСЫН!» ДЕП АЙТАДЫ

1992 жылдың 4 маусымы. Қазақстан Республикасының рәміздері талқыға түсетін Парламенттің ХІІ сессиясы. 293 үміткер бәйгеге түскен сайыста топ жарып шыққан Жандарбек Мәлібековтің Елтаңбасы халық қалаулыларының сынына ұшыраған. Депутаттар «киіз үй керек емес, ескі заманды бейнелейді» деп қарсылық білдіреді. Киіз үйдің киесі бар екен. Қазақ әдебиетінің классик жазушысы Әбіш Кекілбаев киіз үйдің тарихын, қасиетін жанын салып түсіндіргенде, Жандарбек жазушының жүрек ұстамасы ұстап қала ма деп қорқады. Әбіш ағаның сөзінен кейін жұрт киіз үйден жан-жақты хабардар болып, бір мәмілеге келеді. Екінші біреулері «көшпелі деген мағынаны білдіреді, елі жоқ, жұрты жоқ дейді» деп қошқар мүйізге шүйлікті. Елтаңбада қазіргі жұлдыздың орнында Күн, оның шетінде жарты ай, күннің ішінде бесбұрышты жұлдыз бейнеленген болатын. Қазақта «Айың тусын оңынан, жұлдызың тусын соңынан» деген тамаша сөз бар. Егемендік алып, жұлдызымыз туып отыр дегенді меңзейді. Күнді салғаны, біз-қазақ, Күн таңбалымыз. Әрбір рудың таңбасы болған. Қазақ деген халықтың таңбасы бар ма деп сұрағанда, көбісі біле бермейді. Қазақ халқының таңбасы Күн деп айтуымыз керек. Ра деген Күн деген сөз. Құранда Раббым деп келеді. Қазақ Күн шығып келе жатса, күнге сәлем берген. Халық қалаулылары Күн мен Айда исламның иісі шығады дейді. Жұлдызды Кеңес Одағының белгісі деп түсінді. Сөйтіп, қошқар мүйізді, Күнді, жұлдызды қабылдамады. Екі метрлік нобайы алмалы-салмалы яғни құрастырмалы еді. Дауысқа салғанда екі жақта (оң жағында және сол жағында) тұрған мониторда манағылардың бәрін алдырып тастап, дауысқа салды. Жандарбек ағаның сөзімен айтқанда, депутаттар «без звезды, без рога, без нога..» Елтаңбаға дауыс берді. Елтаңба қабылданды. Кейін Елбасымыз тұрып: «Қадірлі, депутаттар! Біз жас мемлекетпіз. Бес тармақты жұлдызды Кеңес одағының билігімен болмаса діни ұғыммен салыстыруға болмайды. Бес жұлдыз дінге дейін, Кеңес Одағына дейін болған. Біздің Қазақ халқы «Жұлдызың жансын!» деп айтады. Сондықтан, жас мемлекетіміздің өркендеуінің өз жолы бар» деп тоқ етерін айтады.

Сонымен, 17.24-те алғашқы нұсқасымен 266 депутаттың 237-нен дауыс алып, Елтаңба қабылданғанда елдің қуанышында шек болмайды, айқайлап, бөркін аспанға лақтырды десе болғандай. Өйткені, тұңғыш рет еліміздің елдігінің белгісін айғақтайтын Елтаңба қабылданды ғой.

1992 жылы 4-ші маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясында Президенттің және Үкімет басшыларының қатысуымен кешкі сағат 17. 20 минут кеткен кезде бір күнге жуық уақыт бойы талқыланған еліміздің рәміздері – Тәуелсіз Қазақстанның Ту, Елтаңба, Әнұранымыз бекітіліп, 1992 жылы 6 маусымда Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрында ресми тұсаукесері өтті.

ТҮСІНІКТЕМЕ КІТАБЫ ЖАЗЫЛДЫ

Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаға сипаттама берді. «Елтаңбаға өзгеріс енеді» деген алып қашпа сөзге автор «Мемлекеттік Елтаңба Қазақстан Республикасы Конституциясы заңнамаларымен бекітілген. Ешқандай өзгертілмейді. Тек қана Конституциялық жолмен өзгеруі мүмкін. Елтаңбаның пішіні мен түр-сипаты өзгермейді. Бірақ оның стандарттық үлгісі  болмағандықтан әрбір элементке атаулар беріп, соларды электрондық жүйеде жаңа технологияға ыңғайластырды», деп жауап берді.

Алғашқы жылдары Елтаңбаның эталондық үлгісі болмаған. Қазіргі кезде дұрыс жасалмаған мемлекеттік рәміздерді қолдану жағдайлары мен лицензиясы жоқ компаниялардың мемлекеттік рәміздерді дайындау фактілері орын алуда. Осыған байланысты, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының ұлттық стандарты ережелерін қайта қарастыру қажеттігі туындады. Уақыт алға жылжыған сайын, техника мен технология дамыған сайын елдік рәміздердің нақтылығы, жауапкершілігі артты. Мысалы, алғашқы Елтаңбаның эталондық үлгісін қоладан Алматы поршень зауытында құйған. 2007 жылы «Мекен» ЖШС компаниясы көмегімен компьютерлік әдіспен рәміздердің қазіргі стандарттық жүйесін жасауды қолға алады. Бұл жұмыс жеті жылға дейін созылды. 2014 жылы Мемлекеттік Елтаңбаның  жаңа стандарттық үлгісін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті СТ РК 989-2014 белгісімен бекітті. Ол 2016 жылы 1 қаңтардан бастап өндіріске жіберілді. Стандартта Елтаңба элементтеріне қазақша атау берілген. Мағынасы сипатталған. Өлшемдері электронды жүйеде жасалып, орындалу тәсілі қазіргі заманғы стандартқа сай жүзеге асырылған.

Елтаңбада екі түс бар: бірі – мемлекеттік тудың түсімен сәйкестенетін көк түс, екіншісі – компьютерлік графика арқылы жасалған алтын түс. Осылайша Мемлекеттік Елтаңбаның эталондық стандарт нұсқасы мазмұндық сипаттамасымен және графикалық өлшемдерімен нақтыланды.

Жандарбек Мәлібеков «Елтаңбада біздің қазақ халқының тұнып тұрған тарихы тұр. Бәрінің атаулары бар. Соны талдап, жіліктеп «Түсініктеме кітабын» жаздық. Түсініктемені мен өзім жазып кетпесем, ешкім «жеріне» жеткізіп, жаза алмайды деп ойлаймын», – дейді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ – нің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов:

– Жандарбек Мәлібеков 1992 жылы Елтаңба конкурсына 173-і болып тіркеледі.  Екі метр Елтаңбаның жобасын Ташкенттен «Камаз» көлігімен әкелді. Жалпы байқауға түскен 293 жұмыстан 1992 жылдың 4 маусымында кешкі сағат 17.00-де 10 жұмыс іріктелініп алынды. Елтаңбаға Жандарбек ағамыз өзі сипаттама, анықтама берген. Елтаңба –  елтану, жаратылыстану, мәдениеттану ілімдерімен және халықтың салт-дәстүрлерімен байланысты. Геометрия, симетрия, гармония бәрі де осында тұр. Бұл мемлекеттік Елтаңбада қазақтың сақ, ғұн, қыпшақ, Түркі қағанаты замандары, кешегі қазақ хандығы, бүгінгі қазақтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, бүкіл жүрегі, бәрі сөйлеп тұрғандай, –  дейді сөз өнерін зерттеуші ғалым.

Жандарбек Мәлібековтің «Қазақстан Елтаңбасы» кітабы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді. Қазақстанның кітапханаларына таратылады. Кітаптың тұсауын филология ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов пен шығыстанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Болат Көмеков кесті. Бұл кісілер осы шараға тікелей қатысты. Сейіт Қасқабасов сынды біртуар ғалымдар сол кезде Орталық Комитетте комиссия мүшелігінде болған.

Қысқасы, ҚР Жоғарғы Кеңесінде сынаққа түскен 293 Елтаңба ішінен таңдалып алынған еліміздің Елтаңбасы жарқырап алдымызда тұра бергені жөн!

Жұлдыз ТОЙБЕК,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

Суретте: Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жандарбек Мәлібековтің жаңа стандартты Елтаңбаның тұсаукесу сәтінен

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button